astana-view

Ауылдағы ағайынның жағдайы қалай?

2016 жылғы 26 Тамыз
- Павлодар облысы
9547 просмотров

Шаруаларды қандай мәселе мазалайды, ауыл кәсіпкерлерінің жай-күйі қалай?

Жергілікті жағдаймен танысып, түйіткілді мәселелерді анықтау үшін Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығы Павлодар ауданына жол тартты.

Павлодар ауданы Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Әнуар Қалышбеков негізгі міндеттер мен нақты істер жайлы баяндап берді. Жыл басынан бері филиалда 346 кәсіпкерлік субъектісіне 1026 кеңес берілсе, әлеуетті кәсіперлерге бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша филиалға 20-дан астам адам келген, бүгінде соның 13-іне несие берілсе, 2-і несиені бұрыннан бар бизнестерін кеңейту мақсатында алған. Одан бөлек, «Сыбаға» бағдарламасы аясында тағы 5 қатысушы агронесиелік корпорация арқылы несиеге қол жеткізген.

Шаруалардың алдында нарықты мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы өнімдерімен  толтыру мақсаты тұр, алайда ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің жұмыстарын күрделендіріп тұрған бірқатар факторлар бар.

Фермер өнімін қайда және қалай сатады? «Черноярский» АӨК басшысы Николай Надедов жеміс-жидектерді өткізуге қатысты мәселені алға тартты. Фермердің айтуынша, кооперативке 64 шаруашылық кірген, енді шаруаларға өнімдерін орталықтан өткізуге көмек қажет көрінеді.

Егер несиелік ұйым долларға «байлап» отырса, лизингке алынған техниканың төлемін қалай өтеуге болады? Мәселен, «Кеңес Агро» ЖШС басшысы Қалқаман Омаров қарыздың көп бөлігін төлегенін айтты. Алайда девальвациядан кейін қаржылық институт фермерді қомақты сома төлеуге мәжбүрлеп отыр, онымен қоса, техниканы қайтарып аламыз деп қорқытуда. Техниканы қайтарып алған күннің өзінде қомақты қарыз фермердің мойнында қала бермек.

Жайылымдық жерлерге қатысты мәселе де бір төбе. Ауылдықтардың мал жаятын жері жоқ. Бұл мал шаруашылығы бизнесінің басты шарты емес пе? Бұл туралы «Пресновское» ШҚ басшысы Сапарғали Байболтов мәселе көтерді. Фермер жайылымдық жерлерді қайта қалпына келтіріп, дамыту жөнінде бағдарлама жасау туралы ұсыныс айтты.

Малды сәйкестендіру – бір малды екіншісінен ажыратуға, сондай-ақ малды вакциналау мен денсаулығын бақылауға мүмкіндік беретін процесс. «Ал іске келгенде малдардың есебі тұрақсыз, нөмірлер мәліметтер базасында қайталанып кетеді, бұл мал шаруашылығымен айналысатындар үшін қосымша қиындықтар мен метриалдық шығын келтіруде», – дейді «Луганск» ӨК басшысы Петр Кузьменко.

Өңірлік кеңестің төрайымы Райхангүл Сатабаева түрлі себептермен шешімін таппай жатқан түйіткілді мәселелер Өңірлік палатаның бақылауына алынатындығын айтты. Сондай-ақ кәсіпкерлерге түрлі мәселелерді шешуде ӨКП алаңын сұхбаттасу алаңы ретінде пайдалануға болатындығын да атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер