astana-view

Ғылым мен бизнес: Келісіп пішкен тон келте болмас

2016 жылғы 15 Тамыз
13871 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі Мұрат Әбенов қазақстандық ғалымдар бизнеспен белсенді жұмыс істеуі тиіс деп санайды

Palata.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында Мұрат Абдуламитұлы өз ойын ортаға салды

– Мұрат Абдуламитұлы, бүгін Астанада өнімді инновацияларды ынталандыруға арналған жобаның басталғаны туралы жария етілді. Үздік ғылыми өнімдердің авторлары бірнеше миллиондық гранттарға ие болмақ. Сонымен бірге бүгінгі таңда бізде өзгелердің дайын технологиялары да зор сұранысқа ие, ал отандық ноу-хауға қаражат пен уақыт жетпей жатады. 

– Бұл сұрақ бүкіл әлемнің алдында тұр, іргелі ғылыммен  айналысқан дұрыс па жоқ әлде қолданбалы ғылыммен бе? Және де, шынын айтқанда, соңғы жылдары әлем елдері осы сұрақ бойынша әртүрлі ұстанымда. Іргелі ғылымды қолдауды жалғастырып, қолданбалы салаларға назар аудармайтын, сол себепті экономикалары артта қалған мемлекеттер бар. Керісінше мысалдар да баршылық, ондай елдер іргелі зерттеулермен айналыспайды және жат елдік технологияларды тездетіп енгізуді артық көреді, сол себепті де бұл елдер алда келеді. Ал, тепе-теңдікті сақтап, бүгінгі күн үшін де, болашақ үшін де жұмыс істеп жатқан елдер бар. Мен осы тепе-теңдікті сақтау маңызды деп ойлаймын. Әрине, өзгелердің дүниелерін қолданған пайдалы, және де соларды енгізе отырып, өзіңнің инновацияларыңды құруға болады. Бұл жылдам экономикалық әсер береді. Бірақ, егер де елде кадрлар мен іргелі тақырыптар бойынша атқарылған жұмыстар жоқ болса, онда ертеңгі күні осы жұмыстарды өндіріске кім бейімдейді?

– Қазақстандық ғалымдар экономика мен бизнестің қандай салаларына аз да болса өз жаңалығын қоса алады деп ойлайсыз?

– Бұл энергетика, мұнайды қайта өңдеу салалары болуы мүмкін. Бүгінде біз оны тек жағамыз, ал мұның өзі мұнай химиясын дамыту үшін өте жақсы органикалық өнім емес пе? Оған IT, ауыл шаруашылығы салаларын қосар едім – айталық, ГМО-ны қолданбайтын өнімдер өндірісі бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие. Көлік логистикасы ше? Бүгінгі күні біздің қолымызда бар зерттеу жұмыстарын коммерцияландыруға болады. Және де өзімізді өзіміз шектемеуіміз қажет.

– Сіздің көзқарасыңыз бойынша, бүгінгі күні ғылым мен бизнестің коммерциялық тиімді одақ құруына не кедергі?

– Біз әзірше әр тілде сөйлеп жүрміз, енді бір-бірімізді жақсырақ білуге тиіспіз. Осы «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы ғалымдарды қолдауға көмектеседі, бүгінде жөнсіз кимелеп, «мен бірінші, сен екінші» деудің керегі жоқ. Бәріміз бірге жұмыс істеуіміз керек. Егер бизнеспен жұмыс істемесе, бір де бір ғылыми топ қаржыға қол жеткізе алмайды. Бизнес те егер ғылыми әзірлемелерді пайдаланбайтын болса, алға жылжи алмайды.

– Сіз қазіргі заманғы ғалымдар өз саласында көшбасшы болуды ғана біліп қоймай, өзінің ғылыми жаңалықтары туралы ақпаратты дұрыс бере білуі де қажет, ең болмағанда интернетте өзін және өзінің жобаларын сата білсе, өз табыстарын ілгерілете білсе, сол  маңызды деген пікірге қалай қарайсыз? 

– Дұрыс айтасыз, бізде ғылыми ой-пікір жетіспейді. Негізінен, бізде іргелі ғылым оқшауланып, бөлектеніп жұмыс істейді. Бізге қолданбалы сала жетіспейді. Ғылым да бизнес сияқты ойланып үйренуі тиіс, ал бизнес ғылым сияқты пайымдап үйренуі қажет. Егер ғылым өз әзірлемелерін енгізуді білмесе, онда ол өзін-өзі ақтамайтыны түсінікті. Бүгінде ғалымдарға тектен тек ақша төлейтін елдер мүлде жоқ. Көптеген елдерде қаражаттың  19-20%-ы іргелі ғылымға жұмсалады, қалғаны – қолданбалы ғылымға. Бүкіл әлемде іргелі зерттеулер аймағы тарылып барады. Бүгінгі күні ғылымды бизнеске жақындату қажеттігін түсінген жөн, ғалымдар да осыған көніп, керісінше ынтымақтаса жұмыс істеуі тиіс, сөйтіп бірлесіп іс тындыратын кез келді.

- Сұхбатыңызға рахмет! 

 Жанар Сердалина


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер