astana-view

Халық көрме тауарларына кезекке тұрды

2016 жылғы 10 Тамыз
- Қостанай облысы
9152 просмотров

Электромобильдер, косметикалық балшық, нан, сусындар және кәмпиттер...

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік кезеңінде қостанайлық өндірушілер көптеген өнім түрлерін назарға ұсынды. Шара 10 тамызда қала орталығында ашық аспан астында өтті. Мұндай формат кездейсоқ таңдала салған жоқ: биыл өңірде шыққан тауарларға сарапшылық топ қана емес, сонымен бірге көрмеге келген әр адам баға беруге мүмкіндік алды.

Мұнда шұжықтардың, нан-тоқаш өнімдерінің жаңа түрлерін дегустациядан өткізуге, ауызсудан дәм татуға болады, осы арқылы келушілер күн ыстықта шөлдерін баса алды. Сонымен бірге, ұнаған затты өндіруші бағасымен сатып алуға мүмкіндік туды, бұл мүмкіндікті жіберіп алғысы келмеген қалалықтар сөрелер алдына кезекке тұрды. «Жас Қанат 2006» ЖШС ұсынған тауық жұмыртқасы да лезде өтіп кетті, қыз-келіншектер «Жаркөл» ЖШС-нен зығыр майының дәмін татса, «Раумэн» ЖШС-ның нан-тоқаштарын да түгелдей сатып алды.

Федоровск ауданының жеке кәсіпкері Эдуард Шрейдердің сөресі еш күш салмастан босап қалды. Ол 16 жыл бойы шұжық өнімдерін жасаумен айналысып келеді. Фирманың тұрақты сатып алушылары бұрыннан бар және олармен арадағы сауда ұзаққа баратын секілді. Бизнесменнің айтуынша, сапаға қатысты ешқандай айрықша құпия жоқ. «Біздің шұжық жүз пайызға табиғи, тек қазақстандық еттен жасаймыз, өзіміздің шаруалардан сатып аламыз. Байқауға алғаш рет қатысып отырмыз, бұл сапа байқауы болғандықтан, біз үздік деген атқа    лайықпыз», – деп атап өтті Эдуард Шрейдер.

Өткен жылдардағы жеңімпаздар «СарыарқаАвтоПром» экспозициясы да көптің қызығушылығына ие болды. Былтыр зауытта шығарылатын «Toyota» маркалы автомобилі тұрғындарға арналған үздік тауар деп танылған, енді компания «Электромобиль Jac» деп аталатын көліктің жаңа түрін ұсынып отыр. Ол кәдімгі 220V  розеткасы арқылы қуат алады. Бұл қуат 200-230 км-ге жетеді. Электромобильдер сатылымға келесі жылы шығарылады, бірақ сарапшылық топтың мүшелері мен журналистер азғантай тест-драйв жасап көрген еді.

«Ыңғайлы, жайлы! Өте жұмсақ жүреді. Бастысы, отынсыз жүреді деп ойламайсың да», – деді облыстық Кәсіпкерлер палатасы директоры Мұрат Әбенов.

Биыл байқауға барлығы 20 кәсіпорын өтініш берген. Тәжірибелі әрі нарықта ұзақ уақыт бойы жұмыс істегендер қатарында «Баян Сұлу» АҚ, «ЕвразКаспианСталь» ЖШС, «Аква-Арасан» ЖШС, «Сосновый бор» бар. Жаңадан қосылғандар қатарында Рудный қаласынан бірнеше компания бір-ақ келіпті. Олардың бірі «Дон» ЖШС. Онда былтыр Қазақстандағы алғашқы косметикалық балшық өндірісі жолға қойылған және жоба басшысы Азамат Нұрғазиннің айтуынша, фирма шетел нарығын шын мәнінде жауламақ ниетте екен. Қостанай облысы әкімі Архиме Мұхамбетов те шығарылып отырған тауарларға баға берді. Шараға қатысқан ол жоспарлар туралы біліп, егер болса проблемаларды шешуге көмектесетінін айтты.

«Сіздерде сапалы өнімдер көп шығарылады екен, тұрғындар сол өнімдерге қол жеткізе алуы тиіс. Мәселен, облыс орталығынан жер телімін бөліп, дүкен ашуға болады. Мұндай өнімдерді делдалдарсыз, тікелей қалалықтарға сатуға болар еді. Бұл тұрғындар үшін де, кәсіпкерлер үшін де, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін де қолдау болар еді», – деді Архимед Мұхамбетов.

Өңірлік кезең жеңімпаздарының есімі тамыз айында белгілі болмақ, салтанатты рәсім Конституция күні қарсаңында ұйымдастырылмақ. Айта кету керек, ұсынылған тауарларға баға беруге кез келген адам мүмкіндік алды, ол үшін арнайы сауалнамаға белгі қойып, жанында тұрған ыдысқа салу қажет. Көрермен көзайымы сыйлығы кімге бұйыратыны жұмбақ күйінде қалып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер