astana-view

Нұржан Әлтаев: «Несиелеу инфрақұрылымын өңірлерге ауыстыру керек»

2016 жылғы 06 Қыркүйек
3042 просмотров

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан кәсіпкерлік саланы дамытуда елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлімдеді.

Жалпы ішкі өнімдегі бизнес салмағы артты

Мәселен, Нұржан Әлтаевтың айтуынша, 2005-2015 жылдардағы шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі көрсеткіштерін қарайтын болсақ, жалпы алғанда, 10 жылдағы жағдай оң кейіпте екенін аңғартады. Тиісті мерзімде, тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 206%-ға, бұл салаға тартылғандар көлемі 167,8%-ға өскен. Ең көп өсім шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері шығаратын өнім бойынша – 1 027%, тиісінше, мұндағы еңбек өнімділігі 614%-ға жоғарылаған. Қазіргі уақытта бүкіл ел бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес саны 1,2 миллионды құрауда.

«Шағын және орта кәсіпкерлік – ірі жұмыс берушілер санатынан есептеледі. Бұл жерде 3 млн астамнан адам жұмыспен қамтылған, және де осы орайда ұдайы өсім байқалуда. Мысалға, Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнес үлесі 2006 жылы 9,8 пайызды межелесе, 2010 жылға қарай 20,6 пайызға көтеріліп, бүгінде 25 пайызды еңсеруде. Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліктің Жалпы ішкі өнімге үлесі, 2050 жылға қарай 50%-дан кем болмауы тиіс», - деді Басқарма Төрағасының орынбасары.

Егер 2005 жылы шағын және орта бизнеске жұмылғандар саны 1,8 млн адамды құраса, 2015 жылы 3,1 миллионнан асып, аталған сала субъектілері шығарған өнім 2005 жылғы 1,5 триллионнан 2015 жылы 15,8 трлн-ға жоғарылаған.  Бүгінде Қазақстан шағын және орта бизнесі дегенінің астарына үңілсек, Жалпы ішкі өнімнің 26,2%-ы, экспорттың 17%-ы, жұмыспен қамтылғандардың 33%-ы және шаруашылық басындағы субъектілердің 99%-ы болып отырғаны мәлім.

Шағын несие – ауыл кәсіпкерлігін дамытады

Шағын және орта кәсіпкерлік саласын кеңейту құралдарының бірі, Ұлттық палата енгізіп жатқан, шағын несие бағдарламасы болып отыр.

Қазір, статистикалық деректерге сүйенсек, жалдану арқылы жұмыс істейтіндердің негізгі үлесі ұйымдарға тиесілі – 90,2% (5,6 млн адам). Осы ретте өзін жұмыспен қамтушылар саны 2,2 млн адамды құрады, яғни бұл жеке салаға жұмылған азаматтардың ірі тобы. Олардың ішінде бизнеспен айналысуға әзір, өз ісін бастағысы келетін адамдар баршылық. Нұржан Әлтаев бұл жандарды қолдаған абзал болатынын нұсқады. Өйткені жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып тұрған аймақтарда жаңадан жұмыс орындары құрылады. Осыған байланысты, шағын несие бағдарламасы, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай және Маңғыстау облыстарында іске қосылды. 

Аталмыш өңірлерде жұмыспен қамтушылар саны жоғары және салыстырмалы түрде ауыл халқы басым.

«Шағын несие, атауының өзі білдіріп тұрғандай, дәл шағын бизнесті несиелеуге арналған. Адамның дамып, бизнеске бейімделуі, аяғына тік тұруы – міне, шағын несие мақсаттары осы. Елімізде, көбінесе, шағын және орта бизнесті қолдау жайлы айтқанда, бәрібір орта бизнеске ойысып кетеді. Шағын бизнеспен ауысудың ауыртпалығы мол, қиын. Дегенмен, дәл осы шағын бизнес – түптеп келгенде, көптеген дамыған елдердің экономикасына тіреу болуда, - деді ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары ойын жалғап. - Қазіргі сәтте, шағын несие жүйесінің қажеттілігі сонда, халықтың қаржыға қолжетімділігі артады. Қаржыға, қымбат емес қаржыландыруға қолжетімділіксіз, бизнесті жүргізу өте қиын. Сонымен қатар, басқа посткеңестік елдердегі сияқты, бізде ірі қалалардың тұрғындары ғана қаржыға оңай қол жеткізе алады. Қалғандары болса, әсіресе ауыл халқы, қаржы қызметтерінен мақұрым дерлік ахуалда. Банктер шалғайдағы елді мекендердегі шағын бизнес мұқтаждығын қанағаттандыруға әзір емес. Несиелердің «алынбас қамал» кейпін танытуы, аймақтардағы кәсіпкерлік бастамаларға тұсау салуда. Біз несиелеу инфрақұрылымын өңірлерге, қаражатқа зәрулік өткір шалғай жерлерге ауыстыруымыз керек.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алға жылжытып жатқан шағын несие бағдарламасы дәл осы мақсатты көздейтіні айтылды. Ауылдық жерлерде де бизнеспен айналысқысы келетін, дамуға құштар, алайда қаржыға жете алмай жүрген жандар, кәсіпкерлер бар. Шағын несие банктер талап ететін қатаң шарттарсыз, бастапқы салымсыз, несие тарихынсыз қаржыға қол жеткізуге мүмкіндік береді. ҰКП тарапынан қаражат түпкі қарыз алушыға 5 жылға дейінгі мерзімге, 7%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша беріледі. Нарықта мұндай жағдайдың жасалмағаны аян. Бұдан ұғатынымыз, ҰКП шағын несиесінің басқа ұйымдардан айырмашылығы сонда, тек бизнеске қана емес, әлеуметтік жаққа да көңіл бөлінеді. Бұл аймақтарда шағын бизнесті дамытуға арналған, сәйкесінше жұмыс орындарын құрып, бизнестің белсенділігін көтеруге бағытталған әлеуметтік жоба. Түпкі мақсат, ҰКП-ны тарта отырып, бизнесмендерді оқыту және дамыту жобаларын қосқанда, шағын несиенің икемді (кепілдік, қаржы сомасы, пайыздық мөлшерлеме) және тиімді жүйесін құру. Ағымдағы жылдың 29 тамызы бойынша, 1 827 млн теңгелік 340 өтінім түсіп, оның 1 114 млн теңгелік 260-сы мақұлданған және расталған өтінімдердің 793 млн теңгелік 173-і қаржыландырылған. Несиелердің басым бөлігі, яғни 64%-ы, өсімдік және мал шаруашылығы салаларындағы жобаларға алынған.

«Біз, шағын несиелердің кем дегенде 80%-ы, ауылдық жерлердегі бизнесті қолдауға бағытталуы керек деп санаймыз. Бұл тұста ауылдағы шағын несие бағдарламасын ауылшаруашылық кооперациялары мен тікелеу өткізу жүйесін дамытумен байланыстырған ләзім. Агроөнеркәсіп кешені дәулетті өмір сүруіміздің мұнайдан да сенімді негізі бола алады. Егер, халықтың жартысына жуығы ауылда тұратынын ескерсек, бұл дегеніңіз, халықтың көп бөлігінің болашағы жарқын және табысы мол өндіріске жұмылуын білдіртеді», - деп салмақтады Нұржан Әлтаев.

Ауыл шаруашылығы кооперацияларына басымдық беріледі

ҰКП Басқарма төрағасы орынбасарының сөзіне қарағанда, Қазақстан өсімдік майы өндірісі өсімін 4-5 есеге, сиыр етін 2 есеге, қой етін 2 есеге, алма өсіруді 5 есеге және т.б. өсіруге қауқарлы. Әлеует бар, бірақ қолданылмай жатыр. Айналамызда алып нарықтар орналасқан және сұраныс та зор. Мысалға, 2014 жылы, көршілеріміз – Ресей мен Қытай тек сиыр етін 4 млрд доллардан астамға сатып алған.

Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін дамыту - аса маңызды міндет. Шешімдердің бірі – «100 қадам» бағдарламасында басымдық берілген ауыл шаруашылығы кооперациялары. Елбасы ауыл шаруашылығына байланысты бизнесті дамытуға қатысты барлық кедергілерді алып тастауды тапсырды. Ұлттық палата бұл бағытта белсенді іс-қимылға кіріскен. Бүгінгі таңда республика бойынша 2 мыңнан астам ауылшаруашылық өндірістік кооперативі тіркелген. Оның 130-на ҰКП тікелей жәрдем танытуда.

Дегенмен, түйткілдер де баршылық. Кооперативтерге бірлескен ауылшаруашылық өндірушілері, қаражаттан қысылып, тығырыққа тірелуде. Банктердің несиелік желілері өте қымбат, ал кооперативтердің кепілдік мүліктерін банктер кепілге қоюға құлықсыз. Көптеген кооперацияларға бірігушілер өндірісті жаңғыртып, ауылшаруашылық техникасын жаңартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүдделі болғаныман, ұзаққа берілетін арзан ақшаға қолдары жете алмай жүр.

«Сондықтан да қазір біз мемлекеттік органдар арқылы ауылшаруашылық кооперативтерін несиелеу бағдарламасын өткізудеміз. Жалпы, қазіргі ахуалда, шағын және орта бизнес – экономикамызды өсірудің толыққанды драйвері болып отыр. Шағын және орта бизнесті дамытудың келешегі кемел. Аталған саланың өсімі, мемлекет пен қоғамның және бизнестің жұмыла қимылдауына тығыз байланысты», - деді Нұржан Әлтаев.

Қытайға экспорт ауқымы кеңейеді

ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, және де, 2016 жылдың 3 қыркүйегі, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтің төрағалық етуімен, Шанхай қаласында ҚР мен ҚХР арасындағы индустриалды-инновациялық әріптестікті жандандыру мәселелеріне қатысты Қытай елінің белді бизнесмендерімен Қазақстан-Қытай дөңгелек үстелі өткенін, онда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «JUMORE» электронды сауда алаңқайымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанын хабарлады. Әріптестік шеңберінде аталған интернет-алаңқайға Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы туралы, қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған және әлеуетті экспорттаушы кәсіпорындар жайлы, сондай-ақ Қытай нарығы мен әлемдік нарықта сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті өнімдер туралы мәліметтер орналастыру жоспарлануда. «Zhejiang JUMORE E-Commerce Co.,Ltd» компаниясы – «В to В» (бизнес бизнеспен) форматындағы трансшекаралық электронды сауда-саттық мәселелерімен айналысатын алғашқы компаниялардың бірі. Компанияның мақсаты – трансшекаралық электронды сауда және химия, түсті металл, пайдалы қазбалар, энергетика, болат құю және ауыл шаруашылығы өнімдері салаларына логистикалық қызмет көрсету.

«Қазақстан тауарлары Қытайға көптеп шығу үшін, ол елдің стандарттарына сәйкес болуы керек. Осы мақсаттта Қытай бизнесі капитандарымен кездесіп, электрондық сауда жөнінде уағдаластыққа қол қойдық. Олар біздің тамақ өнімдеріне өте үлкен қызығушылық білдіріп, ғаламторда саудалап беруге дайын екендіктерін аңғартты. Жақын арада palata.kz сайтында арнайы терезе ашпақпыз. Онда кәсіпкер қажетті анкетаны толтырып, әрі қарай біз сүйемелдеп, кеңес бермекпіз. Өңірлік палаталар да көмек көрсетуге әзір», - деп ой бөліскен Нұржан Бауыржанұлы «Қазақстанда жасалған» белгісі бар отандық өнімдерді қолдап, насихаттауда патриоттық тантытуға шақырды.

Осы орайда еске сала кетсек, 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Атамекен» ҚР ҰКП 8-800-080-80-10 бірыңғай нөмірін іске қосты. Бүгінде  аталған байланыс нөмірі арқылы қазақстандық кәсіпкерлер барлық сұрақтар бойынша хабарласа алады.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер