astana-view

Палата мен прокуратура күш қосқанда

2016 жылғы 21 Маусым
- Батыс Қазақстан облысы
8415 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан бастап прокуратура органдары кәсіпкерлер құқығын қорғаудағы басты серіктеске айналды

2014 басында бірлескен қызмет туралы қол қойылған меморандум жақсы нәтиже көрсетіп отыр

«Өңірлік палатаның құқықтық бөлім сарапшылары прокуратура органдарына жыл басынан бері прокуратураның араласуын қажет еткен бизнесмендердің 10 шағымын жолдады. Олардың 7-ін прокуратура органдары қолдап, оң шешімін тапты», – деді Өңірлік палата директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұржан Мақсотов.

Оның айтуынша, өңірлік палатаның прокуратура органдарымен бірлесе жасаған шараларының бірі өңірлік қоғамдық қорлар қызметін жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының жекеменшік кәсіпкерлік субъектілерінен демеушілік немесе өзге де қаржылық көмек алуда қандай да бір ықпалын анықтау болған.

Бірлескен жұмыстың нәтижесі бойынша Жанғалин ауданында әкімдіктің лауазымды тұлғаларының аудан кәсіпкерлерінен мәдени-бұқаралық шараларды өткізу үшін заңсыз ақшалай қаражат алу деректері анықталған.

Нақтырақ айтсақ, 2015 жыл бойы «Қамыс-Самар» қоғамдық қорының есепшотына кәсіпкерлік субъектілері түрлі мәдени-бұқаралық шаралар өткізу үшін 2 млн-нан астам теңге салған.

Сонымен бірге, «Қамыс-Самар» ҚҚ дербес шотын тексеру барысында шамамен 300 000 теңге ақшалай қаражатты қымқыру деректері анықталды.

Бүгінгі күні аталған қоғамдық қордың қызметі тоқтатылып, Әдеп жөніндегі кеңеске аудан әкімінің орынбасары мен аудан әкімдігінің салалық бөлімдерінің 2 басшысын мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарау ұсынысы тасталды.

2016 жылдың басынан бері прокуратура органдары өңірлік палатамен және аудандық филиалдармен бірлесе отырып, кәсіпкерлер құқықтарын қорғауға бағытталған 4 тексеріс жүргізіп, олардың барысында 48 заңбұзушылық анықталған. Оларды жою мақсатында 13 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп (2 наразылық, 11 ұсыныс), 13 тұлға түрлі жауапкершіліктерге тартылған (12 тәртіптік, 1 әкімшілік), 14 кәсіпкердің құқығы қорғалған.

«Бірлескен жұмыс облыстық, қалалық және аудандық деңгейде ұдайы жүргізіліп отырады, – деді Нұржан Мақсотов. – Мәселен, Тасқала ауданының жергілікті атқарушы органының лауазымды тұлғалары жалға берілетін жылжымайтын мүлік нысандарын жалға бергені үшін ұсынылатын төлем сомасын негізсіз көтеру арқылы кәсіпкерлердің құқықтарын бұзды. Қабылданған шаралар нәтижесінде кәсіпкерлер артық төлеген 593 450  теңге көлеміндегі жалға алу ақысы қайта есептелді».

Сондай-ақ, Нұржан Мақсотовтың айтуынша, жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы заңнаманы тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталып отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің 20.04.2007 жылғы бұйрығымен енгізілген Жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша байқаулар өткізуге жарияланған мораторий алып тасталғаннан кейін, 2015 жылдан бері өңірдегі құрылыс белсенді дамып, пайдалы қазбаларға деген сұраныстың артып отырғанына қарамастан, жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігінің салдарынан жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша бір де бір байқау ұйымдастырылмаған.

«Бұл жағдай көпшілікке таралған пайдалы қазбаларды заңсыз шығаруға қолайлы жағдайлар тудырып, осы саладағы кәсіпкерліктің дамуын тежейді», – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ, 2014 жылдың басында құрылған палата мен прокуратура органдары өкілдерінен тұратын мобильді топтар жұмысында да белгілі бір нәтижелер бар. Осы жылғы деректер бойынша мобильді топтарға кәсіпкерлерден мемлекеттік органдар мен ұйымдардың заңсыз әрекеттеріне қарсы 15 шағым келіп түскен, олардың 7-і расталып, олар бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Мәселен, 2015 жылдың аяғында Жәнібек ауданының мобильді тобына бекітілген ҚҚС бойынша есепке алу туралы өтініш беру мерзімін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 16,6 млн теңге көлеміндегі айыппұл төлеуге міндеттелген «Нығметов К.И.» ЖК жүгінген.

Аудан прокуратурасының араласуының арқасында мемлекеттік кірістер басқармасы шығарған қаулы заңға сәйкестендіріліп, айыппұл көлемі 29 мың теңгеге дейін азайған (әкімшілік құқық бұзу кезінде ӘҚКо 205-бабы 3-бөліміне сәйкес санкция 15 АЕК-ке тең болған).

«Прокуратура органдары – біздің стратегиялық серістесіміз. Аталған деректер кәсіпкерлер құқықтары мен мүдделерін қорғауда атқарып отырған қыруар жұмыстың азғантай ғана бөлігі. Келіп түскен барлық шағымдар, жүйелі мәселелер, әкімшілік кедергілер бойынша біз прокуратура органдарын ұдайы құлақтандырып, өз ұстанымызды білдіреміз. Айта кету керек, прокуратура органдары көп жағдайда Палата пікірін қолдап, прокурорлық ықпал ету шараларын қолданып жатады», – деп қорытындылады Нұржан Мақсотов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер