astana-view

Дана Жүнісова: «Теңіз айлағының мүмкіндігін пайдалануымыз керек»

2016 жылғы 07 Шілде
18011 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Дана Жүнісова Украинадан Қазақстанға Ресей аумағы арқылы келетін транзиттік жүк тасымалына баламалы жол табу керек деп санайды

– Дана Бейсенқызы, болып жатқан жағдай туралы әңгімелеп берсеңіз.

– Былтырғы желтоқсан айында Ресей Федерациясы Президенті Украинаға қатысты еркін сауда аймағы Келісімін тоқтату туралы Қаулы шығарды. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Украинадан келетін тауарлар РФ Президентінің 2014 жылғы 6 тамыздағы №560 Қаулысына сәйкес, «санкциялы» заттар тізіміне жататын болды.

Өзінің нарығын тауардың реэкспортынан сақтау үшін РФ Украинадан, Қазақстаннан енгізілетін тауарларға қатысты биылғы 1 қаңтардан бастап тағы бір Қаулы қабылдады, сол қаулыға сәйкес, Ресей аумағы арқылы Украинадан Қазақстанға тауар тасымалы ерекше тәртіппен жүргізіле бастады.

Шынын айту керек, сол жаңа тәртіп біздің кәсіпкерлерге біраз талаптар қойды: тауар тасымалы шекараның белгілі бір ішкі, сыртқы өткізу пункттері арқылы ғана жүруі тиіс; кеден органдары көрсетіп берген бағдардан айнымауы керек; барлық автокөлік пен вагондарға ГЛОНАСС пломбаларын қолдану шарт; кеден қызметкерлерінің ілесіп бақылауы мен бірнеше реттік кедендік тексерістер міндетті болды.

Ресейліктердің осындай шарттарына қарамастан, біздің отандық тасымалдаушылар мен импорттаушылар осы уақыт аралығында бірде-бір заң бұзушылыққа жол бермеді. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетінің ақпаратына сүйенсек, барлық жүк инвойста қарастырылған Қазақстандағы межелі пункттерге аман-есен жіткізілген. 

Ресей аумағы арқылы Украинадан Қазақстанға жүк тасымалдаудың жаңа ережесін бекіткен бұл Қаулының мерзімі 1 шілде күні тәмамдалуы керек еді. Осыдан кейін туындайтын жаңа өзгерістер салдары туралы бизнес әлемінің хабардар болмауы қаншалықты негізсіз тәуекелге апаратынын алдын ала есептеп, Ұлттық палата 20 маусымнан бері түсінік беру жұмысын бастап кетті. БАҚ арқылы және украиндық контрагенттермен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге ҚР ҰКП барлық ақпаратты таратты. Ресейдің Үкіметі мен Федералды кеден қызметіне ресми сұрау салынды.

Алайда Ұлттық палатаның барлық жасап жатқан әрекетіне қарамастан, 4 шілдеге дейін ресейлік тараптан Украиндан тасымалданатын тауарларға қатысты нендей шешім қабылданғаны туралы ешбір толыққанды ақпарат келіп түспеді.

Не болуы мүмкін деп ойлайсыз?

– Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап РФ Президенті жаңа Қаулыға қол қойды. Ол қаулы Украинадан Қазақстанға тауар тасымалы жөніндегі алдыңғы қаулыға өзгертулер енгізді. Жаңа қаулы бойынша Украинадан Қазақстан мен Қырғызстанға Ресей аумағы арқылы тасымалданатын барлық жүкке тыйым салынған. Ресей арқылы тек КН СЭБ бойынша 1908 тауар аталымын ғана тасымалдауға рұқсат етілген. Олардың баж салығы бірегей кеден тарифі бойынша 0%. 

Бизнес қауымдастықпен ақылдаса келе Ұлттық палата рұқсат етілген тауарлар тізімін талдады. Олар Еуразиялық экономикалық одағында 0% баж салығы салынатын тауарлар. Жасалған талдау бойынша рұқсат етілген тауарлардың 95%-ы Украинадан Қазақстан мен Орта Азия елдеріне импортталмайтын өнімдер болып шықты.

Ұлттық палата бірнеше рет атап айтып өткендей, СЭБ енгізген жаңа шарттар туралы бизнес өкілдерінің уақтылы құлағдар болуы артық шығынның алдын алудың бірден бір тиімді мүмкіндігі болып тұр. Бұл жолы да біз тиянақты жауап болмағандықтан, Ресей аумағында жүк көліктері не себепті кешігіп және тоқтатылғанын анықтай алмай отырмыз.

– Шекарада тоқтатылған жүк көліктері көп пе? Оларды неге өткізбей жатыр? Бұл мәселе қашан шешімін табады?

– Тоқтатылған көліктер мен вагондар туралы ақпарат сағат сайын құбылып тұр. Соңғы ақпарат бойынша, ҚР Халықаралық автокөлік тасымалдаушылар одағы мен кәсіпкерлердің айтуынша, Смоленскіде қазақстандық мекен-жайға межеленген 20 автокөлік пен 80 вагон тоқтатылған. 30 маусымнан кейін Смоленскіге келген көліктер мен вагондарды Ресей кеден органдары кері бұрып, қайтарып жатыр.

«Атамекен» ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетіне өтініш айтып, жаңа қаулы күшіне енбей тұрып келген көліктерді өткізуге көмектесуін сұрап жатыр. Ведомствоаралық қарым-қатынастардың арқасында Ресейдің Федералды кеден қызметінің қазақстандық кеденшілерге мәлімдеуі бойынша, Смоленскіге 1 шілдеге дейін келген 25 көлік рәсімделіп, Қазақстанға өткізілген. Вагондар туралы ақпарат әлі де нақтыланып жатыр.

Смоленскіге 30 маусымнан 1 шілдеге қараған түні келген көліктер мен вагондар кедендік баж салығына тексеріліп, солардың нәтижесі бойынша шешім шығарылмақ. Егер тауарлар Еуразиялық экономикалық одақта қабылданған 0% пайыздық болса, онда өткізіледі. Егер пайызы жоғары тауарлар болса, онда транзиттік декларация доғарылып, бүкіл көліктер: автокөліктер де, вагондар да келген жеріне кері қайтарылатын болады.

– Бұл түйткілдің мәнісі неде?

– Қазіргі таңда Ресей Федерациясы бірқатар елдерге арнаулы біржақты экономикалық шаралар ұстанып отыр. Ол шарттар Одақтың нормативті-құқықты базасымен реттелмеген, сондықтан мүше елдердің әрбірінің егеменді құқығы болып табылады.

2010 жылдан бастап Беларусь, Қазақстан, Ресей жері, біраздан бері Қырғызстан аумағы да Кедендік одақ аумағына біріккен. Кедендік одақ мүше елдердің бірі тауар тасымалына енгізген тыйымдар мен шектеулер өзгелеріне де әсер етпей қоймайды емес.

Бір жарым жыл бойы (2014 жылдың тамызынан бастап) Еуразиялық экономикалық комиссиясы да, мүше елдердің өкілетті органдары да Ресей аумағы бойынша транзит тасымалы туралы түйткілдерді шешуге тырысып бақты. 2014 жылдың желтоқсанында Еуразиялық Экономикалық одақтың Коллегиясының Кеңесі қабылданды. Ол бойынша, санкциялық саясат Еуразиялық экономикалық одақ аумағының кедендік рәсімделуімен кедендік транзитпен өтетін тауарларға жүрмеуі керек деген байламға келген.

2015 жылы «санкция» салынғалы Одақтың мүше елдері арасында жаңа механизм ойлап табу жұмысы жүргізіле бастады. Бүгінгі таңда тауардың шыққан жерінен баратын нүктеге дейін қадағалануы талқыланып жатқан тақырып. 

Алайда, іс жүзінде Ресей аумағы арқала зат тасымалдауға байланысты туындаған қиындықтар шешімін таппады. Келешекте Одақтың өкілетті мемлекеттік органы консенсуске келіп, кәсіпкерлердің мойнына түсіп жатқан қиындықтарды жеңілдететін, импорт тауарға қатысты артық-ауыс шығынды болдырмайтын бір шешімге келер деген үмітіміз бар.

– Бұл тарапта қандай жұмыс атқарылып жатыр?

– Қазіргі кезде ҚР Үкіметі Ресей Үкіметіне РФ арқылы өтетін бірқатар стратегиялық маңызға ие транзиттік тасымал тауарлары бойынша мүмкіндіктерді қарастыру туралы сауал жіберді. Бұл санатқа біршама өндірістік тауарлар кіреді, олардың бар-жоқтығынан бүтін бір отандық технологиялық үдеріс зардап шегуі әбден ықтимал. Бұл санатқа тамақ өнеркәсібінің тауарлары жатпайды. Олардың дені санкциялық тізімге іліккен.

Біздің сауалды қарастырғаннан кейінгі ресейлік тараптың шешімі ол тауарлардың еш кедергісіз өтуіне кепіл бола алмайтындығын ескерткім келеді. Сондықтан осы жағдайға тап болған бүкіл кәсіпкерлерді өз шығындарын алдын ала есептеп, қаржылық қиындықтарын бағалап алуын өтінемін.

Біз өз жағымыздан бұл жағдай туралы бизнес өкілдерін әрдайым тың ақпаратпен ресми palata.kz сайтымыздан да хабарландырып жатырмыз. Украиндық контрагенттермен келісімі бар импорттаушыларға, келісімін көрсеткен кәсіпкерлердің мекен-жайына ақпарат жіберіліп жатыр. Экономикалық интеграция департаменті Украина аумағынан тасымалданатын транзит тауарға қатысты сұрағы бар кәсіпкерлерге сенім телефонын ұйымдастырды.

Бұл телефонға тыным жоқ екенін айта кетейін, барлық сауалға жауап беру мүмкін болмай жатыр, кадр жетіспейді.

Негізгі түсіп жатқан сауалдардың дені мынадай: кедендік баж салығының көрсеткіші қандай болмақ, жүру жолы қандай? Сондықтан тағы бір рет қайталап айтайын, 0% жоғары кедендік баж төлейтін тауарлар Ресей аумағынан өткізілмейді. 

РФ Қаулысындағы тыйым тек Украинадан Ресей арқылы тасымалданатын тауарларға ғана қатысты екендігін атап өткім келеді. Оларды Беларусь аумағында алып жүре беруге болады. Яғни, кәсіпкерлер Беларусь аумағы бойынша Еуразиялық Одақтың жеріне емін-еркін кіреді де, Ресей жерінен қайтып кетуі мүмкін. Ресей шекарасында жаңа талаптарға сай ЕЭО бірегей кедендік тариф бойынша тауарларды анықтайды. Сондықтан кәсіпкерлерге Украинадан Қазақстанға тауар тасымалдауды жоспарлағанда оның баж салығын алдын ала біліп алуын өтінеміз. ЕЭО бірегей кеден тарифі бойынша бас салығы 0% аспауы тиіс.

Анықтама үшін:

ЕЭО бірегей кедендік тарифі – Еуразиялық Одақ аумағына үшінші елдер тарапынан енетін тауарларға салынатын баж салығы, ол салық Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметіндегі Тауар номенклатурасымен бірдей жүйеленген.

Енгізетін тауардың кедендік баж салығының мөлшерін білу үшін Ейразиялық экономикалық комиссиясының сайтына кіріп, мына сілтеме арқылы ақырғы редакцияланған тауарлар тізімін қарап шығуға болады: http://www.eurasiancommission.org/ru/act/trade/catr/ett/Pages/default.aspx

– Біздің кәсіпкерлерге беретін кеңестеріңіз бар ма?

– Біз Украинадан Қазақстанға тауар тасымалдау үшін Қара теңіз бен Каспий теңіздері арқылы баламалы жол тораптары керектігін көтеріп жүрміз. Бүгінгі таңда бұл мәселе өршіп тұр. Әрі өзекті. Әрине, бұл бағдардың да кемістіктері бары жасырын емес, алайда Ақтаудағы айлақ арқылы жүк тасымалдаудың келешегі жарқын, әлеуеті зор.

Қазіргі кезде Түркиядан Қазақстан мен Қырғызстанға тасымалданатын тауардың 70%-ы осы бағдармен әкелінеді. Ендігі жерде оны Украинадан тасымалдайтын жүктерге де қолдануымызға әбден болады.

Әрине, жүк тасымалдаудағы маршрут таңдаудың негізгі басымдығы ыңғайлы логистикаға сүйенетіні рас. Ол аз уақытта жеткізіп, тауардың өзіндік құнын өсірмеуге кепіл болуы керек. Осы мәселеге қатысты айлақтар арқылы жасалатын баламалы бағдарлар Ресей жері арқылы өтетін тасымалдан кемшін түсіп жатқаны да өтірік емес. Дегенмен, осы бағытты дамытсақ, Транскаспий бағдары елдерінің Үкіметтерінің өзара күш-қуатының арқасында теміржол әкімшілігі мен айлақтардың әкімшілігін тарта отырып, тауардың жеткізу мерзімін азайтып, фрахт ақысын кемітуге бизнестің мүмкіндіктері бар. 

Бүгінгі таңда баламалы бағдардың бәсекеге қабілетін арттыра беруіміз керек. Тарихи соқпақ болып қалған бір жолдан ауытқымай жүре беруге тәуелді болмауымыз керек. Осы жағдайға байланысты Транскаспий бағдарын қолданудың мүмкіндіктерін дамытуға шақырамыз. Ол үшін аталмыш тасымал жолы үшін түйткілді жағдайларды анықтап, кедергілерді біліп алғанымыз дұрыс. Олардың бір жөнге салудың тұжырымдық шешімін табу керек: тасымалға кететін тарифтерді түсіру, мерзімін мейлінше қысқарту, жеткізу сапасын арттыру және т.б.

Орын алып отырған жағдайға байланысты Ұлттық палата бағдардың бәсекеге қабілетін арттыру үшін баламалы бағдарлардың хронометражын жүргізуді қолға алуды ұсынады. Біздің пікірімізше, барлық қызығушылығы әрі тікелей қатысы бар мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қолдауымен бұл бағытта айтарлықтай жетістікке қол жеткізуге әбден болады.

Сөзімнің соңында, Статистика комитетінің ақпарына сүйеніп, транзиттік тасымалға қатысты барлық шиеленіске қарамастан, отандық өндірушілер өнім өндіру көлемін ұлғайтып отырғанын айта кеткім келеді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында: ет, субөнімдер – 9%, сүзбе мен ірімшік – 13%, шоколад – 47%, кондитер өнімдері – 6%, терезе, жақтаулары, ағаш есіктер – 138% өсім көрсетті.

Әрине, бұл өсім біз үшін үлкен жетістік. Сыртқы жағдайлардың әсерімен бірнеше тауарлардың автоматты түрде импорт тауарларды алмастырғанын көрсетеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер