astana-view

Аяжан Жақсыбай: «Айналамның Франциядан кем болмағанын қалаймын»

2016 жылғы 26 Тамыз
12601 просмотров

Қазақстандық танымал дизайнер, сәнгер Аяжан Жақсыбай бизнес, отансүйгіштік және сүйікті іске деген құлшыныс туралы айтып берді

«Дарынды адам – барлық жағынан дарынды», бұл тіркес Аяжан Жақсыбайға қаратылып айтылғандай. «Arthur Andersen», «DuPont de Neymour», «Conoco», «AT&T», «Universal Music», «Bacardi Martini» – оның бизнес және қаржы саласындағы қызметі осы тізім арқылы тізбектеліп кете береді. Мәскеуде тұратын қазақстандық қаршадай қыз, 25 жасынан бастап басшылық қызмет етеді. Ол бизнестің ең үздік Duke University's Fuqua School of Business мектебін бітірді. Осылайша, осы білім ордасын тәмамдаған алғашқы қазақ қызы атанды. 2006 жылы Аяжан «ҚазМұнайГаз» БӨ» компаниясының шақыртуымен Қазақстанға көшіп келеді. Сөйтіп, ол компанияның Лондон қор биржасына шығу кезеңінде жұмыс істейді. Одан кейін Қашаған жобасының бас кеңесшісі қызметін атқарған. Ал 2010 жылы өзі өмір бойы арман еткен іспен шұғылдануға шешім қабылдап, құжаттарын америкалық киномектепке тапсырады. Бұл жерде де оны үлкен табыс күтіп тұрған еді. Бірден фильмдерге тапсырыс түсіп, барлығы оңынан болды. Содан кейін оның сән әлеміндегі мансабы басталды. Аяжан Жақсыбай өзінің бизнес тәжірибесін пайдаланып алғашқы киім топтамасын іске қосты, және бірден шетел нарығына бағыт алды. Алғашқы маусымның өзінде Лондон, Париж және басқа да қалаларға шықты. Екі жыл өткеннен кейін ол еліміздің жетекші дизайнерлерінің біріне айналды.

– Аяжан, айтыңызшы, Сіз қалай сән нарығын тез жаулап алдыңыз?

– Мен бірінші топтамамнан бастап барлығын дұрыс істей бастадым. Өйткені ол кезде менде мол тәжірибе бар еді. Мен 17 жыл бизнесте жұмыс істедім. Әлбетте, мен де барлығы бірден кәсіби түрде жасалды. Мысалы: баспасөз баяны, бағаны қалыптастыру, топтаманы дұрыс безендіру, lookbook, дұрыс беру тәсілі т.б.

– Қазір жұмыс істеп отырған жобаларыңыз туралы айтып берсеңіз?

– Мен Шымкентте «Shymkent art days» атты қазіргі заманғы өнер фестивалін өткіздім. 23-25 тамыз аралығында қазақ әуендерін жаңа қырынан танытатын «Елге оралу» атты музыка фестивалін өткіземін. Ол жерде француздық рэп пен қазақтың операсы, ди-джэйлердің сүйемелдеуіндегі қазақ әуендері, «Ninety one» тобының орындайтын кәріс стиліндегі синти-поп және джаз әуендері болады. Мұның барлығы менің идеям. Яғни, мен қазір мәдени шаралардың ұйымдастырушысы ретінде де қызмет атқарып отырмын. Жақында Астанада «Astana fashion festival» өткізіп, фестивальдің кураторы, арт-директоры болдым. Енді мен бұл модельді бүкіл елде, кейін бүкіл әлемде қолданғым келеді. Қазір Барселонада, Миланда, Мексика-ситида кеңселері бар Испанияның халықаралық жарнама агенттігімен келісімшартқа отырдым. Солармен бірге осы іс-шараны Испанияда өткізбекпіз. Мен Вьетнамға шықтым. Ол жерде вьетнамдық дизайнерлермен бірігіп бағдарлама жасаймыз. Қазанда Қытайға сапар шегіп, «Asian fashion awards» іс-шарасында Қазақстанды дизайнер ретінде таныстырамын.

– Бәлкім сіз өз тәжірибеңізді басқаларға да үйретіп жүрген боларсыз?

– Ия, әлбетте. Менде дизайнерлерге арналған бренд-инкубатор бар. Яғни, өзім жүріп өткен жолдың барлығын дизайнерлермен қайтадан жүріп өтіп, үйретіп жатырмын. Мен «Дизайн және топтаманы алға жылжыту» атты арнайы курс ұйымдастырдым. Енді өзімнің жеке мектебімді ашқым келеді. Теория жүзінде негізі қаланып қойған, енді тек жайлы орын табу ғана қалды. Көптеген дизайнерлерге кеңес беруден жалыққан емеспін. Тек қазақстандық қана емес, сондай-ақ грузиндік, ресейлік дизайнерлер де бар. Қазақтанда ҚДБ желісі бойынша, экспортқа шығаратын өнім өндіру жөнінде, брендтер мен фабрикаларда кеңесшімін.

– Ал бизнес-жаттықтырушы ретінде ше?

– Ия, бизнес-коуч ретінде оларға стратегия, өнім, экспорт, баға белгілеу бойынша кеңес беремін. Жоғары буын басшысы болғандықтан қаржы, инвестиция тарту, маркетинг және сату мәселелері бойынша хабарым көп.

– Яғни сіз алдымен тәжірибелік білім алып, содан кейін ғана жан қалауыңыздағы жұмысты таптыңыз ба?

– Бұл тек жан қалауымдағы жұмыс емес, ол қазір үлкен сұранысқа ие. Мен суретші ретінде де кәсіпкер ретінде де жұмыс істеймін.

Менің қазіргі басты мақсатым – тәрбиелеу. Мен жас дизайнерлерді өзімнің білгеніме баулып жатырмын, себебі мен басқаларға көмек қолын созғым келеді. Үйренгенімді басқаларға да үйрететін уақыт жетті.  Қазақстандық сән әлемінің дамығанын қалаймын. Себебі индустрияны жалғыз адам жасамайды. Менде «Барлығын бірігіп жасауымыз керек» деген ұран бар.

Бір кездері мен алғаш рет Лондонға шықтым. Ол Scoop көрмесі болатын. Сол жердегі алғашқы қазақ қызы болдым. Тіпті ТМД елдерінің ішіндегі алғашқысы болдым десем, қателеспеймін. Ол жерден бельгиялық дизайнерлердің бөлек құрылған павильондарын көрдім. Сөйтіп өзіме айттым: күндердің күнінде қазақстандық дизайнерлерге арналған жеке павильондар болады деп. Бренд-инкубатор арқылы Милан мен Парижге 4 бренд шығардым. Сол кездегі арманым шындыққа айналды. Себебі біз өзіміздің дизайнерлерімізді ең ірі White Milano көрмесіне қатыстырдық. Ол жерге 20 мың сатып алушы келеді. Біздің жобамыз Talents from Kazakhstan деп аталды. Қазір White менің дизайнерлермен жұмысымды көріп, маған серіктес болуды ұсынды. Осылайша мен White-тың ресми скауты атанып, оларға дүниежүзі бойынша дизайнерлер іздеймін. Жоба Talents from… атауымен қалды. Тек соңына әртүрлі елдердің аты қосылады.

–  Сіз бренд-инкубатор туралы айтып қалдыңыз. Жас дизайнерлерді қалай дайындайтыныңызды кеңірек баяндап берсеңіз?

– Мен курстарда дизайнерлерге идеяны қалай жүзеге асырып, шетелге миландық, париждік  сән апталығын қалай шығу керектігін үйретемін. Бренд-инкубаторда дизайнерлерді 6 ай бойы жетелейміз. Біз идеядан тұжырымдамаға, үлгілерді дайындау, топтаманың жоспары, бағаларды белгілеу, lookbook түсірілімі, каталог сынды барлық кезеңдерден өтеміз. Яғни дизайнерге Милан мен Парижге шығуға қажетті жұмыстардың барлығын үйретеміз. Алғашқыда мен дизайнердің мүмкіндігін анықтаймын. Оны әлемдік деңгейге шығара алам ба деп айқындап аламын. Егер мен одан бір ұшқынды байқасам, сол адамды таңдап, ары қарай жұмыс істеймін. Бұл ақылы. Бірақ барлық елдердегідей инкубатор болуы үшін, демеушілік қаражат іздеп жүрмін.

Енді осы бизнес-инкубаторды телевизиялық форматта, дизайнерлер конкурсы түрінде жасағымыз келеді. Алдымен, республикалық байқау жарияланады. Оған кез-келген адам өтініш білдіре алады. Сосын халықаралық қазылар ең мықты 12 дизайнерді таңдап алады. Олар басты үш жүлдеге таласады. Мысалы: бірінші жүлде – Prada немесе Chanel-де оқу-тәжірибесінен өту, екінші орынға – Милан және Париж сән апталығына қатысу, үшінші орын – шетелде білім алу деген сияқты. Барлығымен келісіп қойдым, қазір тек демеушілік қаражат іздеп жатырмын. Мен бұл байқау тек қана дизайнерлерді ғана емес, өндірушілерді де алға жылжытады деп ойлаймын. Себебі, қазір өндірушілерге де дизайнерлермен бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Тек қана мақта немесе былғарыны өндіріп қою аздық етеді.

– Сіз өндірушілерге де кеңес бересіз бе?

– Ия, және де олардан «Сіздер, 50-жылдардағы өнімді шығардыңыздар, осыны қазір сатып алады деп ойлайсыздар ма?»,– деп сұраймын. Оны жобалау, тұжырымдау, жүзеге асыру маңызды. Қазір тек қана қолмен жұмыс істеу аздық етеді, ара-тұра баспен де ойлау керек. Оның қандай да бір артықшылығы, беру тәсілі болу керек. Қазір бәсекелестік деген қарқынды жүріп жатыр. Тұтынушы не қалайды, не сатып алады, барлығын өзі шешеді. Оған қосымша біз барлық батыстық брендтермен бәсекелестікке түсеміз. Өйткені қазір бәріне интернет арқылы тапсырыс жасауға болады. Өндіруші өз ғимаратында отыр, оның жері, 50 млн еуро тұратын құрал-жабдығы бар. Ал брендинг, фирманың жеке стилі, өздерінің арнайы қаптамасы үшін 5 мың еуро төлегісі келмейді. Бұл өзі кішкентай көзге көрінбейтін дүние. Алайда, жетіспейтіні бірден байқалады.

– Сізде әлеуметтік жобалар бар ма?

– Біз пікірлес адамдармен бірігіп «Бастау» атты әйелдердің қоғамдық бірлестігін құрдық. Бұл бірлестік даму жолында қызмет етеді. Біз Қазақстанда қазір кенжелеп қалған бес бағытты таңдап алдық. Біріншіден, бұл шығармашылық индустрия. Біз сән, кино, бейнелеу өнері, заманауи өнер түрлерін бизнеске айналдыруымыз керек. Екінші бағыт – ғылым және технология, үшінші – ауыл шаруашылығы, төртінші – қазақ тілі мен ұлттық құндылық, бесінші – балалар және ұлт денсаулығы. Бұлар әлеуметтік маңызы бар дүниелер, оларды дамыту керек.

Бүгін, мысалы, заманауи өнер түрі видео-арттың 20 минуты 50 мың еуро тұруы мүмкін. Тек біздің суретшілерге сондай қарқынмен сатылатын видео-арт жасауды үйретуіміз керек. Киім де сатуға болады. Мендегі жай ғана күндізгі көйлек аз дегенде 500 еуро, пальто 1000-1500 еуро тұрады. Ол үшін үлкен күш жұмсаудың қажеті жоқ, тек қана санаңды іске қоссаң жетіп жатыр.

Мен осы ұйымды басқарып, шығармашылық индустрия бағытында жүргізіп келемін. Әрбір бағытты өзін-өзі қалыптастырған және соны өзгелерге үйретуге ниетті әйелдер басқарады. Біздің өз арамызда айтатын ұранымыз бар, біз былай айтамыз: біз осы жердің Франция айналғанын қалаймыз, біз ешқайда кеткіміз келмейді, осы жерде барлығы керемет болғанын тілейміз. Қазір әлемнің түкпір-түкпірін аралап жүрген адамдар жетерлік. Жарайды, сөз жоқ, ол жерлердің барлығы әдемі, бірақ неге соны өзімізде жасамасқа? Менің өмір бойы шетелде тұрып келдім. Мысалы, Мәскеуде тұрдым, Америкада оқыдым. Қолымдағы осы дипломдармен қай жерге барсам да жұмысқа орналаса аламын, бірақ мені әрқашан Қазақстанға тартып тұрады. Мен көп тілдерде еркін сөйлей аламын. Париж болсын, Нью-Йорк болсын, Рио-де-Жанейро болсын барлық жерде өзімді үйімде жүргендей сезінемін. Мен танымым бойынша космополитпін, ал ішкі дүнием бойынша Қазақстанның патриотымын. Қызмет бабым бойынша мен әрқашан ең сәнді, ең тамаша жерлерде жүремін. Бірақ мен өзімнің әлі пістесін шағып, қоқысын шашып жүрген, дамымаған ауыл екенімді сезінемін. Менің ауылымда барлығы түзеліп, жағдайы жақсарып, француздың деревнясындағыдай керемет болмайынша тыныш таппаймын.

– Сіздің бастамаларыңыз, сіздің ойлауыңыз, мол тәжірибеңіз бен терең біліміңіз шын мәнінде  таң қалдырады! «Бастау» өте қызықты жоба екен. Айтыңызшы, оның аудиториясы кім, қатысушылар қалай таңдалады?

– Біз жұмыс істегіміз келетін әйелдердің төрт тобы бар. Негізінен, бұл тәлімгерлік, кәсіби бағдар және мәдени іс-шаралар. Бірінші топ – мектепте оқитын қыз балалар. Оларға арналған кәсіби бағдар, стипендиялар, оқытуға арналған әртүрлі мүмкіндіктер. Екінші топ – ЖОО-дағы студент қыздар. Олар үшін жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылады. Үшінші топ – жұмыскер әйелдер. Біз оларға қызметік лауазымын жақсартуға көмектесеміз. Төртінші топ – кәсіпкер әйелдер. Оларға бизнесті қалай бастау керек, қайда бару керек, шетелде бизнесін қалай жүргізеді деген мәселелер бойынша көмек көрсетеміз. Біз осындай қолынан іс келетін нәзік жандарды тауып, оларға жәрдемдесіп, қолымыздан келгенше өз білгенімізді үйреткіміз келеді. Олар да өз кезегінде білген дүниелерін өзгелерге үйрететін болады. Барлығы әйелдің қолында: отбасы, компания, бүкіл қоғам. Әйел – ол ана, біз де ана ретінде жетілдіреміз. Сондай-ақ қолөнерші әйелдердің кәсібін дамытқымыз келеді. Шымкентте қала күніне орай, белгілі бір іс-шаралар өткізгіміз келеді. Сол себепті біз «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесуді жоспарлап отымыз.

– Қызықты әңгімеңізге көп рақмет, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

– Рахмет!


Ұқсас жаңалықтар:

Кәсіппен айналысқыңыз келе ме?
23 Қаңтар
2018
Қызылорда облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер