astana-view

Өндірістің тасы өрге домалауда

2016 жылғы 19 Тамыз
- Қостанай облысы
8235 просмотров

Қостанай облысының кәсіпорындары өнеркәсіп өндірісінің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетуде

Егер жыл басында нақты көлем индексі 79,3% деңгейінде болса, 7 ай ішінде бұл көрсеткіш 91%-ға табан тіреді. Ал жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті жүз пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Бұл жөнінде өңір басшысы Архимед Мұхамбетов өңірдің даму нәтижелері жөнінде  облыстық мәслихат депуттары алдында берген есебінде мәлімдеді. Дәлірек айтқанда, «ССГПО» АҚ ірі тау-кен өндірісі Қытайға темір жеткізу ісін жандандырғанын, ал автокәсіпорындардың автомобиль жасау көлемін ұлғайтқаны белгілі болды. Болашақта кәсіпорын JAC электромобилінің сериялық шығарылымын қолға алуды көздеп отыр.

«Өңірдің өңдеуші кәсіпорындарын дамытудың бірінші сатысында трансұлттық компаниялардың 40 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестициясы арқылы жаңа мамандандырылған техникаларды жабдықтау көзделіп отыр. Бұл, өз кезегінде, жергілікті автоөнеркәсіп деңгейін 38-ден 50%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Екінші кезеңде, басқа салаларды, мәселен, жеңіл, тоқыма, тамақ өнеркәсібі, пластика өндірісі  индустриясын күшейту есебінен, өндіріс көлемін ұлғайту жоспарлануда»,– деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.

Өңдеу өнеркәсібінің 63%-ын иеленіп отырған тамақ өнеркәсібінде де айтарлықтай даму бар, осылайша бұл саланың даму көрсеткіші 26%-ға тең болған. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттыру және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында өңірде ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін (АӨК) құру жоспарда бар. Мәселен, биыл Ұзынкөл ауданында ірі АӨК құрудың пилоттық жобасы жүзеге асырылмақ. Оның құрамына жеке қосалқы шаруашылықтарында 4,5 мың тонна сүт беретін 1,5 мыңнан астам сауын сиыры бар 1000-нан астам тұрғын кіріп отыр. Жетіқара ауданында да ірі қара мал төлін өсіруге бағытталған АӨК құрылмақ. Кешен жылына 1200 бас бұқаны бордақылау алаңдарына жеткізуді кепілді түрде қамтамасыз етеді. Бұл 2016 жылдың соңында ет өңдеу көрсеткіштерін 1,5 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.  

Биыл АӨК-нің 24 инвестициялық жобасын іске қосу көзделіп отыр. Ол 6,5 млрд теңге инвестиция тартуды және 352 жаңа жұмыс орнын құруды қарастырады. Олардың 15-і пайдалануға беріліп қойған, ал 9-ы кезек күтіп тұр.

«Шағын және орта бизнесті қолдау негізінен «Бизнестің жол картасы-2020»  бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында шағын және орта бизнесті қолдауға 2,5 млрд теңге бөлінді. Биылғы жылы субсидия және кепілдеме түрінде 53 жобаға қолдау көрсетіліп, 7,7 млрд теңге көлемінде несие берілді, сонымен қатар, 16 кәсіпкерге 30 млн теңге көлемінде гранттар табысталды. Сондай-ақ, өндіріс инфрақұрылымын дамыту мақсатында, 3 жобаны жүзеге асыру үшін 2 млрд теңге көлеміндегі қаражат жұмсалады деп күтілуде. Ол ақшаға үй құрылысы комбинаты жолын темір жолға жалғауды және Арқалық қаласы Айдар ауылының құс фабрикасына екі резервті электр желісін тартуды, сондай-ақ, Қостанай қаласы индустриалды аймағын құруды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.

Сонымен қатар, облыс басшысы Қостанай облысы тұрғындарына шағын несие беруге 3,2 млрд теңге жұмсалатынын алға тартты. Бүгінгі таңда, 523 млн теңге көлемінде 239 микронесие берілген. Олардың 60%-ы мал шаруашылығы, 28%-ы қызмет көрсету, 12%-ы егін шаруашылығы салаларындағы жобаларға берілген. Одан бөлек, 919 миллион теңге көлеміндегі 389 өтініш әлі қаралу үстінде. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер