Төлеміс Шотанов: «Елімізде бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалған»
Бүгінде егемендіктің бастапқы жылдарынан бастап кәсіпкерлікті ынталандырып келе жатқан мемлекет саясаты жемісін беруде. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «ҚР Тәуелсіздік жылдарындағы кәсіпкерліктің дамуы» баспасөз мәслихатында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов елімізде бизнестің кезең-кезеңімен сатылап өркендегенін баяндады.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел экономикасының өтпелі кезеңі саналса, екінші кезең барысында институционалдық реформалар қолға алынып, заңнамалық база қамтамасыз етілді. Содан кейін кәсіпкерлік толыққанды, жан-жақты даму үрдісіне ие болып, қазіргі уақытта осындай қадамдардың нәтижесінде, көптеген игі мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. Жалпы, шетелдік әріптестеріміздің бағалауынша, елімізде бүгінді таңда бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалған. Мысалға, әр 188 аудан орталығында Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары қызмет етіп, онда жүгінген бизнесін енді бастаған іскер жандар кәсіпкерлікті жүргізу, оны тиімді бизнеске айналдыруға қатысты құнды ақпаратқа қанығады. Бастысы бизнесменге ең алдымен тың мағлұмат, оқып-үйрену, одан кейін қаржы керек. Сонымен қатар, өнімді өткізетін нарық ауадай қажет. Бүгінде болашағы зор үш алып нарықты айқындадық: тарихи серіктесіміз Ресей Федерациясы және жаңадан ашылған көкжиек – Иран мен Қытайды бағдарлаудамыз. Бұл тұста біздегі Сыртқы сауда палатасы нарықты зерделеуде. Әлбетте ішкі сұранысты ұмытпағанымыз абзал. Осы орайда «Атамекен» Ұлттық палатасы Өңірлік даму картасы сынды бірегей құрал дайындап, еліміздің кез-келген түкпірінен іскерлік порталдан ақпарат іздеген жанға бизнеспен айналысудың ықтимал мүмкіндіктерін кеңінен байыптауға жол ашылады», - деп әңгімелеген Төлеміс Шотанов Өңірлік даму картасының тиімділігін тілге тиек етті.
Бизнес-ақпараттың қолжетімділігіне арналған Картада қай өңірде қандай табиғи-минералдық ресурстар бар, оның логистикалық мүмкіндіктері, көршілес өңірлерде, тіпті мемлекеттерде қандай өткізу нарықтары бар және тағы басқа жайттар егжей-тегжейлі көрсетілген. 8 мың кәсіпкерлік субъектісі арасында сауалнама жүргізіліп, бизнеске кедергілер анықталған. Кәсіпкелерде қандай да бір салада немесе қандай да бір өңірде серіктесе алатын тұлғалар жайлы ақпарат болуға тиіс. Соңғысы – бұл жоғарыда айтылғандардың бәрін ескере отырғанда жүзеге асыруға болатын әлеуетті жобалар тізбесі. Бүгінгі таңда елімізде бұдан басқа осыған ұқсас құрал жоқ болғандықтан, Карта кәсіпкерлеріміз үшін үлкен демеу болмақ.
Басқарма Төрағасының орынбасары Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарындағы бизнес-мектептер жайлы да хабарлай кетті. Аталған мекемеге өтінім түсірген азаматқа, білікті мамандардан табысты бизнестің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік тумақ. Қазіргі кезде Ұлттық кәсіпкерлер палата кәсіпкерлік ұғымын мектеп қабырғасынан санаға сіңіріп, бойға дарытуға күш салуда. Қаржыландыру бойынша ірі кәсіпорындардан тыс, шағын бизнеске қол ұшын созуға айрықша назар аударылып, өңірлерде Шағын несие ұйымдары құрылуда.
Сөзінің қорытындысында, Төлеміс Шотанов, кәсіпкерлерге жағымсыз әсерін тигізіп, дәйексіз зардап шектірудегі жалған кәсіпкерлік мәселесімен белсенді күрес жүргізілуде екенін жеткізді. Бұл түйткілді тарқату үшін «Атамекен» ҰКП Бас прокуратурамен тығыз ынтымақтастық орнатып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен жалған кәсіпкерлік туралы бапты алып тастауды сұрауда. Мәселенің шешімі ретінде Қылмыстық кодекстен 215 бапты (жалған кәсіпкерлік) алып тастау ұсынылуда.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: