astana-view

Тәуекел түбі – желқайық

2016 жылғы 20 Маусым
- Қызылорда облысы
11753 просмотров

«Атамекен» кәсіпкер Ерлан Раимовты Қазақстанның кәсіпкерлік қоғамдастығын дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттады

ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҰКП-ның ІІІ Съезінде қызылордалық кәсіпкер, Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшесі Ерлан Раимовты Қазақстанның әлеуметтік дамуына және кәсіпкерлік қоғамдастығының нығаюына қосқан маңызды үлесі, таңдаған ісіне деген адалдығы, кәсібилігі үшін «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі, бүгінде аймаққа белгілі табысты кәсіпкер Ерлан Раимов кезінде анасы мен апалары секілді педагог болуды армандап, осы салада жоғары білім алады. Бірақ Кеңес Одағының тарауымен жас маманның өмірлік жоспарлары да өзгереді. Раимовтардың отбасында барлығы жұмыссыз қалып, отбасындағы оныншы – кенже бала ретінде Ерланға ата-анасын асырау қажет болды. Осылайша педагог боламын деген Ерлан Қаниұлы кәсібін қайта қарап, бизнеске келді.

Алғашқыда Ерлан орталық алаңда дүңгіршекті жалға алып, сусындар сата бастады. Одан кейін қарызға пайызымен алған ақшаға жақын шетелдерден тауарлар әкеліп сатты. Әрі қарай отбасымен ақылдаса отырып, тәуекелге барды. Бос тұрған бұрынғы АХАЖ (ЗАГС) орталығының ғимаратын жалға алып, жөндеуден өткізді, қажетті құралдарын алып, мейрамхана ашты. Атауын да, жұмыс бағытын да ұлттық нақышқа сай «Қыз Жібек» ұлттық мейрамханасы деп таңдады.

«Бұл уақыт инвестиция салу үшін қиын кезең болатын. Менің таныстарым мен жақындарымның арасында менің бұл бастамамды ессіздік деп қабылдағандары да болды. Бірақ сол кезде менде өзіме деген сенім болды. Бизнесімнің қалай дамитындығына қатысты нақты жоспарым болды. Мүмкін мұндай сенімді болуыма кәсіпкерлікті жүргізуге қатысты талай кітаптарды оқып, теория жүзінде дайын болғандығым көмегін тигізген болар», – дейді кәсіпкер.

Ерлан Қаниев мейрамхана бизнесін нөлден бастады. Оған кәсіпкерліктің қыр-сырымен: маркетингпен, тапсырыс берушілерімен жұмыс жасай білумен, калькуляциямен т.б. жаңадан танысуға тура келді. Мейрамхана ісінде ең бастысы – қонақтың көңілін табу, осы жерге қайта келуі үшін жағдай жасау. Ол үшін персоналдың кәсіби біліктілігі жоғары болуы керек. Ерлан Раимовтың да ұтқан жері осы. Ол ұдайы қызметкерлерін Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей, Германия сынды қызмет көрсету сапасы жақсы дамыған елдерге жіберіп, курстардан өткізеді, біліктілігін ұдайы арттырып отырады.  Өзі де шетелдерге барып, мейрамхана ісіне қатысты оң тәжірибелерді алуда. Нәтижесінде бүгінде «Қыз Жібекте» білікті, тату ұжым қалыптасты. Қызметкерлердің кейбіреулері мейрамхана ашылғаннан бері жұмыс істейді.

Айта кету керек, «Раим» ЖШС-нің директоры Ерлан Қаниұлы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің белсенді мүшесі. Ол Өңірлік кеңес құрылғалы бері, оның барлық отырысына тұрақты қатысып, әрдайым кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін жеткізіп отырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер