astana-view

Бизнеске қажетті байланыстар

2016 жылғы 22 Маусым
- Қостанай облысы
9225 просмотров

Қостанай кәсіпорындарында өнімділікті арттыруға ынталандыратын еңбек тәртібінің германиялық тәсілдері пайда болуы мүмкін

Бизнесті жүргізудің шетелдік тәжірибесін кәсіпкерлер «Іскерлік байланыстар» жобасы шеңберінде үйреніп келген болатын. Биыл жобаға қатысқандардың бірі Лисаковск қаласының тұрғыны, «Север-Комбинат» ЖШС атқарушы директоры Әнуар Түлекпаев болды. Жалпы өлшеммен қарағанда шағын ғана саналатын компания макулатураны қайта өңдеумен айналысады және кез келген фирма секілді кеңеюді және жаңаруды көздеп отыр.

Кәсіпкер Германияда баруға тұрарлық салалық кәсіпорындар шеңберін өз бетінше анықтаған. Олардың бірі – Зиген қаласында орналасқан, картон мен қағаз өнімдерін, нақтырақ айтсақ, гофрокартон мен гофроқорап өндіруге арналған жабдықтар шығарумен айналысатын «MacKenzie GmbH» фирмасы. Лисаковск бизнесменіне қатты әсер еткені еуропалық машиналардың өнімділігі болды.

«Бір машина сағатына 1800 шаршы метр өнім шығарады. Әлбетте, ол қымбат тұрады және үлкен көлемдерге шақталған, десек те болашақта мұндай агрегат алғым келеді, сондықтан біз зауыт басшыларымен байланыс орнаттық. Әрине, сапардың басты нәтижесі – өндіріс технологияларына, дәл осы бизнесті Германияда жүргізу ерекшелігіне қатысты жинақтаған тәжірибе мен білім. Бұл көзқарас тұрғысынан қарасақ, сапар өте өнімді болды», – дейді Әнуар Түлекпаев.

Жоба шеңберінде кәсіпкер Ганновер, Гамбург, Дюссельдроф, Хаген сияқты тағы да бірқатар қалалар мен ондағы компанияларды аралады. «Wolksvagen» зауытының концернінде, «Lufthanza Technik» әуе зауытында,  «Hannover Messe-2016» мамандандырылған көрмесінде болды. Әйгілі «Senheiser» маркасының аудиотауарлар өнімдерімен танысты. Фирма әншілер мен музыкасүйер қауым арасында премиум тобындағы микрофондар мен құлаққаптар шығаруымен танымал.

«Маған олардың қызметкерлерді ынталандыру жүйесі қатты ұнады. Ол жақта барлық жерде өндіріс озаттары, жоспарларды орындауы, белгілі бір уақыт аралығында кім қандай жұмыс жасағаны туралы, кімнің көрсеткіштерін арттыру керек екені және басқа да ақпараттар жазылған тақталар ілініп тұрады. Бізде, Кеңес үкіметі кезінде, осыған ұқсас дүниелер болды, бірақ оларда ақпарат күнделікті ауысып отырады және оны қызметкерлер жөніндегі арнайы бөлім бақылап отырады. Былай қарасаң ұсақ-түйек болып көрінгенімен, сайыс рухы бар, ал қызметкерлер үшін нәтижелі жұмыс жасау пайдалы. Мен бұл тәжірибені  өзіме түртіп алып, кәсіпорнымызға енгізуді жоспарлап отырмын», – дейді  Әнуар Түлекпаев. «Іскерлік байланыстар» жобасы «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасының шеңберінде шетел тәжірибесіне сүйене отырып, өз өндірісін жаңартуды, жаңа технологиялар енгізуді немесе қызметкерлер жұмысын жетілдіруді  көздейтін кәсіпкерлерге арналған. Биыл Қостанай облысынан Германияға екі компанияның өкілдері барды, тағы 33 адам оқуға өтінім берген. Оқудан кейін шетелге баратындар іріктелетін болады.

«Негізгі мақсат – шетел инвесторларымен ынтымақтасу, жаңа технологияларға немесе бірлескен жаңа өндіріс орнын ашу грантына арналған келісім-шарттар жасау. Оқыту мен тағылымдама тегін жүзеге асады, бастысы – әлеуетті серіктестер мен жеткізушілер туралы ақпаратқа ие болу», – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Айгүл Есентемір.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер