astana-view

Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік – тауарды экспортқа шығару кепілі

2016 жылғы 19 Шілде
4384 просмотров

Әзірге нақты қадамдар аясында елдегі 100 отандық кәсіпорынды қамту жоспарлануда

Бүгінде 2016-2017 жылдарға арналған Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік (КӘЖ) ұстанымдарын алға жылжыту жоспары Үкімет деңгейінде бекітілді.

Таяуда әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу бойынша Республикалық үшжақты комиссия отырысы өтіп, онда «Атамекен» ҰКП Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев жоғарыда келтірілген Жоспар жобасын қорғады. Нәтижесінде маңызды құжат Үкімет қабырғасынан мақұлданып шықты.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департаменті директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова, алқалы мәжілісте, Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті көтеруде біріншіден қазақстандық бизнесті ынталандырудың экономикалық құралдарын жетілдіру мәселесі қаралғанын айтады. Осы орайда КӘЖ бойынша есепті дайындаудың халықаралық стандарттары негізінде қаржылық емес сипатын жасап, сынап көру жайы әңгіме арқауына айналған. Сонымен қатар, Палата мен бірқатар министрліктер тарапына, барлық КӘЖ қырларына қатысты стандарт бойынша жыл сайынғы қаржылық емес есепті әзірлеу мен жариялауда ұсыныстар легін түзу жүктелген. Осымен бірге, әлеуметтік-экологиялық орнықтылық, жасыл және циркулярлы экономика тетіктерін жүзеге асыру тармақтарына инвестиция құюға іріктеу шарттарының бірі ретінде компанияларда даму қарқынын бағалауды енгізу қажет екен. Әлеуметтік инвестициялау, тұрақты өркендеудің ұлттық қор индексі, АА1000 сияқты халықаралық стандарттардан өтудегі тәуелсіз таразылау ұғымдарына да айрықша назар аударылмақ.

Экономикалық құралдарға жатпайтын мәселелердің өрісін ұзартуда КӘЖ әдісін байқаулар мен рейтингтер арқылы бір жүйеге түсіруге ден қойылмақ. Мүдделі мемлекеттік мекемелермен бизнестен тартылған әлеуметтік қаржыны тиімді қолданудың есептерін жергілікті атқарушы орындарға ұсыну, құзырлы тараптарды мониторинг жүргізуге жұмылдыру, өңірлердің әлеуметтік басымдықтарын қалыптастыру жайлары талқыға салынбақ. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында озық тәжірибелерді насихаттауға спикерлер пулы жасақталып, «өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі» түсінігіне байланысты қосалқы мердігерлер мен жеткізушілердің және бірлескен кәсіпорын тұрғысындағы серіктестердің қызметіндегі оң еңбек қатынасы жалпыға жария етілмек.

«Көп адамның КӘЖ дегеннің не екенін біле бермейтіні анық. Бұл дегеніңіз, бизнестің кез-келген шешім қабылдауда, ісін жүргізуде тұтынушыға, орналасқан жеріне, ішкі жағдайына, персонал жағдайына қарайлап, өзге де салаларды мұқият сүзгіден өткізуді әдетке айналдырған терең жауапкершілігі. Мысалы қоршаған ортаны ластаудан неғұрлым абай болу, табиғатты аялау. Өткен жылы комиссия назарына тұжырымдаманы ұсынсақ, биыл оның мүшелері жоспарды растады. Оған дейін Нидерланды елшілігінен грант ұтып, қаржыландыру көзін тапқан соң, дайындық жұмыстарының басын қайырдық», – деп әңгімелеген ҰКП өкілі Еуропа нарығында, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымында (ОЕСD) КӘЖ негіздерін қатты ескеретінін келтірді.

Демек, Қазақстанға биік дәрежелі шетел нарығын бағындырғысы келсе, аталмыш қағидаттарды берік ұстанғаны ләзім. «Атамекеннің» көздегені де сол, әлеуметтік сенімділікті нығайтқан райда, тауарды өткізу нарықтарына жол ашу. Мәселен өндірісте кәмелет жасқа толмағандардың жұмыс істеуі, жүкті әйелдердің артық сағат еңбек етуі тәрізді жағымсыз жайттар компанияның сыртқы байланыстарына әжептәуір нұқсан келтіруі ықтимал. Алайда, елімізде әлеуметтік қамқорлыққа ұқыптылық танытатын кәсіпорындардың да біраз екені сөзсіз. Тек оларға ұқсас талаптардың орындалуын қағазға сауатты түсіру секілді қарапайым мәселелерге салғырттықтың кедергі болатыны жасырын емес.

С.Әбдікәрімованың айтуынша, бүгінде Біріккен ұлттар ұйымында басты жаһандық 10 көрсеткіш қабылданған. Соның ауқымында, әсіресе қазіргі өнімді экспортқа өткізу қиындаған шақта, КӘЖ ұғымдарын өндіріске енгізу өзекті бола түсуде. Оны жақсы түсінетін Қазақстандағы ірі трансұлттық компаниялар жыл сайын арнайы есебін даярлап, барлық атқарған әлеуметтік бастамалары мен жобаларын тізбектеуде. Орта және шағын кәсіпорындар еңбеккерінің баласының оқу ақысын төлеп, демалысқа жіберіп, түрлі қайырымдылық шараларын іске асырып жатса да, өкінішке қарай, қоғамдық ортадағы өз үлесін үнемі паш етпеуде. Өйткені дер кезінде есептілік құжатын толтырмайды.   

«Әлемде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін айқындайтын 2 мыңнан астам көрсеткіш бар! Отандық кәсіп иелері кез-келгенін өзі байқамай тап басуы мүмкін. Бірақ өзін шетелдік бәсекелесімен салыстырып, тәжірибесін зерделеуге құлықсыз. Жыл аяғына дейін бағалау ауқымын жеңілдетіп, 100 кәсіпорынға қажетті индикаторлар орнатып көргіміз келеді. Содан кейін олқылықтар жойылып, компаниялар өресінің өсу әлеуеті сезілсе, рейтингктік бағалауға ауысамыз», - деп бөлісті әңгіме түйінінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департаменті директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер