astana-view

Бизнесті жоспарсыз бастауға болмайды

2016 жылғы 22 Қыркүйек
- Жетісу облысы
6583 просмотров

60 кәсіпкер «Жобалық оқыту» бойынша өз білімін жетілдіруде

Алматы облысында «Бизнес-мектеп» жобасы шеңберінде «Жобалық оқыту» бойынша оқыту жалғасуда. Жобалық оқыту – «Бизнес-кеңесші» жедел-курсының жалғасы болып табылады. Алайда, мұнда бизнес-тренерлердің дәрістерінен бөлек, өңірдің білікті кәсіпкер-тәлімгерлерінің қатысуымен тәжірибелік сабақтар да өтеді. Бұл ретте, тәлімгерліктің басты мақсаты – өз шаруашылығын жүргізу арқылы жинаған тәжірибесі мен кәсіби білімін қатысушыларға үйрету.

Биылғы жылы «Жобалық оқыту» Көксу, Ескелді, Қаратал аудандарында өткізілуде. Қатысушылар арасында шаруа қожалықтарының өкілдері мен кәсіпкерлер бар. 

Көксу ауданында оқуға 15 адам тартылған. Тәжірибе сабақтары «Жоламанов» шаруа қожалығының басшысы Серікбек Жоламановтың жетекшілігімен өтуде. 12 жылдық тәжірибесі бар бизнесмен ірі қара мал және жылқы өсірумен шұғылданады. Осы уақыт аралығында ол төлді сақтау және асыл тұқымды мал өсіру бойынша жаңа технологияларды игеріп үлгерген. Сондай-ақ, ол сүт-тауарлы ферма құру тәжірибесімен де бөлісті. Мал сатып алғаннан кейін, ол ферма жұмысын бастамақшы.

Ал Ескелді ауданы қатысушыларының тәлімгері Виктор Романенко бір уақытта бірнеше бизнеспен қатар айналысып келе жатқандығын жеткізді. «Романенко» шаруа қожалығы – өңірдегі ең ірі қожалықтардың бірі. Кәсіпкер ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерін  өсіріп қана қоймай, мал, құс және шошқа өсірумен шұғылданады. Сонымен қатар, жоба қатысушылары екі сүт-тауарлы ферманың қызметімен танысты.

Теориялық курстарда кәсіпкерлерге бизнес-жоспарды, маркетингтік стратегияны және тиімді менеджментті дұрыс жасау туралы айтылады. Бизнес-тренерлер Александр Кузнецов пен Қайрат Оңғаровтың айтуынша, көптеген дәрістер мен тәжірибелік сабақтарда айтылған дүниелер қатысушылар үшін қызық әрі пайдалы болуда.

«Біз көптеген кәсіпкерлердің жоспарсыз жұмыс жасайтынын байқадық, яғни, қызметін көздерін жұмып бастай береді екен. Біз табысты қожалықтарды мысалға келтіріп, тиімді жұмыс жасау үшін алдын ала жоспарлап, бизнес-жоспар құру қажет екенін айттық. Тәлімгерлер жеткен жетістіктер туралы естіген кәсіпкерлердің көбі таң қалды. Олар бұл туралы қайта-қайта сұрап, тәлімгерлерден ақыл сұрады», – дейді бизнес-тренер Қ.Оңғаров.

Кәсіпкер Әлім Жәлелұлы да дәл осы пікірде. Шаруа қожалығының басшысы мал өсірумен айналысады. Әлім біліктіліктін арттыруға алғашқы рет қатысып отыр.  Мұннан алған білімін ол өз серіктестігіне пайдаланбақ.

«Бұл тамаша тәжірибе алмасу болып отыр және оқыту бір ай бойы өтетіні көңілді қуантады. Енді бізге даму жоспарын қайта қарап, жаңа стратегия әзірлеуімізге тура келеді. Бұрын біз жаңа технологиялар мен бизнесті дамыту әдістеріне мән бермеппіз, сол себепті, ескі әдістермен жұмыс жасап келдік», – деді ол.

Жоба бойынша оқыту ай соңына дейін жалғаспақ. Оқыту аяқталған соң, барлық қатысушыларға біліктілікті арттыру туралы сертификаттар табысталатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр жоба аясында облыстың төрт ауданында 65 кәсіпкер оқыған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер