astana-view

Ауылдықтар дизельдік отынды арзанға алады

2016 жылғы 10 Тамыз
6042 просмотров

Энергетика министрлігі жанармай тапшылығы болмайды деп сендірді

Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің кезекті селекторлық отырысында көтерілді.

«Шаруалар шілде айында 112 мың тонна дизельдік отын жұмсайды деген болжам жасалған, ал іс жүзінде  86 мың тонна жұмсалды. 9 тамыздағы мәлімет бойынша, жоспарланған 149 мың тонна ЖЖМ-дың тек 28 мың тоннасы, яғни, 19%-ы жұмсалған», – деді энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Министрдің мәліметіне сүйенсек, өңірлердегі егін ору мен шаруашылық жұмыстарына 441 мың тонна жанар-жағармай керек. Қанат Бозымбаев, бүгінде өңірлерде 236 мың тонна сұйық отын барын, ал қалған 30 мың тоннаны мұнай өңдеу зауыттары қамтамасыз ететінін мәлімдеді. «Мұнай өңдеу зауыттарында (МӨЗ) 336 мың тонна дизельдік отын өңделеді. Бұл тамыз, тіпті, қыркүйек айына жетеді»,–деді министр.

Осы орайда, министрдің ақпараты бойынша, 10 тамыздағы дерекке сүйенсек, МӨЗ-да 93 мың тонна жанар-жағармай өндірілген, бұл жоспарланған мөлшерден 2-3%-ға кем болып отыр. Қанат Бозымбаев бұның себебін «Павлодар МӨЗ-да мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысының апатты түрде тоқтауына байланысты» деп түсіндірді. Сондай-ақ ол «ондағы олқылықтың орны толтырылғанын, қондырғының толық жөндеуден өткенін», айтты.

Алдағы айларда қазақстандық МӨЗ-дың барлығы кезекті жөндеуден өтпек. Осылайша, Павлодар МӨЗ 20 тамыз бен 20 қыркүйек аралығында қондырғылырды жаңғырту мақсатында өз жұмысын тоқтатпақ. 

«Шымкент МӨЗ да 24 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жөндеу жұмыстарын жүргізу  мақсатында, жұмысын тоқтатады», – деп атап өтті энергетика министрі.  

Бозымбаев, өз кезегінде, егін ору науқаны қызған уақытта, шаруаларды ЖЖМ-мен  отандық зауыттар қамтамасыз ететінін, ал жетпеген отын орнын импорт толтырады деп сендірді.

Сонымен қатар, энергетика министрі, Ауыл шаруашылық министрлігінің өңірлерге қосымша жанармай жеткізу ұсынысын да ескергенін мәлімдеді. Министр мұндай мүмкіндіктер бар екендігін айтты. 

«Алайда, олар жеңілдетілген бағамен беріле ме, міне, мәселе осында. Арадағы айырмашылық жер мен көктей: зауыттан алынған жағармай литрына 79 теңге болса, жанармай құю станцияларында баға 108 теңге болады.  Алдымен, астықтың ылғалды болатынына сенімді болу керек. Себебі, жағармай көлемінің бірқатары жағармай құю станцияларына қайта сатылатынын тәжірибе көрсетіп отыр», – деген министр аталмыш мәселеге қыркүйек айында оралуды ұсынды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер