astana-view

Бизнеске жастардың жасампаздығы қажет

2016 жылғы 29 Тамыз
- Жетісу облысы
7971 просмотров

Кəсіпкер клиентке адамгершілік танытып, көмек бере білуі тиіс

«ZhasCamp» жыл сайынғы бейресми жастар конференциясында əлеуметтік бастамалар мен бизнес жауапкершілігі туралы айтылды

Биыл Алматы облысы Кəсіпкерлер палатасы жобаның серіктесі болды. Саясат, медицина жəне шығармашылықпен қатар бизнес мәселелері де жастар арасында көп қозғалатын қызықты тақырыптардың бірі. Жыл сайын дəріскерлер бизнесті бастау жəне жүргізу жөнінде əңгімелеп, кеңестер береді. Бұл жолы бизнесмендер не үшін кəсіпкерлікпен айналысуға бел буатынын айтып берді.

Дамира Бекмұхамедова «Шебер» жобасын басқарады. Қолөнершілер қауымдастығы ұлттық өнімді əлемдік деңгейде өркендетуді көздейді. Ол құрған sheber.kz порталы шеберлерге өз брендін дамытуға мүмкіндік береді. «Бренд көпшілікке танымал болуы тиіс логотипті, тауарлық белгі мен авторлық құқықтықты, сонымен бірге компания тіркеуін қамтиды. Брендтің артықшылығы – сапасы. Бірақ, ең алдымен, болашақ брендтің идеясын табу маңызды, ол айрықша болуы тиіс жəне адамдарды қызықтыруы керек», – деді Бекмұхамедова.

Дəрісте  ол ұлттық бұйымдардың ешқашан сəннен шықпау себебін түсіндіріп берді.

Кəсіпкер нәзік жанның мəлімдеуінше, ол үшін басты міндет – ұлттық өнімді танымал ету. «Менімен жұмыс жасайтын қолөнершілер өз брендін жолға қойып, менен кетіп қалады деп қорықпаймын. Мен өз логотипімді олардың өнімдеріне мүлдем орнатпаймын. Мен қазақ брендтерінің санын арттыруды көздеймін», – деді ол.

Жас кəсіпкер, «Просто Дом» компаниясының директоры Дархан Айтқазы студенттер мен жастарға өндірістік бизнес құпиялары туралы сыр шертті. «Бір жыл ішінде біз төрт жекеменшік үй мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бір пансионат салдық. Біз үйлерді канадалық технологиямен, инновациялық материалдарды пайдалана отырып саламыз. Біздің қалада мұндай компаниялар жоқ. Бұл үйлердің артықшылығы – экомақтамен қапталған бірегей панельдерде. Олар жылуды сақтай отыра, ауа өткізе де алады. Яғни, бұл материалдар адам денсаулығына зиян келтірмейді», – деп атап өтті бизнесмен.

Болашақта кəсіпкер дербес экоүйлер салуды мақсат тұтып отыр.

Кəсіпкер, бизнес-жаттықтырушы Аслан Есжанұлының семинары «Стартап: өмірден түртіп алған нәрселер» деп аталады. Бизнеске келмес бұрын Аслан бес жыл мемлекеттік қызмет атқарған. Одан кейін ол өмірін өзгертпекке шешім қабылдаған.

Бүгінде жас кəсіпкер жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы жəне IT салаларында бизнесін дамытып келеді.  Оның айтуынша,  адам бизнестің екі түрін қолға алуы керек. Бірі табыс табу үшін болса, екіншісі жан рахаты үшін. «Адамдардың 90%-ы жұмыс істейді, ал 10%-ы бизнеспен айналысады. Егер есептесек, жұмыс істейтіндердің табысы тамақ пен маусымдық киім-кешекке ғана жетеді екен, ал жастардың  80%-да басында үйі жоқ. Яғни, қалыптасқан «үй-жұмыс» сызбасы арқылы баспана ала алмайсың, ол тек бизнестің арқасында болады. Сондықтан, елдің басты байлығы мұнай да емес, пайдалы қазбалар да емес. Басты байлық – адамдар және олардың идеясы», – деп атап өтті Есжанұлы.

Дәрістер мен тренингтер соңында студенттер кәсіпкерлермен байланыс деректерін алмасып, жеке кеңестер алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер