astana-view

Мүмкіндік пен теңдік – егіз ұғым

2016 жылғы 29 Қыркүйек
- Жетісу облысы
7017 просмотров

Кәсіпкер мүгедек жандарды дәмханаға жұмысқа алып жатыр

Талдықорғанда алғашқы «Алатау» әлеуметтік дәмханасы жұмыс істейді. Бұл бастаманың авторы және басшысы – «Арухан групп» ЖШС директоры, әлеуметтік кәсіпкер Гүлвира Таубалдинова. Іскер әйел мүмкіндігі шектеулі жандармен бірге жұмыс істеп, оларға көмек қолын созуды бұрыннан армандап келген. Алайда, бұл істі қолға алу біраз уақыт мүмкін болмаған. Бірақ, 2013 жылы Гүлвира екі рет инфаркт алып, осы оқиға оның өмірін біржола өзгертеді.

«Мен сол кездің өзінде мейрамхана бизнесінде жұмыс істеп жүрдім. Айлық табысым да жақсы болды. Алайда басымнан  осы жағдай өткен кезде мен жұмыссыз, жалғыз қалдым. Маған 3-топтағы мүгедектік  берілген кезде, айына 17 мың теңге алып отырдым. Бұрын мұндай аз ақшаға күн көру мүмкін емес шығар деп ойлайтынмын. Алайда басыңа түссе, күн көруге болады екен. Сол қиын сәттерде маған Талдықорған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама бөлімінің басшысы Шайзада Базарбайұлы көмек қолын созды. Осылайша, мен зағиптар қоғамына келдім. Ол жерде «Инва такси» қызметінде диспетчер болып істедім», – дейді кәсіпкер.

Сол уақытта Гүлвира әртүрлі үкіметтік емес ұйымдармен күш біріктірген. Бірақ қаржылық тәуелсіздікті қалайды. Өйткені көптеген ұйымдардың қызметі гранттар мен жеңілдіктерге тәуелді. Сонымен, ол, өткен жылы жақындары мен қызметтестерінің қолдауымен «Арухан групп» ЖШС-ны ашты. Ал одан бұрын «Алатау» кафесін жалға алып, мүмкіндігі шектеулі жандарды жинай бастады. Ол осылайша мүгедектерге жұмысқа орналасуға көмектескісі келді.

«Жұмыспен қамту орталығы арқылы мүгедектерді жұмысқа шақыра бастадық. Сол 24 адамның ішінде жалғыз Мадияр ғана қалды. Өздеріңіз де білесіздер, көптеген адамдар жұмыс істегісі келеді, алайда барлығы алғашқы күннен бастап айлығын есептегенді қалайды. Біз сол кезде кафені енді ғана ашып жатқан болатынбыз. Сол себепті де кімнің қалай жұмыс істейтінін анықтау үшін тәжірибеден өткізу қажет болды», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ «Алатау» кафесіндегі іс-шаралардың барлығын мүгедек жандар өткізеді. Құрметті қонақтардың ішінде – «Асар», «Ерлік» қорлары, Зағип жандар қоғамы және басқа да ұйымдар бар. Сонымен қатар кафеде көмекке мұқтаж жандар үшін, тағамдар мен сусындарға жеңілдіктер қарастырылып, әлеуметтік ас мәзірі жүзеге асырылады.

Бүгінде Гүлвираның қарамағында бірнеше мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді. Солардың бірі – 23 жасар Мадияр. Туғанынан көзінен мүгедек жан Халықаралық бизнес академиясының экономика және қаржы факультетін тәмамдаған.  Алайда жұмыс берушілер, оның кемістігін білгеннен кейін, бірден жұмыс ұсынудан бас тартқан. Мадияр әлеуметтік кафенің арқасында тұрақты табыс таба бастады.

«Кафе туралы ортақ таныстарымыздан естідім. Жұмысымды даяшы болудан бастадым. Бүгінде мен қызметкерлерді және мекемені басқару мәселелерімен, мерейтойлар мен іс-шаралар өткізуге өтініш қабылдаумен айналысамын. Бізде тәжірибеден өту үш күнге созылады, одан сәтті өткеннен кейін, бір апта бойы ас мәзірін, келушілерге қалай қызмет көрсету керек екенін үйретеміз. Одан кейін бірден жұмысқа кірісе алады», – дейді Мадияр.

Енді кәсіпкердің жоспарында – бизнесті кеңейту мен дамыту тұр. Ол үшін Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері бизнес-жоспар құруға көмектесіп, мемлекеттік сатып алулар бойынша кеңес беріп жатыр.

«Палатасыз не істер едік, оларсыз қиын болар еді. Бұл жерде бізді жылы қарсы алып, хат жазуға, өтініш білдіруге көмектеседі. Мамандардан сатып алуларға қалай қатысу керектігін үйреніп жатырмыз. Алда тендерлерге өтініш беретін боламыз», – деп жоспарымен бөлісті кәсіпкер әйел.

Әлеуметтік кәсіпкер өз біліктілігін арттыруды ұмыт қалдырған жоқ. Ол  Алматыдағы әлеуметтік кәсіпкерлік туралы арнайы тренингтерге қатысып, білімін толықтырып жатыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер