astana-view

«Атамекеннің» бизнестің жағдайын жақсарту туралы ұсыныстары Үкіметтен қолдау тапты

2016 жылғы 07 Шілде
11230 просмотров

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Атамекен» ҰКП ІІІ Съезінде айтылған кәсіпкерліктің кейбір түйткілді мәселелері туралы кеңес өткізді

Бұл жиынға «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пен ҚР ҰКП Басқарма басшылығы қатысты.

Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдар мен Ұлттық компаниялардың сатып алу мәселесіне жіті назар аударды.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің отандық өндірушілерді қолдау мақсатында сатып алуға қатысты жұмыс комиссиясының нәтижесі туралы ақпаратын негізге ала отырып, Кәрім Мәсімов, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа өңірлік комиссиялардың жұмысын жеке өз қадағалауына алуды тапсырды.

Облыс басшыларына, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне комиссия мүшелігіне сатып алуды үйлестіретін әкімдердің орынбасарларын енгізу, осы комиссия жұмысын белсенді ету тапсырылды.

Үкімет басшысы облыстар мен Астана, Алматы әкімдерін, ұлттық холдингтерді ҰКП-мен бірігіп отандық өндірушілердің өнімін сатып алу ісін қолдауды, отандық қызмет көрсету мен сатып алуға назар бөлуді, ұзақ мерзімді келісімдерді отандық өндірістермен жасасуға шақырды.

Жиын барысында Үкімет басшысы көтерген келесі мәселе ауыл кәсіпкерлерін жеңілдікпен қаржыландыру болды. Кәрім Мәсімов микронесиелендіру бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП тәжірибесіне сүйене отырып, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ҰКП ұйымдары мен ауыл кәсіпкерлеріне микронесиелендіру мәселесін көтеруді нұсқады.

Премьер-министр «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ІІІ Съезінде «Атамекеннің» бастамасымен салық пен кеден дауларын, экологиялық қадағалауды қайта қарау, санэпидқадағалау мен өрт қауіпсізідігі туралы істерді сотқа жібермей орнықтыру туралы мәселе көтерілгенін еске салды.

Осыны айта отырып, Кәрім Мәсімов, Қаржы министрлігіне, Әділет министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» ҚР ҰКП тарапымен бірлесе отырып, салық және кеден дауларын реттейтін, тексеру актілері жобасын талдайтын ішкі бақылау бойынша апелляциялық комиссия құру туралы тапсырма берді.

Инвестиция мен даму министрлігіне және Қаржы министрлігіне Кәрім Мәсімов «KAZNEXINVEST» АҚ акцияларының бақылау пакетін «Атамекен» ҚР ҰКП басқармасына сеніп тапсыру туралы мәселені қарастыруды нұсқады.

«Атамекен» ҚР ҰКП басшылығы ҚР Премьер-министріне мемлекеттік органдардың қадағалау қызметі бойынша ревизия туралы баяндады.

Ұлттық палатаның ақпараты бойынша, шағымның дені мемлекеттік органдардың тексерісіне тіреледі екен. 2015 жылы қадағалау органдары 114 мың тексеріс жүргізіп, оның 54 мыңы (47,6%) кәсіпкерлік субъектілеріне жасалған.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Бас прокуратурада өткізген кеңейтілген жиналыста 2016 жылы Қазақстанның қадағалау және бақылау қызметтерін 61 ведомство жүргізетінін мәлімдегені аян.

Кәрім Мәсімов «Атамекеннің» мемлекеттік бақылау-қадағалау органдарына ревизия жасау туралы пікірін қостады. Ұлттық экономика министрлігі мен Бас прокуратура ҰКП бірлесе отырып жұмыс комиссиясын құрып, кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексеріс пен талаптарды азайтсын деп  тапсырма берді. Бұл мәселе бойынша ұсыныстар Ведомствоаралық комиссияға 2016 жылғы қыркүйекке дейін ұсынылуы керек.  

Бас прокуратурадағы жуырда өткізген кеңейтілген жиында ҰКП жалған кәсіпкерлік туралы бапты жою туралы ұсынысын ортаға салған.

Бұл ұсынысты тыңдаған Премьер-министр Кәрім Мәсімов Әділет министрлігіне, Қаржы министрлігіне, Бас прокуратура мен «Атамекен» ҚР ҰКП-не ҚК 215 бабы бойынша өзгеріс енгізу ұсыныстарын екі айдың ішінде ұсынсын деді. Бұл бап не жойылсын, не баламалы өзгеріс енгізілсін делінді.

«Атамекен» ҚР ҰКП ІІІ Съезінің хаттамасы аясындағы жұмыстар жалғасын таппақ.

Тапсырмалардың орындалуын қадағалау ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа жүктелді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер