astana-view

Жер өңдеуде жаңа технологиялардың берері мол

2016 жылғы 03 Тамыз
- Ақмола облысы
7238 просмотров

Бараев атындағы егін шаруашылығы орталығында ақмолалық шаруаларға арналған кезекті семинар өтті

Мұндай курстарды өткізу өте қажет. Өйткені Қазақстандағы жер өңдеуде тәуекел жоғары, сондықтан өнім үшін күресте ғылым керек-ақ. Семинарлар да ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге жаңа технологияларды жеткізу мақсатында өткізілуде.

Семинар барысында жем-шөптік дақылдарды өсіру туралы сөз болды. Орталық қызметкері, дәріс беруші Александр Юрченко шөп өсіру нормасы туралы, әрбір аудан аумағында қандай дақылдардың жақсы жерсінетіндігі туралы айтып берді. Олар еңбектеніп жатқан жерлер де сан түрге бөлінеді. Егер бір шаруа шөпті далалы жерге сепсе, енді бірі орманды-далалық жерге себеді, әрі топырақ түрлері де әр жерде әртүрлі. Фермерлерге бүгінгі таңда егін бітік шығуы үшін қандай дәрі-дәрмектер қолданылатындығы, тұқымды қалай дәрілеу қажеттігі туралы да кеңестер берілді. Семинарға қатысушылардың барлығы дерлік агрономдар, шаруашылық басшылары, яғни ауылшаруашылық дақылдарын өсіруде бірталай тәжірибесі бар адамдар. Алайда әрқайсы өзіне пайдалысын көкірегіне түйіп алды. Солардың бірі – Әнуарбек Айтбаев.

«Біздің бизнеспен айналысқанымызға 5 жыл болды. Бүгін өзгелер сияқты маған да жаңа технологиялар туралы білу қызықты болды. Бұдан да көбірек білуге үміттімін, сондықтан мұндай семинарлардың басқа тақырыптарда да жиі өткізілгенін қалар едік».

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев атап өткендей, оқу семинарларын өткізудегі басты мақсаттардың бірі – шаруалардан оларға қандай білім мен технологиялар қажет екенін білу.

«Бүгінгі таңда ҚР ҰКП Агробіліктілік орталығында мың жарым адам оқытылды. Жоспарда тағы 8 мың адамды қамту бар. Семинарларды өткізу үшін алдыңғы қатарлы шаруашылықтарды таңдау жай ғана сәйкестік емес: онда сарапшылар шаруаларға жаңа технологияларды көзбе-көз таныстырады. Сонымен қатар, дәрістер барысында біз фермерлерде қандай мәселелер мен сұрақтар бар екенін анықтауға тырысамыз. Кейін оны ҰКП Үкіметке жеткізеді», – деді Нұржан Әлтаев.

Айта кетерлігі, семинарлар дәрістер оқумен ғана шектелген жоқ. Барлық фермерлер Бараев институтының тәжірибелік егістік аумақтарына шақыртылды. Онда көретін нәрсе де баршылық: орталық аумағында ауылшаруашылық дақылдарының ондаған түрі орналасқан. Мұнда жем-шөптік дақылдар сұрыптарының көптігі соншалық, оларды толық қарап шығу үшін бір сағат та жеткіліксіз болады. Семинарға қатысушылар ғылыми технологияларды пайдаланудың тиімділігін өз көздерімен көре алды. Барлық қатысушылар өздерімен бірге сертификаттар ғана емес, тәжірибеде қолданатын білім де алып қайтты. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер