astana-view

Шайдың дәмі жақсара түспек

2016 жылғы 22 Қыркүйек
- Алматы қаласы
6321 просмотров

Алматылық «Tea House» кәсіпорны жаңа өндірісті іске қосты

Қазақстандықтар ішетін шайдың әр үшінші кесесі – «Tea House» компаниясының өнімі! Компания өз порталында осындай дерек жариялап, бұл жетістігін мақтан тұтатынын жеткізді. Бүгін компанияға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, қала әкімі орынбасары Ерлан Әукенов, Алматы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов бастаған делегация мен мемлекеттік органдар өкілдері барды. Компания мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының қатысушысы болып саналады. Бүгін өндіріс қуатын 20%-ға арттыратын жаңа өндіріс желісі ресми түрде іске қосылды.  

«Tea House» ЖШС акционері Александр Гарбер мекеме туралы айтып берді. «Бұл қазақ-үнді кәсіпорны. Шай бойынша Қазақстан нарығында шамамен 36% үлесіміз бар. Біздің шай өте танымал және елімізде сүтті шай ішкенді ұнататындықтан, тек біздің сұрыптар ғана қою қара шай мен тіл үйірер дәм бере алады. Қазақстандықтар осы шайды ұнатады және біз мұны мақтан тұтамыз. Жыл сайын Қазақстандағы «Жыл таңдауы» сыйлығын алып, ресейлік байқауларда сапа бойынша бірінші орынды иеленіп келеміз. Шикізатты Үндістан мен Кениядан әкелеміз. Өндірістің қалған 50%-ы қазақстандықтардың үлесінде. Мұнда шай тазартылады, араластырылып, сығымдалады.  Кәсіпорында 308 адам жылына 365 күн жұмыс істейді, жұмыс 24 сағат бойы тоқтамайды. Зауыт төрт ауысым бойынша жұмыс жасайды.  «Даму» қорынан субсидия алып, қондырғылар сатып алдық. Ол өндіріс көлемін ұлғайтуға көмегін тигізді. Зауыттағы барлық өндіріс ИСО халықаралық стандарттары бойынша сертификатталған. Бұл сертификатты біз әр жыл сайын растаймыз, бізді жыл сайын тексереді. Айына 600 тонна өнім өндіреміз, ал жаңа желіні іске қосқан кезде 720 тоннаға дейін өнім алатын боламыз. Осының арқасында, экспорт көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде шайды Монғолия, Қытай және Ресейге жеткізіп келеміз».

Қазақстанда жеке шай өлшеу зауыты 2003 жылы салынған. Ол дистрибуцияны ыңғайландыру, логистиканы жандандырып, өндірістің барлық кезеңдеріндегі сапаны бақылауды күшейту мақсатында құрылған. Жоба әлемнің мамандандырылған қондырғылар өндіретін компаниялардың қатысуымен 2001 жылы аяқталған. Олардың арасында Bosch (Германия) және Marden Edwards (Ұлыбритания) да бар. Бүгінде «Tea House» компаниясы «Ассам», «Симба», «Наурыз», «Индира», «Тенгри» және т.б. шай брендтерін өндіріп отыр. 2004 жылы пакеттелген шай шығаратын екінші фирма өз жұмысын бастаған. Болашақта ең танымал шай  түрін шығару үшін IMA (Италия) секілді осы саладағы үздік қондырғылар таңдалған. Қала бойынша кәсіпорын ең ірі көлемде салық төлеушілердің қатарында. Зауыт жыл сайын жергілікті бюджетке жарты миллиардқа жуық салық төлейді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер