astana-view

Агробіліктілік орталығы семинарлары – фермерлермен тікелей байланыс алаңы

2016 жылғы 29 Қыркүйек
7122 просмотров

Ауыл шаруашылығы ғылымдары докторының семинардан кейінгі пікірі: «Біз достарымызбен қимай қоштастық»

Бұзау өсіру технологиялары, генетикалық әлеуеті жоғары сиырларды азықтандыру, төл өсіру және оларды жоғары өнімді табындарда өcіру – осы тақыраптар АӨК сарапшыларының Қазақстан өңірлерінде өткізген семинарларына арқау болды. Бұл жолы фермерлерге дәрісті Бүкілресейлік мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жұмыс жөніндегі директоры, профессор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Николай Стрекозов пен қазақстандық сарапшы – профессор Әлидар Әлентаев оқыды.

Ресейден келген қонақ «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Агробіліктілік орталығы шеңберіндегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің біліктілігін арттыру бойынша өткізіп жатқан жұмысын жоғары бағалады. «Бұл шараға қатысу маған қызық болды. Бұл өте жақсы бағдарлама, дұрыс ойластырылған. Мамандар даярлау, төл өсіру мен технологиялар барысында орындауға тура келетін жағдайларды дұрыс түсіндіру – жақсы нәтижелер беруі тиіс», – деді Н.Стрекозов.

Сарапшы қазақстандық фермерлердің бұндай пікір алмасуларға қалмай қатысатындығын, көптеген сұрақтар қойып, өздерінің қызықты ойлары мен пікірлерін жеткізетіндігін атап өтті. «Екі жақты пікір алмасу жүреді: біз ғана айтып қоймаймыз, фермерлерді тыңдаймыз, олардың мәселелерін түсінуге тырысамыз», – деді ол.

Семинар барысында профессор Ресейдің сүтті мал шаруашылығы туралы айтып, ол жақтағы түйіткілді мәселелерді сөз етті. Негізінен экономика мен өнімдердің бағалық тепе-теңдігі, яғни өнім бағасындағы өндірушінің, өңдеушінің және сауданың үлесі сөз болды. Дәріс барысында Қазақстанда өндірілетін тұқымдардың, төл өсірудің артықшылықтары мен кемшіліктері талқыланды, яғни болашақ сиырдың ағзасына зиян келмеуі үшін төл өсіру жиілігі қандай болуы керек деген мәселе төңірегінде сөз қозғалды.

«Әңгімелесу кәсіби деңгейде өтті. Меніңше, пікір алмасу өте пайдалы болды. Біз достарымызбен қимай қоштастық», – деп атап өтті Николай Стрекозов.

Қазақстандық сарапшы әріптесінің отандық фермерлердің белсенділігі және талқыланатын мәселелердің өзектілігі туралы пікірін қоштады. «Халық семинарларға зор ықыласпен келеді. Олар қой өсіру бойынша да, етті сиыр өсіру бойынша да, жылқы өсіру бойынша да сұрақтар қойды. Біздің тақырыбымыз сүтті мал өсіруге қатысты болғандықтан, біз соған барынша басымдық бердік және бұзау өсіруге көп көңіл бөлдік. Қалай азықтандыру, өндіруші өгіздерді қалай дұрыс пайдалану керектігін айттық», – деп ойымен бөлісті сарапшы.

Ә.Әлентаев барлық жылдардағы Қазақстанға әкелінген импорттық жануарлардың бір де бір тайыншасының сатылмағанын айтты. «Бұл үлкен мәселе. Сондықтан «Атамекен» ҰКП бұзау өсіру тақырыптарын да қосуымызды сұрады. Мұны Палата ұсынды. Орташа статистикалық цифр мынандай: Қазақстанда 100 сиырдан 77 бұзау алынады. 77 төлдің 37-38-і тайынша, қалғаны өгіздер. Сол тайыншалардың барлығы сиыр болғанша өспейді, және барлығы жақсы сиыр бола бермейді. Сондықтан бұзауларды өсіру тақырыбы өте өзекті», – деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер