astana-view

Қарашығанақтағы ауқымды жобаларға кәсіпкерлер де қатысқысы келеді

2016 жылғы 30 Қыркүйек
- Батыс Қазақстан облысы
7083 просмотров

Бүгінде отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету және мемлекеттік органдар мен ірі жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың сатып алулары шеңберінде қазақстандық құрамды арттыру үшін біраз жұмыстар жасалуда

Алайда, көптеген кәсіпкерлердің пікірінше, жергілікті деңгейде көптеген түйткілді мәселелелер шешілмеген күйде қалуда.

Өңірлік палата жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті тауар өндірушілермен, әлеуетті тауар және қызмет түрлерін жеткізушілермен кездесулерін, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау шеңберінде мемлекеттік сатып алулар саласындағы жұмыс комиссиясының жиналыстарын өткізіп тұрады. Онда бизнес субъектілері өз мәселелерін ортаға салып, комиссия мүшелерімен бірігіп мәселені шешудің мүмкін болатын жолдарын іздейді. Өйткені тауарларды, жұмыстар мен қызмет түрлерін жеткізушілердің сатып алуларға және тендерлерге байланысты мәселелері саналуан. Әлеуетті жеткізушілер сатып алу рәсімдерінің жеткілікті деңгейде ашық жүргізілмейтіндігіне, тендерлерді өткізу туралы ақпараттардың жоқтығына, тендерлерді өткізудің нақты мерзімдерінің болмауына шағым айтады. Соған бола кейде бірнеше айдан бірнеше жылдарға дейін күтуге тура келеді.

Жергілікті кәсіпорындарға нақты көмектер көрсету үшін Палатада жер қойнауын пайдаланушылар үшін тұрақты түрде өнімдердің таныстырылымы өтіп тұрады. Аталған шараның мақсаты әріптестік құру үшін байланыстар орнату. Палата алаңында нақты тапсырыс берушілер мен әлеуетті жеткізушілерді біріктіріп, тапсырыс алуға қатысты нақты мәселені шешу тәжірибесі оң нәтижелер бере бастады. Мәселен, сондай отырыстардың бірінде Батыс Қазақстан облысындағы тігін кәсіпорындарының көшбасшылардың бірі «Тужилкин» жеке кәсіпкерлігі өз өнімін таныстырды. Тігін цехының өнімдеріне «Орал ойл энд Газ» ЖШС қызығушылық танытты. Компания тауар өндірушіге біржылдық ғана емес, ұзақ мерзімді келісім шарттар ұсынуға әзір.

«Қазіргі таңдағы Палатаның негізгі бастамасы – Батыс Қазақстан облысындағы ірі жер қойнауын пайдаланушының бірі – «Қарашығанақ петролиум оперейтинг БВ» компаниясына шығу, – дейді Өңірлік палатаның директоры Нұрлан Қайыршин. – ҚПО басшылығымен бірнеше кездесулер өткіздік, түбегейлі келісімге қол жеткіздік. Ендігі басты міндетіміз – ҚПО басшылығының әлеуетті жеткізушілермен және Батыс Қазақстан облысы кәсіпорындарымен кездесуін өткізу. ҚПО Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасын әзірлеуде, онда миллиардтаған доллар қаражат бөлінеді. Егер біздің жергілікті тауар, жұмыс және қызмет түрлерін өндірушілеріміз осы жобаларды жүзеге асыруға қатысатын болса, дұрыс болар еді», – дейді ол.

Міне, дәл осы мақсатта бизнес субъектілерінің, әлеуетті тауар, жұмыс және қызмет түрлерін жеткізушілердің «ҚПО БВ» компаниясының өкілдерімен кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу Қадыр Мырзаәлі атындағы мәдениет және өнер орталығында өтті. Шартты жұмыс және сатып алулар жөніндегі сектордың басшысы Раиль Валиев пен жеткізушілердің біліктілігі жөніндегі сарапшы Ғайша Длимова кездесуге қатысушыларға «ҚПО БВ» компаниясының сатып алулар, тіркеу және тендерлік процестерге қоятын талаптарын жеткізді. Бизнестің көптеген сұрақтары шешілмей қалғанына қарамастан, ҚПО БВ тарапынан жергілікті кәсіпкерлерге деген алғашқы қадамдардың жасалғандығы бизнесмендердің көңілдеріне медеу болды.

«Осындай кездесулер өткізіп тұратын Палатаға алғысымызды айтамыз, – деді «Зениттехсервис» ЖШС директоры Көшербай Айғожаұлы. – ҚПО БВ мен басқа да жер қойнауын пайдаланушыларға деген наразылық талаптарымыз қалды. Мәселен, техникалық ерекшеліктері жергілікті кәсіпорындар орындай алмайды. Еуропалық стандартқа сәйкестік сертификатына қойылатын талаптар біздің компанияларға келмейді. Оның үстіне кейбір мәселелерді ҚПО басшылығы қарауға кірісіп кетті, бұл кездесу жер қонауын пайдаланушылар жергілікті өндірушілерге назар аударады деген үміт ұялатады».

Жеткізушілер мен тапсырыс берушілерге көмек ретінде онлайн-жоба, яғни жеткізушілердің «Алаш» деген бірыңғай базасы әзірленді. «Algoritme KZ» ЖШС өкілдері аталған жобаның таныстырылмын өткізді.

«Алаш» –жеткізуші мен тапсырыс беруші (мұнай-газ жобаларының операторлары) арасындағы өзара қарым-қатынасты қамтамасыз етуге арналған ақпараттық портал. Бүгінгі таңда оған Қазақстанның 600-дей компаниясы енгізілді, оның 100-дейі Батыс Қазақстанның компаниялары, – дейді «Algoritme KZ» ЖШС-ның бизнесті дамыту жөніндегі директоры Марк Лу. – Бұл портал Қазақстанның үш ірі мұнайгаз операторымен бірлесе отырып жасалды. Үш компания да бірыңғай мәліметтер базасын қолданады, бұл сатып алу жүйесін жеңілдетіп, әлеуетті жеткізушілердің мүмкіндіктерін кеңейтеді».

Маркетинг жөніндегі менеджер Бақытгүл Болатқали мен тіркеу бөлімінің менеджері Бақытгүл Қуаталиева порталдың артықшылықтары туралы айтып, онлайн режимде «Алаш» платформасына тіркелуді көрсетіп берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер