astana-view

Үкімет «Атамекенге» қолдау танытты

2016 жылғы 27 Қыркүйек
9161 просмотров

Бизнестің дамуына кедергі келтіретін бірқатар мәселелер Үкіметтің назарында болады

Жауапты жеткізушілердің мүдделері зардап шегетін қазыналық қысым, мемлекеттік сатып алуларды өткізу ережелеріндегі ауытқушылықтар, несиелердің қымбаттығы мен қолжетімсіздігі, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған кейбір мемлекеттік бағдарламаларды қайта қарау қажеттігі – осы және өзге де түйіткілді мәселелер Қазақстан Үкіметінің жиналысында қаралды. «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өз баяндамасында бірқатар өзекті тақырыптарды сөз етті. Мәселен, Үкіметтің тапсырмасы бойынша Қазақстанның әр облысында мемлекеттік сатып алулар және «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы өткізетін сатып алулар саласында отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі жұмыс комиссиясы құрылған болатын. «Атамекен» таратқан мәліметтер бойынша, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Алматы облыстарындағы комиссиялар тиімді жұмыс істеуде. Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдіктерінде қазірше өте жоғары белсенділік көрсетіп отыр, ол жақтарда отандық тауар өндірушілермен жасалған шарттардың жалпы сомасы 41 млрд және 30 млрд теңге. Оған қоса Шығыс Қазақстан облысындағы комиссия Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын тарта отырып, салынып жатқан нысандарға посттендерлік бақылау жүргізуде. Абылай Мырзахметов Шығыс Қазақстан өңірі атқарып жатқан жұмыстардың әлсіз тұстарын да сөз етіп өтті, «өйткені қорытындылар бойынша жұмыс комиссиялары шеңберінде жасалған шарттардың нәтижелері жоқ».

Мемлекеттік сатып алулар саласына айтылар сын көп. «Өткізіліп жатқан сатып алулардағы жүйелік мәселе – бас мердігерлердің қосымша бөлшектерді, құрал-жабдықтарды өз көзқарасы бойынша, импорттық өндірушіге таңдау жасау арқылы сатып алулары. Мұндай жағдай сатып алулардың барлық салаларында байқалады», – деді Абылай Мырзахметов.

Мәселен, Тараз қаласында «Рахымов пен Жұбанышев көшелері бойынша М-5 жылу магистралін қайта құрылымдауда жалпы сомасы 450 млн теңге болатын отандық өндірушінің құрал-жабдықтары салынған. Көрсетілген нысан бойынша «Бемер Арматура» компаниясы, Өскемен арматура зауыты, Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты сынды бірқатар өндірушілер жабдықтарды пайдалану бойынша бас мердігермен өзара түсіністікке келе алмай отыр. Бұл жобада басымдық жеткізуді орындап қойған «Nimkaz Trade» ЖШС-на беріліп отыр. Алайда «Атамекен» ҰКП-ның мәлімдеуі бойынша, бұл компания отандық өндірушілер тізілімінде жоқ. Отандық өндіруші кәсіпорындар тобы қалалық ЖЭО-2 қайта құрылымдалып жатқан Алматыда да өз құнынан төмен бағада өнім жеткізіп бере алатын еді. Алайда стратегиялық маңызды жобаның бас мердігері «ЖЭО-2 жаңғыртуда қарастырылмаған жабдықтарға таңдау жасау арқылы», неге екені белгісіз, отандық өндірушілерді қолдаудың айқын мүмкіндігін елер емес.  «Осыған орай бас мердігерлердің жергілікті құрам үлесін қамтамасыз етулерін бақылауды күшейтуді ұсынамыз», – деді Абылай Мырзахметов.

Фармацевтикалық өнімдерді сатып алулар саласына да өзгерістер қажет. Осыны сөз ете отырып, ҰКП Басқарма басшысы «алдын ала төлеу механизмін қайта қарау мәселесі шешілмей қалғандығын» атап өтті. «Әлі күнге дейін жеткізушілерге жеткізілген өнім үшін ақы алдын ала төлемсіз, 90 банк күні өткеннен кейін төленеді, ол 4 айдан астам мерзімге тең», – деді ол.

Тендерге қатысушыларды «СҚ-Фармация» ЖШС-на дәрі-дәрмекке деген сұранысты жоспарлаудың тиімділігінің төмендігіне байланысты, сатып алулар көлемінен 25%-дан асатын сатып алынған өнімдерді кез келген сәтте жеткізушіге қайтарып беру құқығын беретін норма алаңдатып отыр.

«Оған қоса Қазақстанның Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің дәрі-дәрмектерді сатып алуларға қатысты жаңа ережелерінің жобасында жасалған шарттарда кәсіпкерлерге жеткізуді орындаудың кез келген кезеңінде өнімдердің көлемі мен бағаларының өзгеруі мүмкін екені айтылған. Бұл тәжірибе бір де бір салада және мемлекеттік сатып алулар жүйесінде қолданылмайды», – деді Абылай Мырзахметов.

Сонымен қатар, аванстық төлемдердің болмауы кәсіпкерлердің қаржы жоғалтуына әкеп соқтырады, сол арқылы олардың пайда көруі мен бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Сондықтан «Атамекен» министрлікке ҰКП-мен және басқа да осыған мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, «аталған мәселелердің шешімін әзірлеуді» тапсыру қажет деп санайды.

Отандық бизнесті қорғау ісінде Үкімет пен «Атамекен» ҰКП тізе қоса қимылдауы табыстылығын байқатуда. «Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында, Бақытжан Әбдірұлы (Сағынтаев – ҚР Премьер-министрі –  авт.), ҰКП ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен және салалық қауымдастықтармен бірлесе отырып, фармацевтикалық саладағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғап, «СҚ-Фармация» ЖШС және дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдарды жеткізушілер арасында туындаған сот ісін бейбіт реттеу нәтижесінде 2000-нан астам жұмыс орны мен 7 млрд теңге сақтап қалынды», – деді Абылай Мырзахметов.

Қолданыстағы заңнамадағы индустриалды сертификатты бекіту мәселесі ашық күйінде қалуда. Абылай Мырзахметов «мемлекеттік органдар индустриялды сертификат идеясын қолдағандығын» айтып өтті. Бірақ, соған қарамастан, оны мемлекеттік сатып алуларда іске асыру мәселесі «түрлі себептерге, соның ішінде бюрократиялық себептерге байланысты шешілмеуде». Оған қоса, индустриялды сертификатқа өту ережесі бойынша министрліктерде түрлі пікірлер пайда болуда. «Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан ДСҰ-ның жаңа мүшесі, сондықтан республикамыз ДСҰ-ға мүше елдердің жіті назарында болғандықтан, кәсіпкерлік субъектілері үшін индустриалды сертификат енгізу орынсыз деп санайды. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі индусриалды сертификатты мемлекеттік сатып алуларда пайдаланбай, тек қана квазимемлекеттік секторға енгізу қажет деген көзқарасты ұстануда», – деп нақтылай түсті ҰКП Басқарма төрағасы және Үкіметтен «осы мәселені заңнамалық деңгейде шешуге көмектесуін» сұрады.

Бәрінен де қазыналық органдардың жұмысы кейітеді. 2015 жылдың 1 жарты жылдығымен салыстырғанда, 2016 жылдың 1 жарты жылдығында жоспардан тыс салықтық тексерістердің саны 16%-ға артып кеткен.

«Өкінішке қарай, біздің талдауымыз экономикалық қылмыстардың 20%-ы ғана сотқа жететіндігін көрсетіп берді, ал қалған 80% жағдайда кәсіпкер жазалау машинасына ілігіп кеткен, яғни шоттарын оқшаулау, соған сәкес жедел тексеру және т.с.с», – деді Абылай Мырзахметов.

Сондықтан «Атамекен» ҰКП Үкіметке кезекті рет «кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі келтіргені үшін мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру» туралы ұсынысын білдірді, бұл «тежегіш фактор» ретінде қызмет атқарар еді. Мысал ретінде Абылай Мырзахметов Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығыс-сүт» компаниясын тексеру нәтижелерін келтірді. «Мұнда 13 миллионнан астам теңгені салық талабы ретінде есептеген, ал істі қарау барысында аталған талап бар-жоғы 2 млн теңге ғана болған. Ірі кәсіпорынның басшылары қандай күйде болғандығын елестетуге болады», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы.

Шағын және орта бизнес үшін несиеге қол жеткізу қиындау болып тұр. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысушыларды субсидиялау бойынша құбылмалы мөлшерлеме енгізуді ұсынды. «Бүгінгі таңда біз 19%-дық мөлшерлеме қойдық, бірақ ол икемді емес. Сондай-ақ қор нарығын, купондық сыйақыны субсидиялау мәселелерін қарауды ұсынамыз. Қазіргі таңда Мәжілістен осы жұмысқа қолдау танытуларын сұрап отырмыз», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

Одан бөлек, «Атамекен» «Бизнестің жол картасы-2020» негізінде іске асырылып жатқан жобалардың тиімділігін бағалау параметрлерін қайта қарауды ұсынды. «Күрделі экономикалық кезеңде кәсіпкер салық өсімін, жұмыспен қамтуды, өндіріс өсімін қамтамасыз етуі қажет. Біздің ойымызша, қазіргі жағдайда бұл соншалықты оңай шаруа емес, жобаны тиімді деп бағалау үшін осы көрсеткіштердің бірі жеткілікті болар еді», – деген ұсыныс білдірді Абылай Мырзахметов. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП бизнесті қолдау және сауықтыру бағдарламасына қайта оралуды ұсынды. Осыны сөз ете отырып, Абылай Мырзахметов аталған бағыттың өзектігі екендігін атап өтті. Өйткені ірі бизнестің жағдайы көбінесе қызмет көрсетумен немесе ірі кәсіпорындар үшін мердігерлік жұмыстармен айналысатын шағын және орта бизнес компанияларының табысты жұмыс істеуіне тәуелді екені айқын.

Өз кезегінде Қазақстан Үкіметі аталған мәселелерді қоштады. «Негізінде Абылай Исабекұлы ауқымды мәселелерді көтерді. Олардың барлығын қарау қажет», – деді Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.

Осыған байланысты Үкімет басшысы бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға тексеру жүргізуге тапсырма берді. «Егер қайта форматтап, қайта құру қажет болса, іштен-ақ көп қаржы тауып, отандық бизнесті несиелеуге қосымша бағыттай аламыз», – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге «қосымша шаралар өткізу» тапсырылды. Бақытжан Сағынтаев «екі аптадан соң әр тармақшаның орындалуын қайта қарап, солар бойынша шаралар жоспарын құрып, бақылауға алатындығын» айтты.

Одан бөлек, Премьер-министр «Атамекеннің» жетекшілігімен келтірілген статистиканың мемлекеттік органдардан келетін статистикаға қарағанда шындыққа жақын екенін атап өтті.

«Мына жерде, Қуандық Уәлиханұлы (Бишімбаев – ұлттық экономика министрі – Авт.), деректеріңіз индустриалды аймақтар бойынша Абылай Исабекұлы айтқан сандармен сәйкес келмейді. Әрине, бұл жерде мен «Атамекенге» көбірек сенемін, өйткені бизнеске боямалаудың қажеті жоқ, барын айтады. Ал біз өңірлер мен министрліктер беретін сандарға көбірек сенеміз», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Талқылауды түйіндей отырып, Премьер-министр бизнестің дамуын ғана қолдаудың маңызды емес екенін, оған қоса, салықтар, құрылатын жұмыс орындары, өнім көлемі түріндегі қайтарымды да есептеу қажеттігін атап өтті. «Әсіресе, біздің шикізаттық тауарларымыздың бағасы арзандап кеткен тұста», – деді Бақытжан Сағынтаев.

ЖанарСердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер