astana-view

Кәсіпкерлердің құқығы шектелмеу керек

2016 жылғы 15 Қыркүйек
- Павлодар облысы
8550 просмотров

Павлодардағы Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі бизнесті дамыту мәселелерін талқылады

Павлодарлық кәсіпкерлер дөңгелек үстел басында бизнестің дамуындағы өзекті мәселелерді талқыға салды. Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктері, сондай-ақ, қылмыстық-атқарушы жүйедегі кәсіпкерлікті дамытудың болашағы туралы мәселелер қозғалды. 

Қазіргі таңда «Колониялардағы жұмыспен қамту-2017» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында кәсіпкерлерге өндіріс орнын ашу үшін бос ғимараттар беру қарастырылған. Бір айта кетерлігі, бос орындар жалға берудің нөлдік мөлшерлемесімен, тек коммуналдық шығындарды өтеу талаптарымен  жалға берілмек. 

Жобаларды қолдау бөлімінің басшысы Серік Әбілтаевтың айтуынша, МЖС – бұл мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің негізінен мемлекеттік жауапкершілік қарамағында болып саналатын салаларда келісімшарттарда белгіленген тәуекелдерді, пайда мен шығынды, міндеттер мен құқықтарды теңдей үлестіретін өзара тиімді серіктестік.  Қазіргі таңда Өңірлік кәсіпкерлер палатасы МЖС-нің 9 жобасына қолдау көрсетіп отыр.

Тағы бір айта кетер жайт, кәсіпкерлер ӨКП-нің бизнес құқығын қорғау бойынша облыс Прокуратурасымен  бірлесе жұмыс жасауына қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар, бақылау және қадағалау органдары тарапынан бизнеске көрсетілетін қысымның кемуі, әкімшілік кедергілердің азаюы, мемлекеттік қызмет көрсету тәжірибесі де көңіл қуантты.

Облыстың 1-ші прокуратура басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытбек Әлиақпаровтың айтуынша, тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің санитарлық ережелер қағазына 83 талаптың енгізілуі бизнеске айтарлықтай кедергі болып тұр. Мұнда барлық қызмет түрі бойынша барлық талаптар біріктірілген. Мысалы, 83 пунктің 25-і қоғамдық тағамтану нысандарына, 20-сы сұлулық салондарына, 17-сі стоматологиялық клиникаларға қатысты екені белгілі болған. Осыны назарға ала отырып, Бақытбек Әлиақпаров қызмет түрлері бойынша тексеру қағаздарын бөлу туралы ұсыныс айтты.

Мұндай жағдай салық органдары мен әлеуметтік қорғау органдарының тексеру парақтарында да кездескен. Оларда зейнетақы жарналарын толығымен аударуға қатысты бірдей талаптар жолыққан. Осыған орай, бұдан былай зейнетақымен қамтамасыз ету саласындағы бақылау қызметін бір ғана орган жүзеге асыруы әбден мүмкін. 

Сонымен қатар, салық органдары тарапынан орын алған заң бұзушылықтар да талқылаудан қалыс қалмады. Мәселен, биылғы жылы Экономикалық тергеу қызметіне 37 материал жіберілген, алайда, бұл 37 материалдың бәрі қолданыстағы заңға сәйкес келмейтіні анықталған, себебі, кәсіпкерлерге олқылықтың орнын толтырып, ақталуына мүмкіндік берілмеген. Бұдан, кәсіпкерлерге қысым жиі көрсетілгенін аңғаруға болады. 

Көп жағдайда, кәсіпкерлерге тексеріс келген уақытта, олар қандай әрекет етуге болатыны туралы бейхабар болып жатады. Мұндай жағдайда, кәсіпкерлер мына жайттарды білуі тиіс:

1.     Мемлекеттік тексеру органдарының қолында  арнайы бұйрық, тексеру туралы акт болуы шарт.

2.     Бұл құжаттар тексеруге дейін құқықтық статистика басқармасында тіркелуі тиіс.

3.     Тексеру жұмыстарын тек тіркелген тексеру актісінде белгіленген қызметкер ғана жүргізе алады. 

4.     Мемлекеттік органдар шағын кәсіпкерлік субъектілері қызметін тек соттан кейін ғана тоқтата алады.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Лашын Баймағамбетова Палатада кәсіпкерлер құқығын қорғау және олардың заңды мүдделерін қорғауға қажет барлық тетіктер бар екенін жеткізді. Осыған орай, Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесі өз жұмысын жасап келе жатқандығын алға тартты. Жалпы, жыл басынан бастап, 5 отырыс өткен, онда бизнестің келелі 8 мәселесі қаралып, олардың 7-і кәсіпкерлер пайдасына шешілген. Бүгінгі таңда, құны 255 млн теңгені құрайтын кәсіпкерліктің 54 субъектісінің құқығы қорғалған. 9 өзекті мәселе анықталып, олардың 2-і ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Реестріне енген, ал қалған 7-і қаралу үстінде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер