astana-view

Келесі жылы ТОП-65 саудасы қызады

2016 жылғы 29 Қыркүйек
8570 просмотров

Бұл нысандардың сатылымы қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де қызығушылығын тудырып отыр

Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың «ТОП-65» деп аталатын 65 нысанының сатылымы 2017 жылы басталмақ. Нысандардың базалық құны 5 млрд теңгеге бағаланып отыр. «Оның ішінде 12-сі мемлекет жауапкершілігіндегі нысан болып есептеледі. Аталған нысандардың жалпы баланстық құны бір жарым триллион теңгеден асады, олардың 260 млрд теңгеге жуығы мемлекет меншігі болып саналады», – деп хабарлады Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Эдуард Өтепов. Қаржы министрлігінің өкілі сауданы бағалау және қолдау мақсатында халықаралық сарапшылар шақыралатынын жеткізді. «Олардың қатарында аудиторлық компаниялар бар. Бір айта кетерлігі, олардың барлығы «үлкен төрттік» қатарындағылар. Сонымен қатар, құқықтық компаниялар да бағалау рәсіміне қатысады», – деді Эдуард Өтепов.

ТОП-65 нысанның қатарында Атырау мұнай-өңдеу зауыты, Астана халықаралық әуежайы бар. Нысандар Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстандағы жекешелендірудің екінші кезеңі аясында сатылымға шығарылуы мүмкін.

Жалпы, 2014-2016 жылдардағы сатылым тізімі бойынша 622 нысанды жекешелендіру көзделіп отыр. 2016 жылдың 26 қыркүйегіндегі дерек бойынша сатылымда 509 нысан тұр, олардың ішінде 304-і сатылып қойған (нысандар қатарында 19 нысан мемлекет жауапкершілігіндегі нысан, 157 коммуналды, 81 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар  және  57 нысан холдингтерге тиесілі). Эдуард Өтепов ұсынған мәліметтер бойынша, республикалық бюджетке 7 млрд теңге, облыс бюджеттеріне  5,1 млрд теңге, холдингтерге 68,1 млрд теңге, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға 6,4 млрд теңге түскен. Комитет жетекшісі жекешелендірген нысандарды сипаттай келе, олардың көпшілігі жолаушылар және жүк тасымалы, қоғамдық тамақтану мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары екенін жеткізді. Нысандардың жаңа қожайындары көбінесе жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар, жеке тұлғалар мен ЖШС жекеменшігі сипатындағы нысандардың құрылтайшылары.

«Жекешелендіруден ешбір өңір сырт қалмайды. Алматы және Қостанай облысы кәсіпкерлері ерекше белсенділік танытты, ал ең көп нысанды сатқандар Жамбыл және Ақтөбе облыстарындағы әріптестер болды. Олар сатылымға шығарған нысандар коммуналдық нысан болып табылады», – деді Эдуард Өтепов. Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы «44 нысан әзірге сатылымға шығарылмағандығын, олар негізінен коммуналдық меншіктегі нысандар» екендігіне тоқталды. 2016 жылдың соңына дейін «нысандар  сатылымға шығарылады».

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер