astana-view

Табысты білім жобасы

2016 жылғы 17 Тамыз
- Қостанай облысы
9649 просмотров

Қостанайдың отыз екі кәсіпкері «Іскерлік байланыстар» жобасына қатысуға өтінім берді

Оқытудың бірінші кезеңі қазан айының басында өтеді. Теориялық бөлім тікелей облыс орталығында өтеді, мұның пайдасы да жоқ емес, өйткені бизнесмендер бұрынғыдай Алматыға немесе Астанаға бармайды.

Сабақтар біліктілікті арттыру, бизнес жүргізудің заманауи әдістері және ең бастысы, шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнату мәселелеріне арналады. Дәрістерді «Қазақ-Британ университеті» АҚ-ның білікті отандық және шетелдік бизнес-тренерлері оқиды.

«Оқу он күнге созылады – бұл іштей оқу. Ал бес күн – өздігінен оқу, онлайн-семинарлар мен кеңес берулер. Тікелей шет елге баратын қатысушылар туралы шешімді сұхбаттасу мен жобалық тапсырманы бағалаудан кейін қазақ-герман комиссиясы бірлесе отырып қабылдайды. Яғни мұнда тағылымдаманың шынайы келешегіне, кәсіпкерге қандай пайда әкелетіндігіне қарайды», – дейді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Айгүл Естемір.

Өткен жылы Германияға баруға Қостанай облысынан екі бизнесмен іріктелген еді. Оның бірі – «Север-Комбинат» ЖШС атқарушы директоры Әнуар Түлекбаев. Жоба аясында ол Ганновер, Гамбург, Дюссельдорф, Хаген және т.б. бірқатар неміс қалалары мен сол жақтағы компанияларды аралаған болатын. «Wolksvagen» концернінің зауытында, «Lufthanza Technik» авиазауытында, «Hannover Messe-2016» мамандандырылған көрмесінде болып қайтты. Жинаған тәжірибесін бизнесмен өз компаниясына енгізуді жоспарлап отыр.

Естеріңізге сала кетер болсақ, «Іскерлік байланыстар» жобасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Жоба операторларының бірі – «Атамекен» ҚР ҰКП. Ол шетелден жинақтаған тәжірибесін пайдалана отырып, өз өндірісін жаңғыртуды, жаңа технологияларды енгізуді немесе қызметкерлер жұмысын жетілдіруді мақсат тұтқан кәсіпкерлер үшін жасалған. Жобаға қатысуға өтінімдер Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасында, қалалық және аудандық филиалдарда қабылданады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер