Кедендік бақылау жүйесін жетілдіру қажет
Кедендік әкімшілік ету мәселелері бизнестің дамуына кедергі келтіріп, жемқорлықтың етек жаюына себеп болуда
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қайырбек Сүлейменов төрағалық еткен Жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы кеңесінің кезекті отырысында, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудегі кәсіпкерлік саласы мен кеден органдарының өзара іс-қимылын күшейту жайлы» тақырыбы қаралды.
Кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов, мемлекеттік кіріс органдары бюджетке кіріс көлемін көбейтуге көзсіз ұмтылу жолында, заң аясында әрекет ететін азаматтарды ашық бизнеске ынталандыру, тең құқықты сұхбат, кедендік әкімшілік етудің түсінікті жүргізілуі сияқты маңызды жайттарды ескерусіз қалдырып жататынын нұсқады.
«Бұлай істеуге болмайды. Қазына қаржысын толтыру сынды аса қажет міндетті орындау кезінде, заңды белден баспай, кәсіпкерлер мүддесін назарда ұстаған жөн. Бизнесмендер болса, кеден органдарының қыспағына шағымдануда. Арыздар легі 3-4 жыл бұрынғыға қарағанда қазіргі уақытта азайды дегенмен, өзекті түйткілдер әлі де жолығуда», - деп атап өтті ол кіріспе сөзінде.
Талқылау барысы көрсеткендей, бизнесмендерден кедендік әкімшілік ету кезіндегі шенеуніктердің қызмет бабын асыра пайдалануына көптеген шағымдар түсуде. Кедендік процедуралардың ұзаққа созылып, бұлыңғыр болуы, шекара мен ел ішіндегі бақылау мекемелері әрекетіндегі қайшылықтар, қазіргі заманғы ақпараттық жүйелердің жоқтығы, өткізу қосындары мен кедендік рәсімдеу аймақтарының әлсіз инфрақұрылымы, Мемлекеттік кіріс комитеті қызметкерлерінің шекара маңы аумақтары мен кедендік сала төңірегіндегі экономикалық (ұйымдасқан) қылмыстық топтармен жең ұшынан жалғасқан сыбайластығы сыртқы экономикалық қызметке кедергі келтіріп, бизнестің дамуын тежеуде және жемқорлықтың етек жаюына соқтыруда. Сонымен қатар, сыртқы экономикалық байланысқа жағымсыз ықпал ететін тағы бір өзекті түйткіл, импортталатын тауардың кедендік құнын белгілеудегі қисынсыздықтар болып отыр. Бір бақылау үдерісі аясындағы тауарлар бойынша құнды бақылауды қайталау кең таралған. Кедендік бағаны анықтау тәсілін білгенінше қолдану кәсіпкерлік қызметті қыспаққа алып, аяқ астынан туындайтын шығындарға әкелуде. Салдарында кәсіпкерлер елге тауарларын Кедендік одақтың өзге мемлекеттері шекаралары арқылы жеткізуге мәжбүр болуда. Кедендік бақылау жүйесі де заңсыз тауар тасымалының жолын кесуде қауқарсыздығын танытуда.
Осымен бірге, кедендік мекемелердің қазынаны кез-келген әдіспен толтыруға ұмтылуы, бизнеске ғана зардап шектіріп қоймай, тұтас ел экономикасына теріс әсер етуде.
Кеңесте атап өтілгендей, Мемлекеттік кіріс комитеті лауазымды тұлғаларының заңды белден басуына арыздану мен кедендік дауларды реттеу жүйесінің олқылығы, кеден қызметкерлерінің дәйекті негізделген дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік бермеуде. Бұл апелляцияларды қарастыратын қызмет иелерінің аталған мекемеге тәуелді болуымен байланысты болып отыр.
Мемлекеттік кіріс мекемелерінің жабық күйде қалуы, заңда анық міндеттелген болса да, кәсіпкерлік қауымдастықпен және сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларымен ынтымақтастыққа құлықсыздығы, кедендік әкімшілік ету саласындағы жемқорлық қатерлеріне қарсы тиімді әрекет ету мәселесін бөгеуде екені де белгілі.
Осылайша, кеден мен бизнес арасындағы байланыстың нашарлығы, кедендік реттеудің тиімділігін төмендетуде. Мысалға, кедендік әкімшілік етудің тиімсіздігіне, Бүкіләлемдік банктің халықаралық сауда жөніндегі санатында Қазақстан көрсеткіші 189 елдің ішінде 122-ші орында тұрғаны дәлел.
Талқылау қорытындысында, Кеңес мүшелері мемлекеттік органдар тарапына, кедендік бақылау жүйесін жетілдіру бойынша заңнамалық және ведомстволық құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бастамасын көтеруді ұсынды. Жаңадан құрылған ҚР Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, жеке немесе заңды тұлғалардың құқықтары мен еркіндіктері, заңды мүдделері шектелсе, мемлекеттік кіріс органдарының лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту тәжірибесін қалыптастыру кеңес етілді. Тауарлардың кедендік құнын анықтауда қасақана кедергі келтірілсе және өзге де кедендік заңды бұзу деректері орын алса, ол сот шешімімен заңсыз деп танылса, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50-бабы 1-бөлігі 11-тармақта бұған жаза тағайындалған. Осымен бірге, кедендік рәсімдеу мен бақылау жүйесінің қазіргі жағдайы ұйымдастырушылық және құқықтық жағынан кемшіліктерге толы екені, сәйкесінше бұл сыртқы экономикалық қызмет саласында сыбайлас жемқорлыққа апаратыны тұжырымдалып, ҚР Қаржы министрлігіне Министрлік жанынан тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, кедендік (салықтық) дауларды сотқа дейін реттейтін апелляциялық комиссия құру, Мемлекеттік кіріс комитетінің өзінен арнайы жұмыс тобын құру, кәсіпкерлермен жедел жұмыс істеу, консультативтік кеңестерді жандандыру, басқа да құзырлы мекемелерге бірлесе әрекет ету мәселелерін ұсыну жайында шешім қабылданды.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: