astana-view

Жастарға озық тәжірибе

2016 жылғы 22 Маусым
- Астана қаласы
7827 просмотров

Астанадағы үш колледждің студенттері «Астана экономикалық форумы 2016» шарасына қызмет етуге қатысқаны үшін «Комфорт отель» қонақ үйі басшылығының сертификаттары мен алғыс хаттарына ие болды 

«Комфорт отель» қонақ үйі директорының орынбасары Жадыра Өмірзақованың айтуынша, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы көмегінің арқасында елордалық білім мекемелерімен тығыз байланыс орнатылды. Колледждің студенттері оның негізінде іс-тәжірибе өтеді, іс-шараларға қызмет етуге қатысады, ал бұл жолы бірінші рет «Астана экономикалық форумы» атты ірі іс-шараға тартылды.  

«Шараға қызмет етуге 170-ке жуық  қызметкерлер тартылды, олардың 60-ы Астана қаласындағы үш колледждің  студенттері, біз  олармен тығыз жұмыс жасаймыз. Олар – Тамақ өндірісі экономикасы, технологиясы және стандарттау колледжі, Көп бейінді колледж бен Менеджмент және бизнес колледжі. Балалар бізге көп көмек жасады, өздері де жақсы тәжірибе алды.  Форумның екі жұмыс күнінде 12 мың адамға қызмет көрсеттік» , – дейді Жадыра Өмірзақова.

«Комфорт отель» студенттерге арнап алдын-ала оқу тренингтерін өткізді,  өйткені АЭФ-тың ұйымдастырушыларға қоятын талаптары өте жоғары еді. Балалардың негізгі бөлігі залда қызмет етуге жұмылдырылды, ал кейбірі ас бөлмеде аспаз болды. Барлығының еңбегі жанып, ұйымдастырушылар мен форум қонақтарынан жылы пікірлер естіді. 

«Іс-шараны ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін «Комфорт отель»  қонақ үйіне арнайы сертификат табыс етілді. Бүгін біз студенттерге алғыс айтып, «Комфорт отель» атынан  сертификаттар тапсырғымыз келеді. Сонымен бірге ынтымақтастығымыздың табысты болуына атсалысқан, қала ұйымдары мен білім мекемелері арасындағы дәнекер болып табылатын Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасына да зор алғыс», – деді Жадыра Өмірзақова.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Болат Нұрпейісов Палата кәсіби оқу сапасын арттыру және қала жұмыс берушілерінің білікті кадрларға сұранысын қанағаттандыру үшін әрдайым қолдау көрсетуге әзір екендігін айтып ізгі лебізін білдірді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер