astana-view

Грантқа үміткерлердің 30%-дан астамы әйелдер

2016 жылғы 02 Тамыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
9692 просмотров

Бүгін облыста «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ұсынылған мемлекеттік гранттарға байланысты түскен өтініштерді іріктейтін Конкурстық комиссия жұмысын бастады

Биылғы жылы бөлінген грант мөлшері – 16 млн теңге шамасында. Қаржылай көмек алуға 46 кәсіпкер үмітті, оның 14-і әйелдер қауымынан. Бизнес бастағысы келген нәзік жандардың идеялары да әртүрлі. Мысалы, Ғ.Мүсірепов ауданының «Малика» жеке кәсіпкері қазақтың ұлттық киімдерін тігеді, Айыртау ауданынан Лидия Шеремет өзінің «Шеремет» шаруа қожалығында бақша өсіргісі келеді, Назгүл Құрманова пластикалық бөтелкелерді қайта өңдеумен айналыспақ, Жамбыл ауданының тұрғыны Ләззат Жанбулова фин технологиясы бойынша құлпынай өсіруді армандайды. Сондай-ақ, нәзік жандар химия өнеркәсібін де назардан тыс қалдырмақ емес. Солардың бірі, Қызылжар ауданынан шыққан Гүлшат Шакирова электрохимиялық жандандыру арқылы өңделген, антиоксидантты қасиеттері бар дезинфекциялаушы құрал мен су өндіруді жоспарлап отыр. Және де солтүстікқазақстандық кәсіпкер әйелдер бетон өнімдерін өндіруге, түйе шаруашылығын жүргізуге, көлік жүргізіп үйретуге арналған автодром салуға, сұранысы жоғары балаларға арналған «Жеңіс» оңалту орталығын ашуға ниетті.

Комиссия құрамында – Өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және сыртқы байланыс жөніндегі проректоры Лаура Қайыржанова және Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Құралай Жарова бар. Комиссия төрағасы – СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Марат Ысқақов. Комиссия жобаны қаржыландыру туралы ұсыныстарын СҚО бойынша Өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына жіберетін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер