astana-view

Майлы дақылдарды түрлендіре түсу қажет

2016 жылғы 27 Шілде
- Қостанай облысы
9862 просмотров

Қостанайлық шаруаларға баламалы дақылдар арқылы да пайда табуға болатыны айтылды

Астық саласының экономикалық өсімі нан есебінен ғана жүзеге аспайтыны туралы осыдан он жыл бұрын айтыла бастаған. Дәл осы кезде «егін алқаптарын әртараптандыру» түсінігі қалыптаса бастады. Көбінесе «рапс» ұғымы сөз болды. Шаруларға оны қайта өңдегені үшін берілетін субсидиялар көп, көтерме бағасы да бидайдан әлдеқайда жоғары болған.

Десек те, Қостанай рапстың екінші отанына айнала алмады. Ауылшаруашылық өндірушілерінің  арасында бабы қиын өсімдікті өсіруді білімі мен жаңа технологиялар арқылы қолға алғандар аз болды.

Уақыт жылжи береді, ал ғылым бір орнында тұрмайды. Майлы дақылдарды тәуекелді жер шаруашылығына бейімдеу жөніндегі жұмыстарды «Қостанай ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институты» ЖШС қызметкерлері жүргізуде. Олар рапстың  отыздан аса түрін ойлап тауып, оны өңдеудің технологиялық тәсілдерін жасап шығарумен қатар, зығыр мен күнбағысқа қатысты да үлкен ғылыми ілгерілеушілікке жол ашып отыр.

Институт қызметкерлері өз алаңында жергілікті шаруалармен осы жаңалықпен бөлісті. Мұнда  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қамқорлығымен Агробіліктілік орталығы ұйымдастырған тегін семинарлар сериясы болып өтті.

Барынша күш салса, әуре-сарсаң да аз болмақ

Қостанай далалары үшін анағұрлым күй талғамайтын өсімдік ретінде, бұрынғыдай, зығыр болып қалуда. Ол әлемде кең қолданысқа ие – оны тігін өнеркәсібінен бастап, тағам мен медицина өнеркәсібінде қолданады. Ол өзінің тез бейімделгіштігі мен өсіруге кететін шығынының аздығының арқасында дара дақылды ығыстыра алады. Институт мамандарының айтуынша, егуге және жинауға дәнді дақылдарға қолданатын техника жарамды, бұл дегеніңіз – жаңа агрегаттарға ақша жұмсаудың қажеті жоқ деген сөз.

Биыл өңірде 182 мың гектар жерге зығыр егілген, бұл былтырғы жыл көрсеткіштерімен салыстырғанда онға артық. Баламалы дақылдарға бөлінетін субсидияларды алып тастау перспективалары да басты фактор емес. Бүгінгі күні нарықта зығырдың тоннасы 90 мың теңгеден жоғары. Пайда тапқысы келетіндер  зығыр мен тары сатудың айырмашылығын еш қиындықсыз бағамдай алады.

Бұл тұста институт мамандары ашқан ғылыми жаңалықтардың да көмегі көп. Жақында ғана институт қызметкерлері «Қостанай 11» деп аталатын зығырдың жаңа сортын жерсіндірген. Оның ерекшелігі оның өнімділігінде: бір гектар жерден алдыңғы сортына қарағанда 1,5 центнерге көп егін жинауға мүмкіндік береді. Әйтсе де, жаңа сортты жаппай қолданысқа тек екі жылдан соң ғана енгізуге болады. Бірақ, егер сынаққа орташа есеппен 12-14 жылға жуық уақыт кететін есепке алсақ, бұл аса көп уақыт емес.

«Дақыл күй талғамайтын болғанымен, алайда семинарларда біз шаруаларға күтіп-баптау технологияларынан кеңес береміз әрі бұған ерекше көңіл бөлеміз. Зығырды мамыр айының екінші онкүндігінде 3-4 см тереңдікке егу қажет.  Анкерлі соқамен еккен жөн, сонда түзу, әдемі қатарлар шығады, ол көктеуіне әсер етеді. Жинау мерзімін міндетті түрде сақтап, ауыстырып салып, арамшөптерді дәрілеу қажет. Бұл мақсатта біз улағыштарды сынаудамыз және қайсысын пайдаланған тиімді екенін айтамыз. Сондықтан күтіп-баптаудың жаңа технологиясын пайдалану, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің өздерінің  бұған қызығушылық танытуы – барлығы біріге келе, майлы дақылдар өсіруге ғана емес, одан жақсы қаражат табуға көмектеседі», – деп атап өтті «Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС майлы дақылдар зертханасының меңгерушісі Марат Ташмұхамедов.

Қазірше ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер сынақтан өткен сұрыптарды қанағат тұтып отыр, олар бар-жоғы үшеу. Ең кең таралғаны – «Казар». Кезінде оны АШҒЗИ-дің базасында алған еді. Қарабалық тәжірибелік станциясымен қатар аталған институт толық селекциялық процесс жолға қойылған Қазақстандағы жалғыз орын.

Нысанада – жаңа өндіріс

Шілде айының ортасынан бастап институттың егістік алаңын күнбағыс көріктендіреді. Мұнда қырықтан астам сұрып сынаққа алынуда. Мамандардың айтуынша, табыс табу жағынан алғанда бұл дақыл да пайдалы екен. Дәнді сатып алуға жақсы баға ұсынылады екен. Өйткені сұйық май түрі көп болып көрінгенімен, дүкендердегі отандық өнім шетелдік өнімдердей кең таралмаған. Күнбағысты күтіп-баптау құпиялары мен оның артықшылықтары туралы семинарға қатысушылар тікелей егістік алаңынан біліп, барлығын өз көздерімен көруге мүмкіндік алды.

Өндірушілердің майлы дақылдарға зор қызығушылық танытып отырғанын семинарға сұйық май шығаратын Қазақстандағы ірі өндірушілердің бірі – «Eurasian foods corporations» ЖШС өкілдерінің қатысуынан байқауға болады. Компанияның Алматы мен Қарағанды қалаларында екі зауыты бар. Ендігі жоспар – Қостанай қаласынан тағы бір зауыт салу.

«Қазіргі таңда біз өңірлерге шығып, жеткізушілер нарығын зерттеудеміз. Қостанай біз үшін келешегі бар нарық, май дақылдары өте табысты. Мұндай семинарға қатысу – мол тәжірибе жинақтау. Білім қажетке асады, өйткені болашақта біз нөлдік циклды, яғни рапс пен күнбағысты өзіміз өсіріп, өңдеуді жолға қоюды жоспарлаудамыз», – деп атап өтті «Eurasian foods corporations» ЖШС-ның ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі кеңесшісі Светлана Бойко.

Өндірушілер атап өткендей, жоба ауқымды болғандықтан, қалада зауыт бір жарым-екі жылдан кейін ғана салынады. Ал, қазірше әрбір семинарға қатысушы қайсысының тиімдірек әрі келешегі зор екенін ойға түймек. Алда қозғалар тақырыптар да көп: дәнді-дақылдар, органикалық жер өңдеу, мал шаруашылығы... Қалай десек те, білім дегеніміз – ең күшті инвестиция.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер