Жаңа заң ломбардтардың жұмысын қиындатады
Сынамасыз және таңбаланбаған зергерлік бұйымдарды сатқаны үшін кәсіпкерлердің айыппұл төлеуіне тура келеді
Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасына «Ломбард Гарант KZ» ЖШС-дан асыл металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа бұйымдарды сатып өткізуге қатысты проблемалар жөнінде шағым келіп түсті. Компанияның заңгері Руслан Дүйсембаевтың айтуынша, 2016 жылдың 14 қаңтарында қабылданған жаңа ҚР «Асыл металдар және асыл тастар туралы» Заңының баптарын қолдану бірқатар мәселелер туындатқан.
Заңның 12-бабының 4-тармағында, ҚР Үкіметі белгілеп бергендерді қоспағанда, ҚР аумағында жасалған және (немесе) сатып өткізілетін зергерлік және басқа бұйымдар өкілетті ұйымдарда міндетті сынамалауға және таңбалауға жатады. Бұл ретте, 13-бапта аумағында сондай-ақ барлық жеке зергерлік және басқа бұйымдарда зергерлік және басқа бұйымдар өндірісінің субъектісі қоятын сынамалық таңбасы мен бедерлемесі жоқ зергерлік және басқа бұйымдарды сатып өткізуге жол берілмейді деп көрсетілген.
Көрсетілген тармақтар заңның бірінші ресми жарияланған күнінен алты ай өткен соң, яғни, 2016 жылдың 17 шілдесінен қолданысқа енгізілді. Міне, дәл осы нормалар ломбардтардың мүддесіне тікелей қатысты.
Ломбард заңгерінің айтуынша, көп жағдайда елдегі ломбардтарға бұрын пайдаланылған, кеңестік немесе шетелдік өндірістің зергерлік бұйымдарын өткізеді. Оларда көбінесе Заңның 12-бабы 4-тармағында талап етілетін тиісті таңбалар бола бермейді.
«Бұл клиенттер мен ломбардтарға несімен қауіпті? Егер ломбард мұндай бұйымды қабылдаса, ал клиент қарызды қайтару жөніндегі өз міндеттемелерін орындай алмаса, бізге міндетті түрде тек Астана және Алматы қалаларында орналасқан Сынама палатасына жүгінуге тура келеді. Бұйымды сатуға шығармас бұрын, сынамалық таңбасын қою қажет. Әйтпесе бұйым сатылмауы мүмкін. Бұл кәсіпкерлердің қаржы және уақыт шығындарына ұшырауына әкеп соғады – бұйымдарды басқа қалаға тасымалдау, әрбір бұйымға сынама қою және тағы басқа. Ал, клиенттердің ағынын тоқтатпау үшін ломбардтар сынамасыз бұйымдарды қабылдаудан бас тартуға мәжбүр болады немесе клиенттің өз бетімен сынама қоюын талап етеді», – деп түсіндірді Р.Дүйсембаев.
Оған қоса, кәсіпкерге түсетін барлық қосымша шығындар бұйымның құнына қосылатын болады, демек, бөлшек саудада тұтынушыға сатылатын асыл тастар мен металдардан жасалған зергерлік және басқа бұйымдардың бағасы да өсе түседі.
Бастапқы мәліметтер бойынша, бір сынаманың бағасы бір бұйымға 135 теңгені құрайды, ал қою мерзімі – 3-4 күн. Баға бұйымдарды басқа қалаға тасымалдау, тиісті күзетті қамтамасыз ету және қаптау есебінен тағы да көтеріледі.
Қарағанды облысы Техникалық реттеу және метрология департаменті басшысының орынбасары Бағлан Бексұлтанова мұндай заң бірінші рет қабылданғанын айтты және оны іске асырудың тетіктері әзірге жоқ екен.
«Комитеттен (ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті) қазіргі уақытта ешқандай нұсқау, тексерулерді жүргізудің ресімдері жөніндегі түсіндірмелер келіп түскен жоқ», – деді ол кәсіпкерлерге.
Дегенмен, жауапкершілік қазірдің өзінде айқындалған. Ол Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексте жазылған: 190-1 бап бойынша, сынамалық таңбасы мен бедерлемесі жоқ зергерлік және басқа бұйымдарды сатып өткізгені үшін жеке тұлғаларға 50 АЕК көлемінде, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК, орта кәсіпкерлікке – 100 АЕК, ірі кәсіпкерлерге – 150 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Заң нормаларын қолдану туралы мәселелер бойынша Кәсіпкерлер палатасы ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне сауал жолдады. Алайда, өкілетті орган өз жауабында ешқандай түсіндірме берместен, сауал туындаған Заңның баптарынан дәйексөз келтірумен ғана шектелді.
Әзірше кәсіпкерлер Заңға өзгертулер енгізу қажеттігі туралы ортақ пікірлерін білдірді, сондай-ақ, асыл тастар мен асыл металдардан жасалған зергерлік және басқа бұйымдарды сатып өткізуге қатысты нормаларды түсіндіру және талқылау үшін, барлық өңірлерді селекторлық жиынға қатыстыра отырып, орталық өкілетті органдардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізуді ұсынуда.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: