astana-view

Боулингтің ойнау құны...

2016 жылғы 30 Маусым
- Астана қаласы
10723 просмотров

Елордадағы боулинг-клубтар астаналық Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұруда

Бизнесмендердің ұжымдық өтініші Ирак Елекеевтің төрағалық етуімен өткен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің отырысы аясында қаралды.

Отырыс барысында кәсіпкерлер бүгінгі күні боулингтің бір ойын жолағына ай сайынғы салық 72 АЕК-ті құрайтынын айтты. Жылына боулингтің бір жолағынан 864 АЕК төлеу қажет, биылғы жылы бұл 1,8 млн теңгеден асады. Бірнеше жолақ болса, салық сомасы соған сәйкес өсе түседі.

Кәсіпкерлер тиянақталған салықтың бекітілген мөлшерлемесі шамадан тыс жоғары қойылған және аталған қызмет саласының дамуына мүмкіндік бермей отыр деп есептейді.

Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әлібек Қабдуақасов Салық кодексі аясында тиянақталған салықтың ең төменгі базалық мөлшерлемесі 5 АЕК-ті құрайды деп түсіндірді, ал ең жоғарысы – 83 АЕК. Бекітілген базалық мөлшерлемелер шегінде жергілікті өкілдік органдары бір әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жұмыс істейтін барлық салық төлеушілер үшін тиянақталған салықтың бірыңғай мөлшерлемесін тағайындайды.

«Еліміздің басқа өңірлеріндегі тиянақталған салық мөлшерлемелеріне сараптама жасау Астанада оның ең жоғары екенін көрсетті. Айталық, Алматыда боулингтің бір жолағына салық 45 АЕК-ті құрайды, Ақтауда – 25 АЕК, Атырауда – 19 АЕК, Екібастұзда – 9 АЕК, Шымкентте – 25 АЕК. Сонымен бірге, кәсіпкерлер бүкіл құрал-жабдықты, шығын материалдарын және қосалқы бөлшектерді алыс шетелдерден сатып алатынын ескеру қажет, бұл ретте олардың құны тиянақталған салық мөлшерлемесінен ондаған есе асып кетеді. Сондықтан, ТМД елдерінің заңнамаларында мұндай боулингке тиянақталған салық мөлшерлемесін қолдану тәжірибесі жоқ екенін назарға алуды сұраймыз.  Мысалы, Ресейде боулингке табыс салығы – 13%, Беларусьте – 5%, Өзбекстанда – 6%, Қырғызстанда – 20% мөлшерінде қолданылады», – деді Әлібек Қабдуақасов Кеңес мүшелеріне.

Ол Кеңес мүшелерінен болулингтегі ойын жолақтарына арналған тиянақталған салықтың бекітілген мөлшерлемесін Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларындағыдай азайтылған мөлшерде қайта қарауды сұрап, Астана қаласының мәслихатына және мемлекеттік кіріс департаментіне, бюджеттік жоспарлау және экономика басқармасына, кәсіпкерлік басқармасына хатпен шығуды өтінді. 

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Ирак Елекеев спорттың жақсы бір түрі және жастарға арналған ойын-сауық ретінде боулингтің маңызын атап айтты.

«Сол себепті, егер Кеңес мүшелері қарсы болмаса, онда кәсіпкерлік қызметтің жақсы бір бағытын қолдау үшін хатпен шығатын боламыз», – деді Ирак Елекеев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер