astana-view

Құрылыс басқармасы қарызын қайтармай келеді

2016 жылғы 02 Қыркүйек
- Алматы қаласы
7233 просмотров

Мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында қаралды

Алматы қаласы құрылыс басқармасы «Алматықалақұрылыс» АҚ жалдамалы тұрғын үй салушы компаниясына 170 млн теңгеге қарыз. Жылға жуық уақыттан бері кәсіпорын атқарылған жұмыс үшін басқармадан төлем ала алмай келеді. Компания Түркісіб ауданындағы Бекмаханов-Сүйінбай көшелерінің қиылысында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізген.

Құрылыс компаниясы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасына осы мәселені шешіп беруді сұрай келіпті. Компанияның заң қызметінің басшысы Айжан Сағымбекованың айтуынша, мәселе өткен жылдың қазан айынан бері көтеріліп келеді екен. Сөз 172 782 573 теңге сомасы жайында. Бұл жағдай еңбекақының кешіктірілуіне, салықты төлей алмауға, жеткізуші алдындағы несиелік қарыздың артуына әкеп соқтыруы мүмкін. Заңгер атап өткендей, барлығы компанияның өз қаражатынан төленіп отыр екен, егер қарызды қайтармаса, жағдайдың қалай өрбитіні белгісіз.

Айта кетерлігі, әлеуметтік тұрғын үй құрылысы «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасының шеңберінде  жүргізіліп отыр. 2015 жылдың 25 желтоқсаны күні «Алматықалақұрылыс» АҚ тапсырыс берушіге («Қазақстан ипотекалық компаниясы ИҰ» АҚ) бір шаршы метрі 198 613 теңгеге бағаланған, әрлеу жұмыстары жүргізілген 68 пәтерлі ғимаратты сәтті табыс еткен. 2016 жылдың ақпан айында жалдамалы тұрғын үй бойынша кезегі жеткендер үйге көшіп келеді. Алайда бюджеттік бағдарламаның әкімшісі – Алматы қаласы құрылыс басқармасы Мәслихат сессиясында бекітілген қаражатты Алматы қаласы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы толығымен бөлсе де, қалалық прокуратураның, ҚР ҰЭМ Қаржылық бақылау комитетінің, ҚР ҰЭМ Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің, Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысының осыны растайтын құжаттары қарамастан, шарттық міндеттерін орындауға асығар емес. «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке осы мәселені шешіп беру туралы өтініш білдірді. Міне, сондықтан бұл мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің талқысына шығарылды.

Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Құдайберген «Алматықалақұрылыстың» мәселесі даулы мәселе екенін атап өтті. «Бұл компания ҚИК бағдарламасы бойынша қатысып, тұрғын үй кешенін салды, олар сол тұрғын үй кешеніне инфрақұрылымды жүргізген соң, қалалық құрылыс басқармасы жұмсалған қаражат сомасын төлеуі қажет болатын. Яғни олар өз қаражатын салды, содан кейін қол қойып, қаржыны қайтару үшін акті өткізді, алайда бір жылдың ішінде мәселе әлі шешімін таппады, ал басқарма төлем мәселесін созып келеді. Мәселені шешудегі олардың ең соңғы қадамы сотқа шағымдану болды. Соттың шешімі бойынша қаражат төленуі қажет. Біз үшін бұл өте маңызды мәселе. Өйткені бізде әкімдікпен, прокуратурамен және басқа да органдармен жасаған меморандум бар, негізінде, жұмыс жолға қойылған. Бірақ, менің ойымша, бұл жерде адами фактор бар», – деді Қ.Құдайберген.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес отырысының нәтижелері бойынша, Палата Алматы қаласының әкімі Б.Байбектің атына «Алматы қаласының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесін «Алматықалақұрылыс» КСАК» АҚ-ға Алматы қаласы «Мемсараптама» РМК филиалы бекіткен сметалық құны бойынша жергілікті бюджет есебінен төлемді жүзеге асыруға, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге кеткен шығынды өтеуге міндеттеу туралы өтініш жіберді. Дәл осындай өтініш қалалық прокуратураға да жіберілді.

Одан бөлек, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында тексеруші органдардың заңсыз әрекеттері қаралды. Нақтырақ айтсақ, «Рахат» кондитерлік фабрикасының өтініші бойынша Алматы қаласы ТЖД мен Алматы қаласы экология департаментінің істері талқыланды. Сондай-ақ кездесуге келгендер «Сейсмоқұрылысқорғау» ЖШС-ның құрылыс мәселелеріне жетекшілік ететін ведомстволардың үстінен жазған шағымын талдады. Онда техникалық қадағалау саласындағы инжинирингтік қызметтер көрсетулерді мемлекеттік сатып алулар мәселесі қозғалған. «Рахат» АҚ бойынша тараптар мәселенің себептерін сындарлы сұхбат құру арқылы анықтау туралы келісімге келсе, ал «Сейсмоқұрылысқорғау» ЖШС бойынша жоғарғы инстанцияларға арыздар жіберілетін болды.

«Бұл мәселе – нормативтік-құқықтық актілердің қайшылығынан туындап отыр. Компания Ұлттық экономика министрлігінің бұйырығы бойынша шағымданса, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлері «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңды негізге алады. Негізінен, екі жақтың да пікірі дұрыс. Техникалық қадағалау мен оның ережелері туралы мәселе жүйелі сипат алған, кәсіпкерлерді қолдау туралы мұндай өтінішпен бізге бірінші рет келіп тұрған жоқ. Яғни нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет. Біз тиісті үндеухатты «Атамекен» ҚР ҰКП-ның орталық аппаратына жібереміз», – деп мәлімдеді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер