astana-view

Кәсіпкерлер шағымына прокурордың жауабы

2016 жылғы 26 Қыркүйек
- Солтүстік Қазақстан облысы
5236 просмотров

Облыс прокуратурасында жыл басынан бері кәсіпкерлер құқығының бұзылуы туралы 39 дерек тіркелген

Жыл сайын Ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден келіп түсетін өтініштер саны артып келеді. Биылғы жылдың 9 айында СҚО КП мен оның филиалдарына 2564 өтініш келіп түскен. Бұдан бизнес қауымдастықтың палатаға деген сенімін аңғаруға болады. Десе де, бұл әлі де шешілмеген көптеген мәселелердің бар екенінің айғағы. «Түйткілді мәселелер қатарында көш бастап тұрған «үштік» бар. Олар жер қатынастары, салық әкімшілігі, табиғи монополиялар субъектілері. Кәсіпкерлер палатасы барлық бағыттар бойынша жұмыс жасауда. Нәтижелер де жоқ емес. Алайда, кейбір мәселелер егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді», – деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.

Сондай-ақ, бақылау-қадағалау органдары мен БАҚ қызметкерлерінің қатысуымен өткен өңір кәсіпкерлерінің есеп беру кездесуінде прокуратура басқармасының 1-бөлім прокуроры Айтуған Қаскербаевқа сөз берілді.  Оның айтуынша, жұмыс үш басты бағыт бойынша атқарылып отыр. Олар – бақылау-қадағалау органдары тарапынан кәсіпкерлерге қысым көрсетуді азайту, әкімшілік кедергілерді жою және бизнесті жаппай дамыту. «Биыл прокуратура органдарында шағын және орта бизнес субъектілері құқықтарының бұзылуы туралы 39 дерек тіркелді, олардың 21-і расталды. Олар бойынша тиісті іс-шаралар қолға алынып, кәсіпкерлер құқығы қорғалды», – деді  Айтуған Қаскербаев.

Сонымен қатар, ашық пікірталас алаңында бизнес-саласында көп талқыланған ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жаңа қаулысы туралы да айтылды. Ол бойынша кәсіпкерлер жұмыспен қамту органдарына қажетті мамандықтар мен бос жұмыс орындары туралы есеп беруге міндеттелген.  Алғашқы есепті қазанның 1 күні ұсыну керек екенін ескере отырып, бизнесмендердің көкейінде көптеген сауалдар туындаған. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиевтің айтуынша, Палатаның басты мақсаты – ШОБ субъектілеріне арналған құқықтық актінің орындалу процедурасын түсіндіру. Бұл кәсіпкерлерді әкімшілік алымдардан сақтап қалу үшін жүзеге асырылуы тиіс. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер