astana-view

Қос аймақ бизнесмендері күш біріктіреді

2016 жылғы 29 Маусым
- Маңғыстау облысы
16378 просмотров

Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облысы өңіраралық кооперация туралы келісімге келді

Өңіраралық кооперация мәселелерін талқылау үшін Ақтауға Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастаған делегация келді.

Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Олжас Қаржауов қонақтарды «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен таныстырып, орталықта көрсетілетін негізгі қызмет түрлері, сондай-ақ кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсетудегі болашақ жоспарлары туралы айтып берді.

Кездесуді ашқан Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаев өңірдің экономикалық жағдайын сипаттап берді және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістерді атап өтті. Ол Каспий теңізінің Ақтау, Құрық және Баутино теңіз порттарын, Жезқазған–Бейнеу мен Өзен–Түркменістанмен мемлекеттік шекара темір жол желілерін Маңғыстаудың көліктік-логистикалық әлеуетін арттыруға ықпал ететін факторлар ретінде ерекше атап өтті.

БҚО ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының басшылары қонақтарға өздерінің өндірістерін, атап айтсақ, «ЗенитТехСервис» ЖШС (машина жасау), «Топан» ЖШС (күйдіргіш сода өндірісі), «БатысМаркаЛамб» ЖШС (азық-түлік өнеркәсібі) және «Батыс Азық-түлік» ЖШС-ларын (кондитерлік өнімдер өндірісі) таныстырды.

Маңғыстау облысының экономикалық әлеуеті мен шетелдік капиталға арналған өңірдің инвестициялық тартымдылығы туралы «Маңғыстау» КҚО» ЖШС инвесторламен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы Айнұр Тұмышева айтып берді.

«Ақтау Теңіз Порты АЭА» АҚ басқарма төрағасы Әмірбек Төлегенов арнайы экономикалық аймақта өндірісін жандандырып отырған кәсіпорындарға берілетін артықшылықтар мен келетін пайда туралы түсіндіріп өтті.

Батыстағы қос облыстың басшылары мен бизнесмендерінің кездесуі нәтижелі аяқталып, облыстық әкімдіктер арасында, БҚО әкімдігі мен «Каспий ӘКК» АҚ арасында, сондай-ақ «Топан» ЖШС мен «Ақтау Теңіз Порты АЭА» АҚ арасында өзара түсіністік және әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылды.

«Әкімдіктердің, жекелеген кәсіпорындардың және жалпы алғанда Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарының бизнес-қауымдастықтарының арасындағы кооперация өңір экономикасына оң әсер ететіндігіне сенімдімін», – деп өз ойымен бөлісті О.Қаржауов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер