astana-view

Бизнес пен билік арасында сұхбат өрбиді

2016 жылғы 31 Тамыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
8745 просмотров

Дөңгелек үстелдер барысында ең көкейкесті мәселелер талқылануда

Мұндай екі жаққа да тиімді кездесулер Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Мамлют аудандық филиалында жиі өткізіліп тұрады. Бұл жолы «Шенеунік пен кәсіпкер» науқанының аясында ұйымдастырылған семинарға бизнесмендер, Мемлекеттік кіріс басқармасының, Әділет басқармасының және облыстық Табиғатты қорғау ведомствосының өкілдері қатысты. Шараның тақырыбы: «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» және «Жылжымайтын мүлікті тіркеу туралы» заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгізу.

Әділет басқармасының мамандары өңірдің іскерлік қауымдастығын бөтен тауар таңбаларын қолданудан сақтандырып, мұндай құқық бұзушылық үшін жауапкершілік қарастырылатынын естеріне салып өтті. Сондай-ақ олар жылжымайтын мүлікті тіркеу және осы рәсімнен өтуге қажетті құжаттарды тізімнен шығару мерзімінің өзгергендігі туралы айтты.

Кәсіпкерлер де өздерін мазалайтын сұрақтарын қойды. Негізінен оларды тауар таңбалары бар өнімдерді тарату жағдайында салынатын әкімшілік жаза, көтерме базарлардағы заңсыз өнімдерді сатумен және оларды өндірушілермен күресу тетіктері қызықтырды. Сонымен қатар кәсіпкерлер мен шенеуніктер мәліметтерді онлайн тарататын бақылау-кассалық машиналарының жұмысын талқылады. Негізінен аппараттың тұрақсыздығы мен оған қызмет көрсетудің қымбатшылығы және бір сауда нүктесінде екі бірдей бақылау-кассалық машинасын қолдану мәселелері сөз болды.

Айта кетерлігі, өзекті мәселелерді талқылау үшін аудан кәсіпкерлері мемлекеттік құрылымдардың өкілдері келетін шараларға жиі қатысып тұрады. Ал жергілікті билік болса, түрлі мәселелер бойынша бизнесмендерге маңызды ақпараттар мен заңнамалардағы өзгерістерді хабарлау мақсатында Кәсіпкерлер палатасы филиалының сұхбат алаңын пайдалануды әдетке айналдырған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер