astana-view

Мемлекеттік сатып алулар: Арзанның жілігі татымас

2016 жылғы 03 Тамыз
- Қарағанды облысы
8621 просмотров

Тендер арқылы сатып алынған жұмыс киімдеріне жергілікті дәрігерлер қауымының көңілі толмайды

Жеткізушілерді баға ұсыныстары бойынша іріктеу тәжірибесін қайта қарау қажет, ал сатып алынған тауарлар мен қызмет түрлерінің сапасына ұйымның немесе мекеменің басшысы өзі жауап беруі тиіс, деп мәлімдейді қарағандылық тауар өндірушілер. Осы аралықта Денсаулық сақтау басқармасы үнемделген миллиондар туралы хабарлауда – осы жылдың бірінші жарты жылдығында өткізілген конкурстардың қорытындылары бойынша 160 млн теңге жиналған. Алайда өңірдегі жеңіл өнеркәсіппен айналысушылардың айтуларынша, жедел жәрдем дәрігерлері киім-кешекті өз қаражаттарына тіктіреді екен.

«Сіз анадан үнемдедік, мұннан үнемдедік дедіңіз», – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы Жеңіл өнеркәсіп комитетінің төрағасы Андрей Шмарин облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастыру және жоспарлау бөлімінің бастығы Айнагүл Сүртібаеваға. «Бізде мынадай жайттар тіркелді, яғни жеке тұлғалардан – медициналық мекеме жұмысшыларынан  жергілікті киім шығарушыларға тапсырыстар келіп түседі. Олар өз қаржыларына жазғы және қысқы киімдерге тапсырыстар береді, өйткені медициналық мекеменің тендер арқылы сатып алған киімдері ешқандай талапқа сай келмейді. Қысқы киіммен дәрігер тоңып қалады. Неге сіздер бұл мәселені бақыламайсыздар? Неге мұндай жайттарға жол бересіздер?», – деді А.Шмарин.

Мемлекеттік органның өкілі түсіндіріп өткендей, әр медициналық мекеменің бюджеті жеке-жеке. «Әр емхана сатып алуды жеке-жеке өткізеді. Біз бұл процестерді бақыламаймыз, бұл олардың өз бюджеттері және оны өз қалауларынша жұмсайды», – деді ол.

Тағы бір жеңіл өнеркәсіппен айналысушы, Теміртау қаласындағы «Фортуна» тігін фабрикасы директорының орынбасары Данияр Бимағамбетов әріптесінің сөзін растады: «Біздерге жедел жәрдем қызметкерлері келіп, тіпті қымбат бағаға болса да, жақсартылған үлгіде форма тігіп беруімізді өтінеді. Стандарттарға сай келе бермейтін адамдар да бар, мысалы, ұзын бойлы денелі жігіт бар, оның айтуынша, оған басшылық киім-кешек сатып алып бермейді екен, сатып алған күннің өзінде сапасы нашар бірдеңе сатып алатын көрінеді».

Осы тұста тігін кәсіпорындарына мемлекеттік сатып алуларға қатысу соншалықты жеңіл емес екендігі анықталды, бұл жерде одан жеңіп шығуды сөз қылудың өзі артық. Анық болғандай, ұйымдастырушылар дәрігерлерге киім-кешектерді тек қана мүгедектер ұйымдарынан ғана сатып алады екен.  Оған негіз – ҚР Үкіметінің 31.12.15 жылғы  «Тауарларды өндіретін және (немесе) беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері мен Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерінің тізбесін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» №1181 қаулысы. А. Сүртібаеваның түсіндіруінше, құжатқа сәйкес, мемлекеттік мекемелер бір қатар тауарларды мүгедектерден басқа ешкімнен сатып ала алмайды екен.

«Біз осы талаптарды сақталуын тексеріп, қадағалап отырамыз», – деп мәлімдеді ол.

Алайда қаулы мәтінін талқылау барысында қарсы тараптар бір жақты пікірге келген жоқ: Денсаулық басқармасы онда не жазылса да, заң талабын мүлтіксіз орындау керек десе, ал жеңіл өнеркәсіппен айналысушылар тауарлар мен қызмет көрсетулердің сапасы бірінші орында тұруы тиіс дейді. Андрей Шмарин бір мысалды келтіре кетті.

«Көп жағдай басшылардың ұстанымына байланысты. Бір балалар үйі бар. Соның басшысы техникалық ережелерге сай келмейтін өнімдер жеткізгендіктен, 25-ке жуық компанияның арасында іріктеу жүргізді. Мәселен, балаға арналған киім алып келдіңіз делік. Ол былай дейді: менде техникалық ерекшелікте «100 пайыз мақта» деп жазылып тұр, сіз маған неге қытайдың қалған-құтқанын әкеліп тұрсыз? Ол өзінің қарсылығын айтып қана қоймай, бірден оларды сотқа береді. Бұдан былай арзан бағамен, күдікті ұсыныспен ешкім мазасын алмайды, яғни адам өзін көрсетті. Егер жоғары тұрған органдар ұйымдардың басшыларына сатып алынатын тауарлар мен қызмет көрсетулерге жауап алып, дәл осылай талап қойса, мұның өзі көп дүниені өзгертеді», – деп мәлімдеді А.Шмарин.

Қызу пікірталас нәтижесінде тараптар облыстағы тігін кәсіпорындары мен медициналық мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту туралы келісімге келді. Жақын арада жеңіл өнеркәсіппен айналысушылар емхана басшыларына киім-кешектердің ең жақсы үлгілерін таныстырып, дәрігерлерге арналған киімді қалай тігуге болатынын және қалай тігу керек екенін көрсетпек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер