astana-view

Газды қашан береді?

2016 жылғы 28 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
10991 просмотров

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалының немқұрайлығынан өңірдегі 500-ден астам абонент газсыз қалып отыр

Газ саласында жұмыс істейін қызылордалық компаниялар Палатаға көмек сұрай келіпті.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасына газбен жабдықтау саласындағы жобалық және құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысатын кәсіпкерлерден тағы да өтініш түсті. Атап айтсақ, олар келесі компаниялар: «КомпанияГазСтрой» ЖШС, «Газреммонтаж» ЖШС, «Kaz-Gaz құрылыс» ЖШС, «НұрГазСервис» ЖШС, «БақНұрлыГаз» ЖШС, ТОО «ҚызылордаНұрДанПлюс» ЖШС, «Қызылорда Газ Монтаж - LTD» ЖШС, «Мирас Холдинг»ЖШС.

Алғаш рет кәсіпкерлерден шағым тамыз айында келіп түскен. Олардың айтуынша, «Қазтрансгазаймақ» АҚ-ның облыстық филиалы жеке және тұрғын үй секторларына, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарына табиғи газ қосу және оларға ары қарай техникалық қазмет көрсету бойынша бас мердігер ретіндегі міндеттерін өзінің үлескер компаниялары – «Зенит ТВК» ЖШС мен «Қызылорда – ҰБӨО» ЖШС-ға жүктеген, лицензиясы мен рұқсат құжаттары бар басқа компаниялар аталған серіктестікте қосалқы мердігер ретінде жұмыс істеуге мәжбүр.

Оған қоса филиал арнайы бұйрық шығарған. Оған сәйкес, өтініштерді қарау және рұқсат беру мерзімі 70 күнге дейін созылады. Алайда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның қызылордалық филиалының бас мердігері саналатын «Зенит ТВК» ЖШС және «Қызылода-ҰБӨО» ЖШС-на аталған бұйрық жүрмейді, бұл өңірді газбен қамту нарығының басқа қатысушыларын ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр.

Аталған мәселе өңірлік палатаның 9 қыркүйекте өткен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесінде қаралған-ды. Отырыстың нәтижесінде «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиаланың әрекеттері қаншалықты заңға сай келетінін анықтау үшін облыстық прокуратурамен, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелстікті қорғау департаментімен, энергетика басқармасымен бірлесе отырып, тексеру жүргізу туралы шешім қабылданды. Кеңес өткізілгеннен соң екі күннен кейін филиал басшылары газ саласындағы компаниялардың өкілдерімен кездесіп, нәтижесінде өзара келісімге келді. Кездесу нәтижелері бойынша өзара келісім туралы хаттама жасалды. Онда қосалқы мердігерлердің барлық мәселелері шешілгендігі жазылған. Оған қоса, «ҚазТрангГазАймақ» АҚ филиалының басшылары газ компанияларының басшыларына жеке барып, олардың түйткілді мәселелері оң шешімін тапқандығы туралы қарсы өтініш жаздырып алған. Сондықтан да бұрынырақ берген өтініштерін қараусыз қалдыруды сұрайды.

«Алайда 17 қыркүйек күні, кәсіпкерлерден бұрынырақ берілген өтініштерді қарауды тоқтату туралы өтініштер келген соң, «ҚазТрансГаз» АҚ филиалының басшылығын қызметтерінен босатады, ал жаңа басшылық өзара келісім туралы бұрынырақ қол қойылған хаттаманы мойындаудан бас тартты. Осыдан кейін жергілікті кәсіпкерлер бізге қайтадан өтініш білдіре келді», – деп жағдайды түсіндіріп берді Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Дархан Мырзалиев.

Өңірлік палатаға келген компаниялар «ҚазТрангГаз» АҚ филиалы тарапынан келтірілген кедергілердің салдарынан абоненттердің тапсырыстарын дер кезінде орындай алмай отырғандықтарын, бұл халықтың наразылығын тудырып жатқандығын мәлімдеді.

«Біз қазіргі таңда газбен жабдықтау бойынша 50 абонентке қызмет көрсете алмай отырмыз. Бізден бөлек осындай күрделі жағдайға тап болған басқа да компаниялар бар, бұл дегеніміз – 500-600 абонент жүйеге қосуды күтіп отыр деген сөз», – дейді «Каz-Gaz Құрылыс» ЖШС директоры Ғибрат Байсейітов.

Енді Кәсіпкерлер палатасы облыс прокуратурасымен және тиісті құзырлы органдармен бірлесіп, тексеріс пен мониторингтік шаралар ұйымдастыруды жоспарлауда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер