astana-view

Шағын кәсіпкерлікті қаржыландыру жалғасады

2016 жылғы 22 Шілде
- Ақтөбе облысы
7173 просмотров

«Ауыл кәсіпкерлігі» шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру бағдарламасы аясында 225 жоба іске асырылады

Бұл туралы palata.kz-ке өңірлік Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Нұрболат Өмірзақов мәлімдеді.

Оның айтуынша, «АKTOBE INVEST 2015» 3-халықаралық инвестициялық форумы барысында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «АЛМЭКС» холдингтік тобымен бірлесе отырып, Ақтөбе облысы әкімдігімен және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-мен өзара түсіністік және әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Меморандумда шағын кәсіпкерлік субъектілерін шағын несиелендіру қарастырылған.

Бағдарламаның негізгі шарты – облыстың елді мекендеріндегі, моно және шағын қалаларындағы шағын бизнесті қолдау. Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Атамекен» ҚР ҰКП-ның ортақ шешімімен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы бағдарламаның операторы ретінде таңдалды. Аталған келісімді жүзеге асыру үшін әр тарап 300 млн теңгеден бөлді. Жалпы несиелік портфель 900 млн теңгеге тең болды.

Шағын несиелер 6%-дық жылдық мөлшерлемемен 54 ай мерзімге беріледі. Бизнесін жаңа бастаушыларға қарызға берілетін қаржы 5 млн теңге, бұрыннан бар бизнесті кеңейтуге 8000 еселенген АЕК (17 млн. теңге) беріледі. Жеңілдік кезеңі де қарастырылған: негізгі қарыз бойынша 1/3-ден кем емес, 6 айға дейін сыйақы бойынша.

«Қазіргі уақытта 760,3 млн теңге сомасындағы 191 жоба қаржыландырылды. Жалпы сомасы 145,5 млн теңге болатын 34 жоба қаралуда. Соның ішінде 30 жоба мақұлданып үлгерді. Нәтижесінде 900 млн теңгеге қарастырылған бағдарлама шеңберінде 225 жобаны жүзеге асыу жоспарлануда», – деді Н.Өмірзақов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер