astana-view

Қымыз өндірушілер кооперацияға бірігеді

2016 жылғы 27 Шілде
- Жамбыл облысы
13171 просмотров

Қымыз өндірісімен айналысатын агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне арналған «Қымыз өндірісі технологиясы»  семинары барысында осындай  шешім қабылданды

Шара «Заң» шаруа қожалығы базасында өтті. Оған қымыз өндірісімен шұғылданатын агрофирмалардың 27 басшысы қатысты. 

Қымыз өндірісінің бүге-шігесі жайлы, бұл саланың технологиялық жаңалықтары, шығындарды азайту және тағы басқа туралы арнайы шақырылған сарапшы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Дәурен Сыдықов әңгімеледі.

«Қымыз өндірісінің технологиясын «Заң» ШҚ цехында оқып-үйрену  ұйғарымы  кездейсоқ таңдалған жоқ, бұған Дүйсенбек Ибиналиевтің қымыз дайындау желісін толығымен автоматтандыруы себеп болды. Тәулігіне орташа алғанда 40 бие сауамыз, осы  цехта қымыз дайындалады. Бәрімізге белгілі, қымызды сақтау мерзімі 72 сағатпен шектелген, ал бұл цехта ол екі айға дейін сақталады, басқалардан айырмашылығы да осында. Нәтижесінде өндіруші көп пайда алады. Мысалы, маусымына 20 бие сауатын шаруа қожалықтары 2,5-3 миллион теңге табыс табады. Ал мұндағы табыс 6-7 миллионға жетеді. Сонымен қатар мұнда қымыздың бірнеше түрін өндіруге болады, «Заң» ШҚ үш түрлі қымыз шығарады. Бұл шаруашылық – облысымыздағы тіркелген және лицензияланған жалғыз шаруа қожалығы. Өз тауарын Кедендік одақтың басқа елдеріне экспорттай алады»,– дейді Дәурен Сыдықов.

Қатысушылардың бірі Ерлан Кеулімжаев Астана қаласынан өзінің біліктілігін арттыру үшін келді. 

«Шаруаларға арналған мұндай семинарлар өткізудің  мәні зор,– дейді ол. – Біз бүгін тәжірибе алмастық, дәріс және тәжірибе сабақтары тақырыптары бойынша ой бөлістік. Мен Астанадан келдім, өйткені бұл бағыттағы бизнеспен жуырда ғана шұғылдана бастадым. Көптеген жаңалықтар мен пайдалы нәрселерді білдім. Семинарға қатысушылар  бұл салада тәжірибелі екен, біздің қалада, облыста мұндай мамандар табу қиын. Сондықтан еш ойланбастан, қашықтыққа қарамастан, Таразға келдім. Семинарға қатысушылардың қымыз өндірушілер кооперациясын құру туралы бастамасын қолдаймын.  «Жалғыздың үні шықпас» дегендей жеке-дара жұмыс істеу қиын, өтім нарығы – үлкен мәселе, өйткені қымыз өндірушілер саны жылдан-жылға өсіп келеді».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер