astana-view

Рұқсат құжаттарын алу үшін толық нұсқаулық қажет

2016 жылғы 29 Шілде
- Батыс Қазақстан облысы
8697 просмотров

Кәсіпкерлер палатасынан қолдау тапқан бұл бастаманы «Меркурий» ЖШС басшысы Дархан Сариев көтерді

Мәселенің мәнісі мынада, Дархан Сариев тәжірибелі кәсіпкер болғандықтан, түрлі рұқсат құжаттарын алу процедураларындағы әуре-сарсаңды талай мәрте басынан өткерген. Палата сарапшыларымен бірлесе отырып, бизнесмен барлық жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге көмек ретінде нысанның нысаналы мақсатын тұрғын-үйден сауда орнына ауыстыру және оны қайта жобалау мен қайта жоспарлауға рұқсат алудың толық нұсқаулығын жасап шығармаққа бел буған.

Осы мақсатта, Палатаға БҚО сәулет және қала құрылысы басқармасы, Орал қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімі, Тұрғындарға қызмет көрсету орталығы секілді өкілетті органдардың өкілдері шақырылды.

Тұрғын үйді коммерциялық нысан ретінде қайта жабдықтағысы келген кәсіпкердің әуресі білікті мамандар теориялық «көмек» көрсеткен күнде де оңай біте қоймайтынын еске сақтау қажет. Мысалы, сәулет және қала құрылысы бөлімінен жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулы алған соң, кәсіпкер ТҚКО-на барып, жер теліміне құқық беретін құжаттарды тіркеу бойынша қызметтер алуы керек. Бұл тұста кәсіпкер тіркеу екі мемлекеттік органда жүзеге асатынын білуі шарт: жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік жобалау институты мен әділет органдарында. Себебі, бір органда тіркелген бизнесмен сәулет және қала құрылысына келген соң, ТҚКО-на қайта барып, екінші қызметті алуы керек екенін біліп жатады. «Бұған дейін оған оны ешкім айтпайды да, – дейді Дархан Сариев, – сондықтан, ол әділет органында тіркелу үшін тағы да  уақытын, жүйкесін тоздыруға мәжбүр болады».

ТҚКО өкілі Жанна Батырғалиева да жобалау институты мен әділет органдарында тіркелу – бұл екі бөлек қызметтер екенін және оларды жеке-жеке алу керектігін растап отыр. «Дегенмен, азаматтардың белгілі бір қызметтерді біріктіруге деген сұранысын есепке ала отырып, тіркеу процедураларын жеңілдету үшін, әзірге пилоттық режимде композитті қызметтер қолданылуда», – деді ол.

Бұдан соң, құқықтық бөлім сарапшылары мен Дархан Сариев жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін рұқсат алудың теориялық тұрғыдағы бағыттарына қайта оралды. Осылайша, олар БҚО сәулет және қала құрылысы басқармасына электронды өтінімдер беру жүйесінің де піспеген тұстарын айтып өтті. «Біз рұқсат құжаттарын алу процедураларын жеңілдету үшін қолға алынған, өтінімдерді электронды түрде беру жүйесі, шын мәнінде, бағдарламаның толық жетілдірілмегендігі себебінен оны қиындатып жіберетінін үнемі айтып келеміз, – деді басқарма басшысының орынбасары. – Бағдарлама әлі де жасалуда, бірақ белгілі бір қолайсыздықтар әлі бар».

«Біз кәсіпкерлер мен түрлі өкілетті органдар арасында кездесулерді бизнес проблемаларын шешу кезінде нақты көмек көрсету, заңнаманы түсіндіру үшін ғана емес, сонымен бірге кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігі кезінде нақты іс жүзіндегі көмекті қолға алу мақсатында ұдайы ұйымдастырып отырамыз, – деді өңірлік Палатаның құқықтық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Нұржан Мақсотов. – Сонымен бірге, мұндай кездесулер кәсіпкерлік субъектілерімен келіссөздер жүргізу әдісі бойынша бірыңғай қадамдар жасап шығаруға, сонымен бірге, осындай толық нұсқаулықтар жасауға да сеп болмақ».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер