Қазақстан-Израиль: Парамедицина саласында бірлескен кәсіпорын ашылуы мүмкін
Отандық парамедицина саласында инновациялық жаңалықтар мен озық үлгілі үздік шешімдер енгізу қажет. Осы орайда бұл дәстүрлі медицинаға балама бағыттағы Израиль елінің табысты тәжірибесін зерделеу өте маңызды болып отыр.
Аталған өзекті мәселеге байланысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қабырғасында «Төтенше жағдай немесе лаңкестік кезінде зардап шеккендерге шұғыл дәрігерге дейінгі көмек көрсету» тақырыбында конференция өтіп, Израильден парамедицина мен апаттар медицинасының әлемдік дәрежедегі шеберлері арнайы шақыртылды. Сонымен қатар, алқалы мәжіліске ҚР Денсаулық министрлігінің өкілдері, әртүрлі медициналық мекемелер және ҚР ІІМ, ҚР ҰҚК, Ұлттық гвардия мен ҚР Қорғаныс министрлігі дәрігер-мамандары, «Арыстан», «Сұңқар», «Бүркіт» арнайы антитеррорлық бөлімшелері, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі сардарлары қатысып, өз пікірлерін білдірді. Шағын көрмеде қатысушылар назарына әскери медицинаға қатысты қазіргі заманғы құрал-жабдықтар мен технологиялар топтамасы ұсынылды.
Лаңкестік шабуылдар жасау қаупі көбейген жағдайда, Қазақстан Республикасы аумағында зардап шеккен азаматтарға және де жарақат алған Ішкі істер министрлігі мен лаңкестікке қарсы құрылымдар қызметкерлеріне оқиға орнында қысқа уақыт аралығында шұғыл медициналық көмек көрсету тиімділігі жайлы мәселенің өзектілігі арта түскені анық. Соңғы уақытта елімізді дүрліктірген жағымсыз жайттар салдарында, көптеген дәрігер мамандар мен құтқарушылар, зардап шеккендерге жедел жәрдем жасау инфрақұрылымының дайындық деңгейіне алаңдаушылығын танытуда.
Конференцияны өткізу туралы бастаманы «Тактикалық жабдықтаудың «Ваza-V» орталығы» қазақстандық компаниясы көтеріп, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.
Жиынды ашқан «Атамекен» ҰКП Өңдеуші өнеркәсіп комитетінің төрағасы Думан Қыдырбаев, Палата қызметіндегі басты мақсаттардың бірі, іскерлік топтар мүддесін мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерінде қорғау арқылы қазақстандық бизнесті мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға белсенді тарту екенін келтірді. Тиісті конференцияға да Израильден «Глобал Медикал сервис» және «Персис медикал» компанияларынан жоғары білікті мамандар жұмылдырылып, тың инвестиция көздерін анықтау, инновациялық өнімдер өндірісін іске қосу, жаңа жұмыс орындарын құру, парамедицина саласынан ел бюджетіне тұрақты салық түсімдерін көбейту межеленуде.
«Баршаға белгілі, барлық өркениет орталары үшін адам өмірі шексіз құндылық болып табылады. Алайда, 21 ғасырда төтенше жағдайлар, лаңкестік қаупі халықаралық дәрежеде толғандырарлық мәселеге айналғаны шындық. Парамедицинаны болса, дамыған елдерде арнайы құрылымдар алғашқы шұғыл , дәрігерге дейінгі көмек ретінде қолданады. Сондықтан шетелдік сарапшылармен тәжірибе алмасып, тиімді дүниелерді өзімізде жерсіндіру зәрулігі байқалады», - деді Думан Нұрланұлы.
2007 жылы құрылған «Тактикалық жабдықтаудың «Ваza-V» орталығы» қазақстандық компаниясының бас директоры Виталий Колесницкий, Қазақстан Республикасының күштік құрылымдарын әлемдік деңгейдегі керек-жарақпен қамтамасыз етуді көздеуде екендерін жеткізді. Орталық Израиль, Англия, АҚШ, Канада, Германия, Ресей, Чехия, Финляндия, Франция, Индонезия, Тайвань сынды елдердің әскери және тактикалық, оптикалық аспаптар, броньдық қорғаныш, суық қару, арнайы құралдар, алғашқы көмек өнімдерін шығаратын 50-ден астам жетекші өндірушілерімен жемісті ынтымақтастық орнатқан.
«Астана» клиникалық оқу орталығының жетекші дәрігері-нұсқаушысы Руслан Жанғозов реанимациялық көмек көрсетудегі 40 жылғы еңбек өтілінде Израильге сапары ерекше әсер еткенін, Қазақстанда әскери қызметтен тыс, азаматтық саладағы түрлі жағдайдан, оның ішінде көлік апаттарынан жарақаттану деректерінің көбейгені алаңдататынын айтты.
«Жол-көлік оқиғаларының майдан даласындағы ұрыстар салдарынан асып түсетін көрсеткіштері шошытады. Жалпы сырқаттар статистикасында жарақаттанудың екінші орында тұрғаны ойландырады. Осы тұста оқыс жағдай орын алғанда ең бірінші кезекте қан кетуді тоқтату өте маңызды. Израильде алғашқы көмектің егжей-тегжейлі қарастырылғаны ұнады», - деп әсерімен бөлісті жоғары санатты анестезиолог және реаниматолог Р.Жанғозов.
Қазақстаннан жүздеген дәрігерлер білімін жетілдіріп, мыңдаған адам ем қабылдаған Израиль парамедицинасының өкілі, «Глобал Медикал сервис» компаниясының бас директоры Генрик Гроссман медициналық көмек жүйесінің ұтымды болуы, адам өмірін құтқарудың ең басты алғышарты екенін еске салды.
«Біздің ұстанымымыз, соғыс даласындағы сарбаз, ең қиын жағдайда, ең жақсы көмек алуы керек. Израиль көшелерінде, өкінішке қарай, қанды айқастар азаймай тұр. Осыдан барып, жедел жәрдем, төтенше жағдай қызметтері жеткенше, бейбіт тұрғындар санаулы секундта көмек көрсете алғандары жөн. Бізде жедел жәрдем машинасының жүргізушінің өзі кәсіби дәрігер. Тіпті мотоциклмен жүретін еріктілер жарақаттанған жанның қасынан табылса құба-құп. Қазақстандық әріптестерімізді білгенімізден сыр шертуге дайынбыз», - деді ол.
Конференция қорытындысында белгілі бір тұжырымдар жасалып, құзырлы мекемелерге ұсыныстар легі жіберілмек. Нәтижесінде парамедицина саласына байланысты бірлескен кәсіпорынның тұсауы кесіліп қалуы ықтимал.
Алғашқы көмек — адам өміріне немесе денсаулығына кенеттен қауіп төнгенде оның өмірін сақтап қалу үшін немесе апаттың зиянды әсерін азайту үшін қолданылатын қарапайым шаралар. Апаттың қатарына әр түрлі жарақаттар, сынық, буынның шығуы, улану, суға бату, күю, үсу, электр тоғы соғу, тағы басқа жайттар жатады. Алғашқы көмектің негізгі шаралары: апатқа түскен адамды құтқару (өрттен, судан шығару); апаттың зиянды әсерін тоқтату (адамды жылыту, иіс тисе таза ауа жұтқызу); қан тоқтату, жараны байлау, сынған аяқты немесе қолды таңу; жасанды дем алдыру, жүрекке жабық массаж жасау, апатқа түскен адамды тезірек емдеу мекемесіне жеткізу немесе жедел медициналық көмек көрсететін дәрігерлер тобын шақыру.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: