astana-view

Әлемдегі үздік отыздыққа кірген отандық жалғыз инновациялық кәсіпорын

2016 жылғы 31 Тамыз
- Астана қаласы
3039 просмотров

Астанада өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында тұңғыш рет бақ сынап, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында жүлделі ІІ орыннан көрінген «ALAB Industries» ЖШС өкілдері елорда басшылығымен өздерін толғандырған өзекті мәселемен де бөлісті.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сатып алуларға қатысты құрылған жұмыс комиссиясында әуе көлігіндегі тасымал бойынша белсенді қолдау көрсеткен аталған отандық тауар өндіруші өз бәсекелестері қатарында жыл сайын жаңартылып отыратын әлемдегі үздік отыз компания тізіміне енген. Ал Қазақстан Республикасы аумағында авиация мұқтаждығы үшін арнайы сұйықтықтар мен көктайғаққа және мұз қатуға қарсы түйіршіктелген реагент шығарумен айналысатын жалғыз қазақстандық квазимемлекеттік сектор кәсіпорны.

Таяуда «Самұрық-Қазына» АҚ, Астана мен Ақтөбе қалаларының халықаралық әуежайлары тараптарымен, «Астана Тазалық» кәсіпорнымен 200 миллион теңгеден астам сомаға келісімшарттарға қол қойған «ALAB Industries» ЖШС атқарушы директоры Аида Қасымованың айтуынша, азаматтық мақсаттағы әуежайлармен, авиакомпаниялармен және коммуналдық қызметтермен оңай тіл табысқанымен, Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери нысандарға тиімді сауда ұсыныстарымен кіру қиын екен. Көрме қатысушысының мұң-пікіріне Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова мұқият құлақ түрді. Бұл ретте Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов тиісті құзырлы мекемелерге мәселені шешуге қатысты хат жолданғанын мәлімдеді.

Біз де өз кезегімізде «ALAB Industries» компаниясының жетекші өкілін алғашқы жеңістерімен құттықтап, өнімнің тек ұшып-қону жолағын өңдеуге арналмағанын, қым-қуат қала өмірінде де кәдеге жарайтынын білдік. Мәселен, компания ұжымы, біресе күр күрт жылып, аяқ астынан боран соғып, үскірік аяз көктайғаққа ұластырғанда да мұз қатқан жолды тазалауға байланысты әуре-сарсаңды жеңілдетуге дайын екен. Жақында ғана ашылса да, жетістіктері баршылық. Қазақстанда болмаған, 60 градусқа дейінгі суыққа төзімді, инновациялық еуропалық технологиялар қолданылатын ерекше химиялық өнім зор мақтан тұтылуда. Былтыр басталған бұл тың өндіріс, СТ-KZ сипатындағы тауардың шығу тегін анықтайтын сертификатпен куәландырылған. Сондай-ақ, Канададағы АMIL, Америка құрама штаттарындағы SMI зертханаларында сынақтан өтіп, оң қорытынды иеленген. Экологиялық тұрғыда таза, Инвестиция және даму министрлігінің химиялық қауіпсіздік құжаты бар реагенттер халықаралық стандарттар талабына сәйкес келуде екен. Жобаны жүзеге асыру үшін финляндиялық және голландиялық компаниялар мамандарды тартылып, ұшып-қону жолақтарын өңдеудегі алдыңғы қатарлы озық технологиялар пайдаланылған.

«Өнімді өткізу нарығы тұрғысында, жергілікті жемісті ынтымақтастық сатыларынан тыс, импорт алмастыру әрі экспортқа жіберу мәселесінде Еуропа мен Ресейде және енді бізде ғана жасалатын реагентті Қырғызстанның Манас, Ресейдегі Толмачево, Украинаның астанасы Киевтің Борисполь әуежайларына жеткізу жайында келіссөздер жүргізілуде. Бүгінде Астана мен Ақтөбе әуежай бекеттеріндегі құбылмалы ауа райында кәдеге жараудағы өнімімізбен барлық елдегі әуе нысандарын қамтамасыз ете аламыз. Қорғаныс министрлігіне ұсынатын бағамыз да көңілге қонымды, сапамыз да жоғары. Оның үстіне, қыс та қыр астында. Екі-үш жыл бұрын қажетті зат сырттан тасылып, қыруар қаржы шекара асқанда көксеген ойымыз бүгінде іске асып, шетелдік серіктестерге сүйене, құрамын жіті зерттеген өнім тұтынушы көңілінен шығуда», - деп әңгімеледі Аида Қасымова.

Сонымен қатар, көрменің жүлдегер компаниясы, үнемі «Атамекен» ҰКП демеуін сезініп, ықтимал сатып алушылар туралы жедел ақпаратпен, мониторинг деректерімен қамтылып, Палата сарапшыларының кеңесін алуда. Осындай қызмет барысында химия, авиация, жол құрылысы мен пайдалану бағыттарында жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс орнаған.  Осы орайда, өткен жылдың желтоқсан айында, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен «Самұрық-қазына» қорының Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев отандық тауар өндірушілерді қолдауда өзара әрекеттестік жөнінде келісімге отырғаны оң септігін тигізуде екен.

Тағы бір атап өтерлік жайт, «ALAB Industries» ЖШС 15 шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінуде. Ешкімге жалтақтамай, бизнес субъектісі ретінде кәсібін дөңгелетіп, табыс тауып отырған жайы бар.  

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер