astana-view

Теміржолда туындаған жанжал

2016 жылғы 30 Маусым
- Алматы қаласы
6780 просмотров

Алматыдағы вокзал жанындағы дүңгіршектерді жалға алушылар заңсыз алым-салықтарға шағымданды

Алматы Кәсіпкерлер палатасына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Кеңес Әбсаттаровтан «Вокзал-Сервис» АҚ-нан дүңгіршектерді жалға алатын кәсіпкерлерден түскен ұжымдық шағым туралы хат келді. Шағымда көрсетілгендей, жалға алу ақысы үшін төленетін төлемақының үстінен алым-салық жинау вокзалда әдетке айналған және бұл әкімшілікке жаңа тұлғалар – директор Э.Шынтековтің, директордың орынбасары Д.Сариевтің және  инженер Б.Ақпановтың келгеннен кейін басталған. Кәсіпкерлер тобы өздерінің шағымына бопсалаушылықтың нақты сомасы және «қорқытудың» сызбасы көрсетілген «тізімді» қоса тіркеген, аудиожазба да бар, бірақ тергеу амалдарының мүддесіне орай жариялануға жатпайды. Бизнесмендердің  бұл проблемасы Алматы қ. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысы барысында талқылауға шығарылды.

«Орындарды қайта сату былайша жүргізіледі, – деп зардап шеккен кәсіпкерлердің бірі Роман Нигматуллин істің жай-жапсарын айтты. – Алдымен адамға жақсы орынды 5 мың долларға сатады, бірақ ол ақшаны өз қалталарына салады. Біраз уақыт өткен соң дәл осы орынды басқа адамға тағы да 5 мың долларға сатады. Осылайша, бір орынды бірнеше адамға бірнеше рет қайта сатудың айласын тапқан. Ай сайын әрбір орыннан бір жылға бекітілген жалға алу ақысынан тыс, тағы да 200 доллардан жинайды. Мұндай қарақшылық тәртіпке қарсылық танытатындар үшін бұл айлакерлер «қорқытудың» мынадай сызбасын ойлап тапқан. Шынтековтің бұйрығымен комиссия құрылады, ол жалгерге келіп, орын алған бұзушылықтар туралы актіге қол қоюды ұсынады. Әлбетте, жалгер бұл актіге қол қоюдан бас тартады, содан кейін жалгердің қол қоюдан бас тартқанын комиссия тіркеп қояды және  жалға алу келісімшартын мерзімінен бұрын бұзу жөніндегі құжаттарды дайындау басталады. Сонымен қатар жалгерге СЭС, өрт қауіпсіздігі, салық қызметкерлері және тағы басқаларды айдап салады. Ал, бұған дейін ол орынды ақшаға сатып алғаны ескерілмейді де!».

«Вокзал-сервис» АҚ өкілі Анатолий Киселевтің пікірінше, мәселенің мәнісі басқада. «Бұл кәсіпкерлердің бәрі Алматы-1 вокзалының жанындағы алаңда орналасқан. Қала әкімдігі Алматы-1 вокзалының маңын сауда объектілерінен тазарту туралы шешім қабылдағаны осында отырған қатысушылардың басым көпшілігіне мәлім. Біз аталған тапсырманы орындау жұмыстарын  бастадық: жалгерлерге өз орындарын босату туралы ескертпелер жолданды. Сондай-ақ, оларға вокзалдың өзіндегі, жәрмеңкелер мен қала базарларындағы алаңдар ұсынылды. Біз қазір жалгерлердің түрлі сылтаумен өз орындарында қалғылары келетінін түсінеміз. Міне, бұл шағым – аталған шаралардың әсері», – деп баяндады А.Киселев. Алайда, көшірілуі тиіс орындардан не үшін жалға алу ақысы  жиналады деген қисынды сұраққа Киселев жауап бере алмады.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаумен көлік прокуратурасы айналысуда. «Вокзал-Сервис» АҚ басшылығы тарапынан сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар фактісі бойынша аталмыш шағым Алматы қ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының департаментіне жолданды, сот тексеруінің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Осы факті бойынша тексеру жүргізілуде, өкілетті органдарға сауалдар жіберілді», – деп түсіндірді Жетісу көлік прокуратурасының прокуроры Темірлан Сәбитов. Мәселе толық шешілгенге дейін Палатаның бақылауында болады.

Кеңес аясында кәсіпкерлердің басқа да жүйелік проблемалары талқыланды: «Trademarket» ЖШС-ның шағымы бойынша жарнамаға заңсыз салық алу туралы; «Global Services International» ЖШС-нің шағымы бойынша Алматы қ. МКД Экономикалық тексерулер қызметкерінің құқыққа қайшы әрекеттері туралы мәселелер.

Шара нәтижелері бойынша материалдарды процессуалдық шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жолдау жөнінде шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер