astana-view

Солтүстік Қазақстан облысының сан қырлы кәсіпорындары анықталды

2016 жылғы 29 Тамыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
9563 просмотров

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары республикалық байқауға жолдама алды

Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті кәсіпкерлер үшін маңызы зор – «Қазақстанның үздік тауары-2016» өңірлік көрме-байқауы өтті. Шараға Солтүстік Қазақстанның 40-қа жуық кәсіпорындары мен жеке кәсіпкерлері қатысты.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша көпсалалы құрал-жабдықтар зауыты «ЗМО» ЖШС жеңімпаз атанды. Зауыт ЗМО-1500 бұрғылау қондырғыларын және үш жүзді PDC қашауларын өндірумен айналысады. Кешенді локомотивтік қауіпсіздік құрылғыларын, спутниктік қабылдағыштарды және мұнай қозғалтқышын басқару блоктарын өндіргені үшін ІІ дәрежелі дипломмен С.М.Киров атындағы зауыт марапатталды. «Анолит нейтральный АНК» дезинфекциялау құралын шығарушы жеке кәсіпкер Гүлшат Шәкірова ІІІ дәрежелі дипломға ие болды.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша жүлделі орынмен  үй жиһаздарын жасап дайындайтын  «Левин В.Д.» ЖК марапатталды. ІІ орынға – «БН Петропавл арақ зауыты» ЖШС тұрақтады. ІІІ орынға – «Казбука» балалар шығармашылығына арналған жиынтықтарды өндіруші «РА АртСити»  ЖШС лайықты деп танылды.

«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «ViZaVi Company» ЖШС жеңімпаз атанды. Компания кондитерлік өнімдер өндіруде сапасы мен тұрғындардың сұранысы бойынша аймаққа танымал болып отыр. Осы аталымның ІІ дәрежелі дипломымен «Казмясопродукт» ЖШС марапатталды. ІІІ дәрежелі дипломды қымыз өндіруші «Арқалық» ШҚ иеленді. «ViZaVi Company» басшысы Ләйлә Сайдашеваның СҚО Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің белсенді мүшесі екенін атап өткеніміз жөн.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер