Болат Палымбетов: «Бізде бизнес жан-жақты және ол мұнай мен газға тәуелді емес»
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасында өңір кәсіпкерлерімен өткен есеп беру кездесуінде оларды белсендірек болуға шақырды
Тараздық кәсіпкерлермен кездескен бизнес-омбудсмен олардың өзекті мәселелеріне құлақ түрді. Кездесу сәтін оңтайлы пайдаланған жергілікті саудагерлер бизнес қорғаушыларына тиімді әрі табысты жұмыс істеулеріне кедергі келтіретін жағдайларды айтып берді.
Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова олардың сөздерін растап, өңірлік бизнестің дамуын тежеп отырған әкімшілік кедергілер жайын сөз етті.
«Есеп беру мерзімінде Кәсіпкерлер палатасына құқықтық мәселелер бойынша 90 өтініш келіп түсті. Былтырғы жылы дәл сол мерзімде 68 өтініш тіркелген. 2,5 жылдың ішінде Палатаға 531 өтініш келіп түсті», – деп мәлімдеді ӨКП басшысы. Ол сондай-ақ Палатаның 3,913 миллиард теңге сомасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғағандығын да айтып өтті.
Бизнестің инвестициялық жобаларына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау турасында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков айтты. Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бес жылдығында жалпы сомасы 123,3 миллиард теңге болатын 33 нивестициялық жоба жүзеге асырылған. Екінші бес жылдық шеңберінде облыста 555,3 млрд теңге сомасында 27 жоба жүзеге асырылмақ.
Тараздық кәсіпкерлердің мәселелері мен армандарын тыңдап алған Болат Палымбетов «жамбылдық бизнесмендердің бірегей» екендігін атап өтті.
«Бізде бизнес жан-жақты әрі ол мұнай мен газға тәуелді емес, – деді Болат Палымбетов. – Бүгін сіздер жай ғана алға шығуларыңыз қажет».
Бизнесмендер бизнес-омбудсмендерге сұрақтарын қойып, түйіткілді мәселелерімен бөлісті. Мәселен, құрылыспен айналысатын компания басшылығы өз жағдайларын сөз етті. Олар аукционда толық бітпеген ғимаратты сатып алып, енді салымшылардың алдында алдыңғы құрылысшылардың мінддеттемелері үшін жауап беруге мәжбүр. Балаларға арналған былғары аяқ киім шығаратын бизнесмен ауыл кәсіпкерлеріне несиелердің қол жетімсіздігін сөз етті.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов барлық мәселелерді бақылауына алып, оларды жергілікті атқарушы және құқық қорғаушы органдармен бірлесіп шешуге кеңес берді. Ол Астанаға жететін мәселелер мен сұрақтардың 90%-ын жергілікті жерлерде шешуге болатынын баса айтты.
Есеп беру кездесуінің соңында бизнес-омбудсмен бизнестің жүйелі мәселелері мен құқықтарының бұзылуына қатысты кәсіпкерлерді жеке қабылдады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: