astana-view

Бизнесте шекара жоқ

2016 жылғы 01 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
9221 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы Шығыс Қазақстандағы екі арудың арманын орындады 

Өмір жолы қиын болғанына қарамастан, рухы мықты екі қыз тағдырдың басқа салғанын қайсарлықпен көтеріп жүр.  

Әңгімеміз кес-кестеген кедергіден қаймықпай, бизнестегі өз жолын батыл бастаған, мүмкіндігі шектеулі жандар жайлы.

Жанна Жәбекова осыдан біраз жыл бұрын  жол апатына  ұшырап, мүгедектер арбасына таңылды, өмірді «соған дейін» және «содан соң» деп  екіге бөлуге мәжбүр болды. Қиыншылық қыздың қажыр-қайратын жасыта алмады, ол өзін шығармашылық әлемінен іздеді. Дизайнер мамандығын алған Жанна өз қабілетіне сай кәсіп іздеп барлық интернет-ресурстарға көз жүгіртіп, ойша  шарлай бастады. Оны ақыры тапты-ау, қолы боста айналысатын, жанына жаққан іс – жұмсақ ойыншықтар тігу, себет тоқу  екен, келе-келе моншақ тізді.

«Әу баста бұйым сату деген ой болмады, мұндайды онша ұнатпайтынмын. Ойыншықтарды достарыма, туған-туыстарыма сыйладым, шынында айтқанда, бұл іспен іш пысқан соң шұғылдандым. Бірақ маған жөн сілтеушілер көбейді, әлеуметтік желілерге бұйымдарымды қоя бастадым», – дейді Жанна. 

Қазір ісмер қыз сүйікті ісін толыққанды бизнеске айналдырмақшы.

«Жаннаны біз ғана емес, бүкіл Қазақстан біледі, өйткені ол өз мақсатына жетуге табандылықпен ұмтылатын қажырлы  жан», – дейді ШҚО КП Көкпекті ауданы филиалы директоры Әлия Мұқашева.

Жанна кәсіпкерлер палатасының көмегімен бизнес-оқу курсынан өтіп,  сертификат алды. Палата қызметкерлері бизнес-жоспар жасады. Кейде аяқ-қолы балғадай жандар да атқара алмайтын жұмысты жасаған  Жанна  бүгінгі таңда сүйікті ісін толымды бизнеске айналдыруға  мүмкіндік беретін 3 млн теңге  сомасында тегін  грант ұтып алды.  

«Кәсіпкерлер палатасына, әсіресе Әлия Орынбекқызына рахмет, маған сенім білдіргендері үшін ақ алғысымды білдіремін, сенімдерін ақтауға тырысамын», –деп әсерімен  бөлісті Жанна. 

Жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы дақылдарының сан түрлерін өсіру өте ұтымды, пайдалы бизнес болып табылады. Жемістер мен көкөністер – әр адамның күнделікті тағамындағы өзгеше өнімдер.

«Жылыжайларда  көкөніс өсіру жылдан жылға өркендеп келеді.  Осы тәсілмен қызанақ, қияр, баялды, жапырақ салаттар, түрлі дақылдар өсірілуде. Жылыжайларда көкөніспен қатар жидек, құлпынай, гүл және безендіру өсімдіктері де құлпырады.   Бұл бизнес жайқалған өсімдіктерді дұрыс баптап-күте білсе, орасан пайда әкеледі», – дейді грант иесі, болашағы жарқын кәсіпкер Анар Құсайынова.

Анар Құсайынова шектеулі мүмкіндіктеріне қарамастан, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының жәрдемімен бизнес оқуын оқыды, сертификат алды, Палата қызметкерлері бизнес-жоспар жасады.  Жұмысқа ынты-шынтысымен кіріскен ол өз мақсатына жетті де, 3 миллион теңге сомасындағы грантты жеңіп алды.

«Мен мемлекетке дән ризамын, мұндай бағдарламалар бізді шектемейді, шыңдайды, Кәсіпкерлер палатасына рахмет айтамын, олардың көмегінсіз осындай нәтижелерге жете алмас едім», – деп ағынан жарылады Анар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер