astana-view

Шаруа еңбегімен қадірлі

2016 жылғы 28 Маусым
- Павлодар облысы
12338 просмотров

15 жыл бұрын құрылған «Ақжар Өндіріс» агрофирмасы» ЖШС Павлодар облысынан тыс өңірлерде де танымал

Өнімдерінің сапасына қойылатын жоғары стандарттар мен талаптардың арқасында фирма жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген.

2015 жылы «Ақжар Өндіріс» агрофирмасы» ЖШС Қазақстан Республикасының «Алтын сапа» байқауы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысқан. Өңірлік іріктеу кезінде фирма «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша 2-орынды иеленген.

Ауылшаруашылық кәсіпорыны қол жеткізген жетістіктерге жету үшін көп еңбек етті.

Фирма қиын кезеңде бұрынғы «Ақжар» кеңшары базасында құрылған. Ол кездері шаруалар күрделі кезеңді бастан кешіріп, шаруашылық несие берушілерге қарыз болып, кеңшар жұмысшылары көп уақыт бойы жалақысын ала алмады.

Ал мал басы болса, сол, көбеймеген қалпында қалған.

Білікті шаруа Айтмұхамбет Қожабеков іске кіріспегенде, кеңшардың бұдан кейінгі тағдыры қалай болары белгісіз еді.

Осы кезден бастап қожалық жандана бастады. Аз уақыт ішінде барлық қарыздардан құтылып, кеңшар жауапкершілігі шектеулі бірлестік дәрежесін алды.

Фирма осы жылдар ішінде кезінде мықты болған ауылшаруашылық кәсіпорнын қалпына келтіріп қана қоймай, қызмет аясын кеңейте алды. Мамандар мен жұмысшылардың негізгі құрамы сақталып қалып, әлі күнге дейін осында еңбек етіп отырғаны көңіл қуантады.

Кәсіпорын басшысы Гүлзира Қазылова ауыл шаруашылығының дамуымен және болашаққа жасаған жоспарларымен бөлісті.

– Гүлзира Абзалқызы, Сіздің кәсіпорныңыз неге маманданғанына және фирманың құрылғалы бергі тарихына тоқталсақ.

  • Алғашқыда фирма қызметінің басты міндеті мал басын арттыру болды. Қожалық асыл тұқымды қылшық жүнді қазақ қойларын өсірумен айналысты. Асыл тұқымды қошқарларды басқа өңірлерден әкелетінбіз.

Біздің мақтанышымыз – «Джабе» тұқымды жылқылар, біз жылқы зауыты дәрежесіне иеміз. Бұл тұқым Қазақстанның Мұғалжар және Құланды жылқы зауыттарынан әкелінген таңдаулы айғырлар мен биелерден 80-жылдары алынған. Біз оларды 5 жылда бір рет әкеліп отырамыз, шілде айында Ақтөбе облысынан асыл тұқымды жылқыларды әкелуді көздеп отырмыз. Жайылымдарда жылқы табындарымен және қой отарларымен қатар тау-алтайлық ешкілер де бар. Оларды 2006 жылы Алтайдан әкелгенбіз. Олар үйренісіп, жайылымдар мен суаттарға бейімделіп, жақсы көбейіп келеді. Бұл малдардың еті диеталық, ешкілердегі басты нәрсе, оның еті емес, жүні. Аты әлемге әйгілі оренбург шәлілерін дәл осы алтай ешкілерінің жүнінен тоқиды.  Мұндай ешкілерді республикада әзірге біз ғана өсіреміз.

Осылайша, біз мал шаруашылығының барлық бағыттары бойынша асыл тұқымды қожалық дәрежесіне ие болып отырмыз.

– Негізгі өндірісті іске қосқаннан кейін тағы қандай жаңалықтар мен жұмыстар атқарылды?

– Мал басының саны тиісті деңгейге жеткен кезде кәсіпорынды қарқынды дамыту басталды. Біз ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді қолға алдық.

Консерв банкілерін дайындау, ет консервілерін өндіру, былғары шикізатын қайта өңдеу цехтары мен тігін цехы ашылды.

Сонымен бірге, бұрынғы шұжық цехының ғимаратын сатып алып, мал сою пунктін аштық.

2010 жылдан бері 200 сауын биеге шақталған қымыз фермасы жұмыс жасап келеді. Қымызға деген сұраныс жылдан жылға артып келетіні қуантады.

Бүгінгі күні біздің кәсіпорын қызметінің негізгі кәсібі асыл тұқымды мал шаруашылығы, ал басым бағыттары – ет консервілерін шығару, бөтелкемен сатылатын табиғи қымыз өндіру.

– Қандай жаңа бағыттарды дамытуды жоспарлап отырсыздар?

– Суару – бұл малды өз жем-шөбіңмен толыққанды қамтамасыз ету мақсатында жем өндіруге бағытталған шаруашылық инфрақұрылымын дамытудың бірінші бағыты. Бұл мақсаттар үшін компания Қазақстанда шығарылған тәжірибелік үлгідегі тұтас жаңбырлы қондырғыны сатып алуда, тамыз айында оны сынамадан өткіземіз.

Болашақта қымызбен емдеу орнын салу, ауыл туризмі негізінде демалысты ұйымдастыру және жаңа сауылған саумалмен емдеуді қолға алу көзделіп отыр, сонымен бірге сүт және ірімшік өндірісін қолға алу үшін ешкілер сауынын ұйымдастыру жоспарда бар.

– Өнім сапасына қойылатын қатаң талаптарды есепке алсақ, бұл мәселе өндірісте қалай қадағаланады?

– Сапаны бақылау технологиялық процесстің әр кезеңінде жүзеге асырылады. Барлық өнімдеріміз ГОСТ стандарттарына сай келеді, онда өнім сапасы мен дәміне кепілдік беретін қоспалардың оңтайлы теңгерімі қарастырылған.

Біз консервтік банкалар өндірісіне жоғары сапалы алюминий лентасын пайдаланамыз, бұл өнімді сақтау мерзімін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, біздің барлық өнімдеріміз «ЭКО»  – экокологиялық таза өнім стандарттарына сәйкес келеді, «Халал» сертификатымыз бар.

Өндірісіміз толықтай шикізаттық базаға негізделгенін де үлкен жетістік деп санаймын. Сапалы шикізат – бұл өндіріс іргетасы деп санаймын.

Мұның барлығы өндірілетін тауардың жоғары деңгейін және тұтынушылар арасындағы танымалдылықты қамтамасыз етеді.

Біздің тауарды тек Павлодар облысы тұрғындары ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның барлы өңірлері біледі, сонымен бірге компания өз өнімін Мәскеуге де жеткізеді.

2015 жылы біз «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысқанбыз. Өңірлік деңгейде «Үздік азық-түлік тауары» номинациясы бойынша 2-орынға ие болдық. Мұнымен шектелмейміз деп санаймын.

Біз тұрақты түрде өз өндірісімізді дамытып келеміз, сонымен бірге қызмет аясын одан ары дамыту және кеңейту перпсективаларына иеміз. Биыл да біз қатысуға өтінім бердік.

– Мұндай байқауларға қатысып көрмеген фирмаларға қандай тілек айтар едіңіз?

– Кез келген бизнес-идеяны жүзеге асырудың маңызды құрамдастарының бірі – тауар сапасы деп ойлаймын. Жоба немесе қызметті жай ғана жүзеге асыру жеткіліксіз. Егер сіз тауар сапасын қамтамасыз етпесеңіз, онда кіріс те болмайды. Бір-ақ нәрсе тілеймін: өз қызметі барысында «Әрдайым алға ұмтылыңыз, бедел – бизнестегі ең басты нәрсе» қағидасын ұстануды. «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатысу өзіңді танытудың, бизнес-серіктестермен танысудың, сонымен бірге өткізу нарықтарын жолға қоюдың мүмкіндігі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер