astana-view

Болат Палымбетов: «Көзге түсу үшін ғана жұмыс жасаудың қажеті жоқ»

2016 жылғы 05 Шілде
- Қарағанды облысы
8200 просмотров

Қазақстанның Кәсіперлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Қарағанды облысының кәсіпкерлерімен кездесті

Шет ауданы кәсіпкерінің меншігін жергілікті органдар басқа тұлғаның атына жазып берген, ал мән-жайдың заңсыз екені анықталған соң бұрынғы қожайынға тендер арқылы алу ұсынысы айтылған. Теміртаулық бизнесвумен мемлекеттік органдар оның кәсіпорнына әділетсіз әрі қасақана түрде айыппұлдар салып, компания төлеп отырған ай көлемді салық сомаларына көз жұма қарау арқылы кәсіпкерліктің тағдырына алаңдамайтынын айтып шағымданған. Теміртаулық тағы бір кәсіпкер әйел құқық қорғау органдарынан қолдау сұраған. Алайда бұл жерде де «өз проблемаңды өзің шеш» деген сыңаймен шығарып салған.

Қарағанды өңірінің 100-ден астам кәсіпкері бизнес-омбудсмен Болат Палымбетовпен кездесуге өз мәселелерімен, мұң-шағымымен бөлісу үшін келген. Отырыс 3 сағатқа тарта уақытқа созылды. Онда түрлі көлемдегі бизнес өкілдері өз ойындағысын айтуға мүмкіндік алды.

Әңгіме бүгінгі күні қарағандылық кәсіпкерлердің басты проблемасына айналған – монополистер тарифтерін талқылаудан басталды. Олар Кәсіпкерлер құқығы жөніндегі уәкілге жергілікті монополистердің қоғамдық тыңдалымдарды тұрақты түрде және заң талаптарына сай өткізбейтінін жеткізді.

«Тарифтер бойынша бірыңғай ережелер пайдаланылу керек. Тарифтер неге құпия болуы керек? Маған бұл түсініксіз. Жақын арада мен монополияға қарсы органмен кездесемін, сонда мұнда жағдай қалай туындап отырғанын анықтайтын боламын», – деп жауап берді Болат Палымбетов.

Үкіметтегі кәсіпкерлік жөніндегі ведомстволық комиссия сарапшысы Гүлнәр Құрбанбаева өз ұсынысы айтты. Оның ойынша, бұл ұсыныс арқылы жергілікті кеңестер жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік болады.

«Бізде жергілікті жерлерде көптеген консультациялық органдар жұмыс жасайды, оған әкімдіктер, мемлекеттік органдардың өкілдері мен кәсіпкерлер кіреді. Бұл бизнес-омбудсмен жұмысына айтарлықтай тірек.  Көптеген мәселелерді де сол жерде шешуге болады. Бүгінде олар тек ресми түрде жұмыс жасап отыр, өз міндеттерін жүзеге асырмайды. Өкінішке қарай, Палата да, қоғамдық ұйымдар да, мемлекеттік органдар да біз кездесулер өткіздік, 20-30-40 отырыс ұйымдастырдық, 20-30 мың мәселені қарадық деп есеп берумен ғана шектеліп отыр. Жүйелі түрдегі қадамдар жоқ, кеңесу-ақылдасу органдары жұмысының тиімділігіне баға берудің айқын жүйесі болуы керек. Ал бизнес-омбудсмен – оларды жұмыс жасауға итермелейтін орган», – дейді сарапшы.

Болат Палымбетов Г.Құрбанбаеваның пікірімен келісті.

«Көзге түсу үшін ғана жұмыс жасаудың қажеті жоқ. Бұл органдар шынымен де мәселе шешуі керек деген пікірмен толықтай келісемін. Бізге келіп түсетін проблемалардың 90%-дан астамы жергілікті деңгейде шешуге болатын мәселелер. Мәселені Астанаға жеткізбей шешу үшін барынша күш салу керектігін атап айтамын. Егер сіз барлық инстанциялардан өтіп, еш көмек ала алмасаңыз ғана менің аппаратым бұл іспен айналысатын болады. Егер сіз ведомстволардың бұйрықтары заңға сай келмейді десеңіздер, онда тезірек бұл проблемамен айналысайық, бұл бұйрықты алып тастауға қол жеткізейік», – деді бизнес-омбудсмен.

Белгілі қарағандылық заңгер Хасан Штымов кездесудің құқықтық тұстарына мән берді.

«Қарағанды облысы кәсіпкерлері нақты мәселелерін айтып келіп отыр. Сенімсіздік туындамау үшін бұл кездесудің процессуалдық-құқықтық дәрежесі қандай екенін түсіндіру қажет. Біз неге сенім арта аламыз?», – деді ол Б.Палымбетовке.

«Әр мәселе назарға алынып, бақылауда тұр. Мұнда айтылған мәселелердің бірі де менің назарымнан тыс қалмайды», – деп түйіндеді бизнес-омбудсмен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер