Қазақстандық сүзгілер ЕАЭО нарығына экспортталуда
Былтырғы 2015 жылғы «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымында ІІІ дәрежелі диплом мен арнайы белгі Шығыс Қазақстан облысындағы «Бриссоль» ЖШС табысталғаны белгілі.
Астана қаласында өткен ұлттық байқау қорытындысында, бағалы сыйлықты Өскемен қаласында орналасқан озық үлгілі кәсіпорын басшысы Сергей Боков мырзаға сол кездегі инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев тапсырғаны аян.
Аталған компания қазіргі заманғы автомобильдер мен тракторға арнап ауа фильтрлерінің 200-ден астам түрін шығарумен айналысуда. Маймен жұмыс істейтін құрылғы саны 20-дан асса, отынмен әрекет ететіндері 15-ті маңайлаған. Мұндай сан мыңдаған көлемде тұтынушыларына жол тартудағы бұйымдардың ТМД елдерінде сертификацияланып, Моңғолия тарапымен келіссөздер жүргізілуде екені атап өтерлік жайт.
Мәселен жыл басында фильтердің кезекті партиясы Ресейдегі Якутия мен Жаңасібір автопарктеріне жөнетілген. Пайыздық көрсеткішпен санамаласақ, өнімнің 15-17 пайызы Еуразиялық экономикалық одақ аумағына экспортталып, оның ішінде 10%-ы теріскейдегі Құдай қосқан көршімізге, 7%-ы Беларусь мемлекетіне жіберілуде екен.
«Бриссоль» ЖШС жетекшісінің айтуынша, қолданыста жиі кездесетін «Камаз» жүк көліктерінің жүргізушілері жанармай фильтрлеріне аса сақтықпен қарайды. Себебі сапасыз бөлшек бітеліп қалса, аязда далада қалу тіпті қорқынышты. Ал бриссольдықтар төл өнімдеріне сүзгі қағазы есептелетін гофраны, басқа бәсекелес өндірушілерге қарағанда, еке есеге жуық көбірек салуда. Сонда тазарту ауқымы да әлдеқайда кеңейіп, Якутия сияқты қатаң табиғат райындағы суығы бет қаратпайтын өлкелерде қазақстандық фильтрге ерекше ыждаһатты көзқарас танытуда.
«Қазіргі кезде металл май фильтрлері өндірісін жабдықтаумен шұғылданып жатырмыз. Бұл өнімнің құрылымы да күрделірек, құны да қымбат. Ең бастысы назардағы бұйымға қажет болат шикізаты Қазақстанда шығарылады. Егер жаңа дүниені игере білсек, отандық үлес те көтеріле түсетіні анық. Тұрақты тапсырыс Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан сынды елдің әртүрлі өңірінен беріліп, сауда желісі де тармақтала қалыптасқан», - деп әңгімелейді Сергей Боков өздеріндегі «Қазақстанда жасалған» белгісі бар тауармен ЕАЭО нарығын жаулауға ниетті екендерін меңзеп.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 9 қазандағы №194 Жарлығына сәйкес, елімізде жыл сайын «Қазақстанның үздік тауары» республикалық және өңірлік көрме-байқауы ұйымдастырылып, жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру; Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу; отандық және халықаралық стандарттар негізінде сапаны басқару мен қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістерін кеңінен енгізуге алғышарттар жасау және оған септесу; сапа мәселелерін шешу қажеттілігіне өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын аудару; халық арасында сапа идеясын кеңінен таныту көзделуде.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: