astana-view

Халықаралық тәжірибені зерделегенде...

2016 жылғы 23 Қыркүйек
7568 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агробіліктілік орталығы мен «Lac Holding» венгр холдингі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

«LAC HOLDING» – құрамына 50-ден астам кәсіпорынды біріктірген ірі венгерлік компания. Холдингтің ауылшаруашылық жобаларын жүзеге асыру бойынша тәжірибесі мол. Оның ішінде, аталған кәсіпорын агроөнеркәсіп кешенінің мамандарын даярлаумен және дайындықтан өткізумен айналысады. Холдинг құрылымында жоғары білікті кәсіби мамандар жұмыс істейді. Олар ондаған жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында білім берумен айналысып келеді.

АӨК саласындағы қазақстандық экстеншн жүйесін дамытудағы холдинг әлеуетін ескере келе, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Агробіліктілік орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.  «Меморандум аясында біз фермерлерге қажетті бірлескен оқу жобаларын іске асыруды қолға алмақпыз. Біздің мақсатымыз – агроөнеркәсіп кешені субъектілерін ақпараттық тұрғыда қолдайтын алдыңғы қатарлы халықаралық құралдарды енгізу. Меніңше, аталған меморандум қазақстан-венгер экономикалық қатынастарын нығайта түспек. Оның ішінде, екі елдің ауылшаруашылық өндірушілерінің өзара тығыз байланысын қамтамасыз ететін болады», – деді Агробіліктілік орталығының директоры Т.Рақымбеков.

Өз кезегінде, «Lac Holding»  холдингінің директоры Доди Петтер республиканың ауыл шаруашылығын дамыту және жетілдіру саласында табысты түрде бірлесе жұмыс жасауға мүдделі екендіктерін жеткізді. 

«Венгрияауыл шаруашылығы саласындағы білім беру базасы бойынша өте жақсы, тіпті көшбасшылық деңгейдегі көрсеткішке ие ел. Біздің мамандар осы салада зор жетістіктерге жеткен және олар сіздермен көп білімдерін бөлісе алады. Бүгінде қай саланың болмасын, ауыл шаруашылығы немесе басқа саланың негізі білімде жатқанына ешкімнің күмәні жоқ шығар. Біз осы бағдарламаға қатысқанымызға қуаныштымыз және осы ынтымақтастық екі ел арасын жақындатып, ауыл шаруашылығы саласында бұдан да тығыз  жұмыс жасаймыздеп сенеміз», – деді мәртебелі мейман.

Ескере кетер жайт, Агробіліктілік орталығы бүгінде «LAC HOLDING» сарапшыларымен жұмысты бастап та кеткен. Олар венгерліктермен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің АӨК субъектілерін ақпаратпен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыру шеңберінде бірлесе жұмыс жасауда. Мәселен, биыл «жүгеріні бидайға алмастыру» бағыты бойынша Венгриядан Ласло Хайду есімді сарапшы шақырылған. Маман қазақстандық фермерлерге кеңестер айтып, аталған бағыт бойынша оқу бағдарламаларды (әдіснама) жасауға және бірнеше семинарға қатысқан еді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер